• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2016

Брест бекінісінің белгісіз беттері

401 рет
көрсетілді

А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Ләйла Ахметованың «1941. Брест бекінісі. Қазақстан» атты кітабының тұсаукесері өтті. Аталған шараға өңір зиялылары, қаламгерлер мен журналистер және жастар қатысты. Сондай-ақ, кітаптың тұсау­ке­серін Шемонайха, Бесқарағай, Абай, Жарма, Аягөз және Глубокое аудандық кітапханалары мен Үржар, Мақаншы аудандарындағы ауылдық кітапханалар, Күршім ауданының Теректі ауылдық кітап­ха­насы онлайн жүйесі арқылы кө­руге мүмкіндік алды. Автормен кездесуге аталған кітапқа есім­дері енген қаһарман жауынгерлер­дің туған-туыстары да келді. Ләйла Ахметова бұл кітабында аты аңызға айналған Брест бекіні­сін­­де соғыс алдындағы кезең мен 1941 жылдың маусым айында бол­ған оқиғаларды баяндайды. Зерт­­­теу еңбегі 1941 жылы фа­ши­с­т­ер­дің алғашқы соққысын қар­­сы алған қамалда қызмет ет­кен­­дердің тізімі жариялануымен жә­не әрі қарайғы тағдырлары тар­­­қ­атылуымен құнды. Олардың ара­сында шығысқазақстандықтар да бар. – Қырқыншы жылдың ақпан айында Семейден әскер қатарына аттанғандар эшелонмен Брест-Литовскіге бағыт алып, олардың бір бөлігі Брест қамалына бөлінді. Биыл 1 мамырда мен Брест бе­кі­ніс­ін қорғауға қатысқан 556 қазақстандықтың есімін таптым. Олардың ішінде 88 семейлік және 10 шығысқазақстандық жауынгер бар. Әрине, іздеу жұмыстары әлі жалғасады. Өйткені, қамалды қор­ғауға қатысқандар мұнымен шек­телмейді. Сол себепті бұл бі­рін­ші кітап ретінде жарыққа шық­ты. Мәселен, Жарма ауданы­ның Бала­жал кентінің өзінен 30 адам Брест қамалын қорғауға қа­тыс­­қан. Мен архив құжаттарынан тек екеуін ғана таптым, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­вер­ситетінің профессоры Ләйла Сей­с­енбекқызы. Кітап авторының ай­ту­ынша, 44-атқыштар полкі бой­ынша табылған көптеген құжат­тарға сәйкес, полктің басым бөлігі Шығыс Қазақстан облы­сынан жасақталған. Алайда, ұрыс­қа қатысушылардың көпшілігі тұт­қын­ға түскендіктен, көп жылдар бойы оларды Ұлы Отан соғысының қа­ты­сушылары санатына қоспаған. Ләйла Сейсенбекқызы оқу­шы­лар ата-бабаларының соғыста жа­саған ерліктерінен хабардар бо­луы үшін аталған кітаптың өңір мектептерінде көмекші құ­рал ретінде пайдаланылуын және Пушкин мен Абай атындағы облыс­тық кітапханаларда есімдері жа­зы­лған шығысқазақстандық жауын­герлердің тізіміне ту­ған-туыстарының үн қатып, еңбек­тің одан әрі толыға түсуі үшін қол­да бар деректерімен бөлісуін сұра­ды. Кездесуге келген май­дан­гер­лердің ұрпақтары мен ағай­ын­дары кітаптан Балғыбаев, Дмитриенко, Попов және басқа да жауынгерлердің есімін тауып, қуа­нысып қалды. Бұл ретте кітап ав­торы Ұлы Отан соғысының қаһар­мандарын бірігіп іздеуге ба­ғыт­талған топ құрып, бірге жұмыс істеу­ге, осылайша іздеусіз кеткен жерлестердің ерлікке толы өмі­рін паш етуге шақырды. Айта ке­телік, Ұлы Отан соғысы жылдарын­да Шығыс өңірінің өзінен 109 Кеңес Одағының Батыры шыққан болатын.   ӨСКЕМЕН