• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2016

«Хат қоржын»

369 рет
көрсетілді

Оқырман ...жаңалығын жеткізеді Макарон өнімі экспортқа шықты Жамбыл облысындағы «Ақтоған» шаруа қожалығында украиналық және италиялық ұн өнімдерін әзірлейтін өндіріс ошағы өнімнің жаңа түрін шығаруды қолға алды. Бұл жайында жас маман Шамиль Өзбеков былай дейді: «Біздің цех макарон өнімдерінің 25 түрін шығарады. Тәулігіне украиндық желі 10 тонна дайын өнім береді, ал итальяндық – бес тонна. Аталған кәсіпорында жалпы саны 25 адам жұмыс істейді. Өнім Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына жеткізіледі. Өнімдер көтерме бағалармен сатылымға шығарылады, олардың бір килосы – 125 теңге, ал бес килолық қаптама 525 теңгеге бағаланған. Кәсіпорын жыл аяғында етке арналған жайма әзірлеуді жоспарлап отыр». Шаруа қожалығының басшысы Сейт-Хасан Ахаев еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болса, келешекте ұнның сапасы жоғары стандартқа сәйкес болу керек екенін жақсы біледі. Сондықтан бұл өндіріс цехына «Оzehnik distsika» түрік фирмасының бидайды автоматтандырылған ылғалдандыру қондырғысы және Австрия, Испания, Украина, Ресейде шығарылған компьютерлі автоматтандырылған қондырғылар орнатылған. Макарон шығару қондырғылары өте сапалы. «Ақтоғанның» сапалы өнімдеріне бірнеше жылдан бері сұраныс азайған емес. Себебі, мұнда санға емес, сапаға жұмыс жасалып жатыр. Қашанда сапалы өнім алға шығары сөзсіз. Қазақстанда жасалған деген марканы қалыптастырып жатқан бидай өнімдері тек Қазақстан емес, алыс-жақын шетелдерге де экспортталып жатыр. Айман МҰҚЫШЕВА Жамбыл облысы   ...өтініш білдіреді Тыл майданның тірегі еді Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жылдан асса да, сол сұрапыл кезде елде Отан үшін жанқиярлықпен еңбек еткен жандардың еңбегі өз дәрежесінде бағаланбай келе жатқаны жасырын емес. Жеңістің айтулы мерекесіне орай, соғыс кезінде елде еңбек еткендерге «Тыл ардагері» атты мәртебе берілгені белгілі. Шынында да ауыл еңбеккерлері Отанға деген сүйіспеншілігін білдіріп, тылдың тамаша бір­лігін көрсетті. Тыл майданның ажырамас, мызғымас тірегі болды. Соғыс ардагері Отан үшін қан төксе, тыл ардагері солардың қажетін қамтамасыз ету үшін тер төкті. Әрине, ешқандай жәрдем, көмек жоқ деуден аулақпыз. Елімізде әкімдердің, мекеме басшыларының, ардагерлер кеңесінің, басқа да қоғамдық ұйымдардың бас болуымен атаулы күндерде бас қосып, жылы сөздерін айтып, сыйлықтарын беріп, құрметтеп жатады. Оған да шүкіршілік. Мен өзім тоқсанға жақындап қалған қарияның бірімін. Айтпағым, қазір сол тірілердің қатарында жүрген тыл ардагерлерінің көбінің бойынан әл-қуаты кетіп, екінші біреудің көмегіне зәру болып қалды. Қоғамдық көлікті де тегін пайдалана алмайды, дәріні де сатып алады. Сондықтан «ештен – кеш жақсы» дегендей, тыл ардагерлерін соғыс ардагерлеріне теңестіріп, үкімет тарапынан заңды түрде материалдық көмек көрсетулерін сұраймыз. Неғметолла ҚҰСАЙЫНОВ, тыл ардагері Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылы   ...ойын бөліседі Мұратымыз – «Мәңгілік Ел» «Мәңгілік Ел» идеясы – ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, халықты бүгін де, ертең де құлшындыратын ізденіс пен серпілістің үйлесімі. Бұған жетудің негізі – білімді ұрпақта. Білім барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Елбасымыздың: «Біздің халықтың басым бөлігінде алғырлық пен сезімталдық бар, егер сенің мақсатың жасампаздыққа, жақсартуға бағытталса, онда халық әрқашан сені қолдайды», деген елге сенімі Күлтегін бабамыздың «Халқына бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды» деген ойымен астасқандай. Бұдан шығаратын қорытынды, халық пен биліктің арасында алшақтық болмай, жарасымды сыйластық, бірлік болуы қажет. Мұратсыз ұлт та, мемлекет те болған емес. Ол бізде де бар. Ол – мәңгілікке бірге қанат қағу. «Мәңгілік Ел» ұстанымы бізді бір болуға, мызғымас ел болуға, алынбайтын қамалдай кез келген сынға төзімді болуға жетелейтін жаңа тізгін сияқты. Мен өз елімнің жарқын болашағына, асыл мұратының жемісті болуын­а, әлемнің картасынан ойып орын алуына аналық жүрегіммен жыр жолын арнаймын: «Мұраты бір, мақсаты бір қазақпыз, Мәңгілік Ел ұстанымын жасаппыз. Бүгінім мен ертеңімді жалғайтын, Қазақ елі қос қанатты пырақпыз». Гауһар АБЛАКИЕВА, №62 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Қызылорда облысы   ...ұсыныс жасайды Еңбегі ескерілсе дейміз Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 1975 жылы Алматы облысындағы бұрынғы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданы аумағынан төрт совхоз құру жөнінде үкімет қаулысы шыққан болатын. Соның біреуі – Қақпақ ауылы мен Текес ауылының арасындағы Тегістік қой совхозы еді. Елді мекен жоқ жерде құрылған жаңа совхозға Төлеген Жұманов 1975 жылы директор болып тағайындалды. Бұған дейін Т.Жұманов Ленин атындағы колхозда ферма зоотехнигі, бөлімше меңгерушісі және ХІХ партия съезі атындағы колхозда бас зоотехник болып қызмет еткен. Тың жерден ұйымдастырылған совхоздың басқа да түрлі жұмыстары біраз қиындықтар туғызды. Маман-кадрларды іріктеу, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, малды қыстауларға бөлу, қысқы мал азығын жеткізу, малшылардың қыстаудағы үйлерін жөндеуден өткізу сияқты қыруар жұмыс атқарылуы керек болды. Тынбай еңбек етудің нәтижесінде біраз жұмыс тындырылды. Мамандарға арналған тұрғын үй мен 640 орындық мектеп салына бастады. Астық қоймасы, машина-трактор шеберханасы және екі қабатты әкімшілік ғимараты бой көтерді. Алғашқы екі жылда қой саны 55 мыңға жетіп, әр жүз саулықтан 90-92 бастан төл алынып, 6000 бас мал бордақылайтын қора пайдалануға берілді. Шаруашылық мемлекетке ет пен жүн өткізу жоспарын үнемі орындап отырды. Совхоз құрылған жылы сол ауылда туған айтыскер ақын Ораз Досбосыновқа алғаш демеушілік көрсетіп, болашағына жол ашқанын айта кету де орынды. Айтпағымыз – ауылдың алғашқы қазығын қағып, біраз жыл елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азамат Төлеген Жұмановтың еңбегі бағаланып, осы ауылдан ол кісіге бір көшенің аты бұйырса дейміз. Беркін ӘКЕБАЕВ Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тегістік ауылы