Шымкенттегі «Көрме» орталығында «AgriTek-2016» V халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы негізінен аграрлы аймақ болғандықтан мұндай көрмелердің өткізілуі өте маңызды. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, лентасын қиды. Өңір басшысы көрмеге әкелінген тұқым бақтарының жаңа сұрыптарымен танысып, облыс жағдайында егуге болатындығына таңдау жасады. Бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Көрмеге шетелдік компаниялар да өз өнімдерін ұсынды. Олар ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, қосымша бөлшектер, суару және тыңайтқыш технологиялары, тұқым сұрыптары, егістікті, мақталықты түрлі зиянкестерден қорғайтын дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, ветеринарлық технология және жылыжай өндірісіне қажетті жабдықтарды таныстырды. Облыс әкімі көрмені аралау кезінде отандық тауар өндірушілердің өз өнімін сыртқы нарыққа шығару тетіктерін ойластырып, бәсекеге қабілетті болу мәселелері жайында ойын бөлісті.
Осында шетелдік технологиялармен қатар өз ғалымдарымыздың да ғылыми ізденістерінің куәсі болдық. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, доцент Нұрлыбай Манабаев бастаған ғалымдар тракторға сүйретпе құрылғыны таныстырды. Шаруалар үшін қолайлы қондырғының жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мұны индустриялық аймақта жасауға мүмкіндік бар екендігін айтты. Бүгінде тек Шымкенттің өзінде үш ірі индустриялық аймақ табысты жұмыс жасап жатыр.
Жалпы, «AgriTek-2016» көрмесі халықаралық нарықтағы жаңа технологияларды ұсынуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне жақсы пайдасын тигізіп жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент