• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2016

ОҚО-да тұрмыстық қалдық полигондары жөнделді

324 рет
көрсетілді

Облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен кезекті селекторлық жиын өтті, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі. Басқосуға басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе - бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың сапасы мен қатты тұрмыстық қалдықтардың полигондар орындары жайы қаралды. Жиында сөз алған ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев салада атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Айтуынша, басқарма тарапынан 2016 жылы облыстың аудан, қалаларында салынып жатқан құрылыс нысандарына 1769 рет тексеру жүргізіліп, оның өзге де түріндегі бақылау және қадағалау ұйымдастырылған. Нәтижесінде, ғимараттарда анықталған кемшіліктер бойынша 672 нұсқама берілсе, нұсқамамен жойылмаған олқылықтар бойынша және құрылыс нысандарының сапасын тексеріп беру туралы арыз-шағымдарға сәйкес, 535 тексеру тағайындау актілері ашылған. Мұнан соң, күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондар орындарының қазіргі жағдайына талдау жүргізіп, 2008-2015 жылдар аралығында қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 44 полигонға құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендірілгенін хабарлады. «Қазіргі таңға 844 елді мекен 176 полигон орнымен қамтылған. Алайда, елді мекеннен полигонға дейін 400 метрден 90 км-ге дейінгі ара қашықтықты құрап отыр. Оның ішінде, 259 ауыл бойынша 20 км-ден 100 км-ге дейін ара қашықтықта. Яғни, бұл елді мекендерде тұрмыстық қалдықтар бей-берекет тасталуда деген сөз», - деді басқарма басшысы. Мақтаралда небәрі 4, Шымкентте 2 ғана қоқыс полигоны барын жеткізген М.Отаршиев облыстағы бірқатар аудан, қалаларда қоқыс орындарының жеткіліксіздігін, бұл мәселені реттеуде жергілікті атқарушы органдардың асықпай отырғанын алға тартты.  Тазалықты сақтау мәселесіне қатысты ойын білдірген облыс әкімі сенбіліктерді тұрақты өткізіп отыру мәселені шешпейтінін ескертіп, бұл жайды реттеу үшін арнайы мекеменің айналысуы керектігін жеткізді. Басқарма басшысының баяндамасын қанағаттанарлықсыз деп есептеген әкім аудан, қалалардағы шашылып жатқан қоқыстарды жинап, отандық және шетелдік қонақтар келгенде ұялмайтындай жағдай жасау қажеттігін, көпқабатты үйлердің кіреберістерін (подъезд) таза ұстап, жарықтандыру мәселесін қатаң тапсырды. Бұл жұмыстарға барлық құрылымдардың жаппай атсалысуы қажеттігін ескерткен Ж.Түймебаев қоқыстарды жинауға 3 күн мерзім берсе, әжетхана салуға 1 апта, кіреберістерді реттеуге 2 апта уақыт берді. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін облыс əкімі тиісті нысандарды ескертпестен аралайтын болады.