2003
* 3 маусымда Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде 2003-2008 жылдар аралығына арналған Қазақстан – Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары достық және тату көршілік туралы Бірлескен декларацияны бекітті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 4 маусым күнгі нөмірінде «Қазақстан – Қытай: өзара тиімді байланыс баянды бола береді» тақырыбымен мақала жарық көрді.
* 5 маусымда «Оқжетпес» санаторийінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің кезекті, тоғызыншы отырысы өтті. Жиында Президент Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жетілдіру тұрғысында сөз сөйледі.
* 24-27 маусым аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Канадада ресми сапары болып өтті. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Канаданың Генерал-губернаторы, елдің Жоғарғы бас қолбасшысы Эдреан Кларксон ханыммен және Премьер-министр Жан Кретьенмен кездесті. Сондай-ақ, Елбасы Канаданың Калгари қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысып, сөз сөйледі.
* 28 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға қысқа мерзімді жұмыс сапары болды. Елбасы Франция Президенті Жак Ширакпен келіссөздер жүргізді.
* 2 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңға қол қойды.
* 5 шілдеде Алматыда Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының жоғары дәрежелі кездесуі болды. Кездесуде бірнеше құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы өзара қарым-қатынаста болуға ынталандыра отырып, туыс елдердің мүддесіне сәйкес келетін саясат жүргізуді жалғастыру және осыған жауап беретін қағидаларды жақындастыратын Бірлескен мәлімдеме болды.
* 10 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2014-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды.
* 28 тамызда Алматыда теңізге шығатын жолы жоқ және тасымал жолында орналасқан дамушы елдер министрлерінің, сондай-ақ, транзиттік тасымалдар саласындағы ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен БҰҰ аясындағы конференция өз жұмысын бастады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
* 5 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған мерекелік шаралар басталды.
* 8 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен Румыния президенті Ион Илиеску келді. Ертеңіне мәртебелі қонақты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз резиденциясының алдында қарсы алды. Екіжақты кездесудің қорытындысында үш құжатқа – Қазақстан мен Румыния арасындағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы декларацияға, малдәрігерлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі құралдары айналымына, лаңкестік және басқа қауіпті қылмысқа қарсы күрес туралы келісімге қол қойылды.
* 12-15 қыркүйек аралығында Махамбет Өтемісұлының ЮНЕСКО шеңберіндегі 200 жылдық мерейтойы болып өтті. Ақын мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуіне Елбасы ерекше мән берді. Айтулы шара барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет мемориалдық кешенінің ашылуына қатысып, ескерткіштің жамылғысын өзі түсірді. Осында тәуелсіздік туын көтерген тұлғалар туралы сөз сөйледі. «Махамбет туралы айтқанда оны Исатайдан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Махамбеттің өзі жырлайтындай, «Исатай – басшы, мен – қосшы». Екеуі де батыр, отаршыл озбырлыққа қарсы халық наразылығының ұйымдастырушылары», деді Елбасы. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 16 қыркүйек күнгі нөмірінде «Махамбет ұлт атынан тіл қатады» тақырыбымен мақала жарияланды.
* 23 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бірінші құрылтайының ашылу салтанаты болды. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Біз сақтап әрі нығайтып отырған этносаралық және конфессияаралық татулықтың түбегейлі әрі ауқымды өзгерістерді серпінді түрде жүргізуге мүмкіндік берген, саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы табыстарымызды қамтамасыз еткен іргетас болғанына сенімім кәміл», деді Қазақстан Президенті.
* 24 қазанда Алматыда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Йонг Вук Лиді қабылдады. Басқосуда Қазақстанда денсаулық саласына қатысты атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы сөз болды.
* 6 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Сингапурге мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында Елбасы Сингапур Президенті Селлапан Рама Натан және Премьер-министр Го Чок Тонгпен кездесті.
* 11-12 қараша күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Филиппинге мемлекеттік сапары болды.
* 13 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Оңтүстік Кореяға барды. Сапар шеңберінде осы елдің Президенті Но Му Хенмен кездесті.
* 8 желтоқсанда Н.Ә.Назарбаев екі күндік ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасына барды.
* 13 желтоқсанда Астанада ел Тәуелсіздігінің 12 жылдығына арналған салтанатты жиын болды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады.
* 22 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хурал Төрағасы Санжбэгз Томор-Очир бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты байланыстың даму деңгейіне, әсіресе, өзара саяси қарым-қатынас саласындағы байланысқа қанағаттанатындықтарын білдірді.
*25 желтоқсанда Астанада Президент Н.Ә.Назарбаев Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевпен кездесті. Кездесуде Елбасы өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияны дамыту мен нығайтуда Қырғыз Республикасының Қазақстан үшін сенімді әріптес болып қала беретініне баса назар аударды.