• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2016

Airbus «Эйр Астананың» әлеуетін арттырады

311 рет
көрсетілді

Таяуда Францияның Тулуза қаласында орналасқан Airbus ұшақ зауытында қазақстандық «Эйр Астана» компаниясына «А320 neo» ұшағын тапсыру салтанаты өтті. Отандық әуе тасымалы саласындағы маңызы зор шараға біз де тікелей куә болған едік. «Эйр Астана» компаниясының әуе кемелерін көбейтіп, ел аумағындағы және халықаралық қатынастардағы рейстерді арттырып жатқанына көзімізді жеткізгенбіз. Ұлттық тасымалдаушы компанияның қызмет көрсету сапасын жақсарту, қауіпсіздікті арттыру, экологиялық талаптарды орындау, үнемділік сынды бас­ты-басты қағидаларды назарда ұстап отырғаны көңіл қуантты.

Артықшылықтары көп «А320 neo»

Сөз басында Qatar Airways, Doutsche Lutfhansa, Emirates сынды әлемнің ең ірі әуе компаниялары құда түсіп жүрген ұшақ туралы қысқаша баяндап өтейік. Жалпы, А320 санатындағы ұшақтар шағын фюзеляжды лайнерлердің ішіндегі коммерциялық тұрғыдағы ең табыстысы болып саналады екен. Әлемдік ұшақ жасаушы компаниялардың арасындағы екі көшбасшының бірі саналатын Airbus компаниясы бұған дейін дәл осы санаттағы 12 800 ұшақты сатып үлгеріпті. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауда, жанармайды тиімді пайдалануда, тиісті бағытты жылдам ұшып өтуде, қауіпсіздік сақтауда жаңа стандарт қалыптастырған ұшақ жақын қашықтыққа да, алыс қашықтыққа да бірдей қолайлы. Сол үшін де Катар, Ресей, Америка, Ұлыбритания сынды елдердің әуе компаниялары А320-ны сатып алуға бейіл. Бұл ұшақтардың жолаушылар тасыма­лын­да­ғы орнын бағамдау үшін әрбір екі секунд сайын жұмыр жердің бетіне А320 ұшағы ұшып-қонып жататынын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Күн сайын әлемнің 1500 әуежайы осы ұшақтарға қызмет етеді екен. Сонау 1988 жылы сынақтан сәтті өтіп, салонына алғашқы жолаушысын мінгізген ұшақ содан бергі аралықта 100 миллионнан астам рейс жасап, 10,5 миллиард жолаушыны діттеген жеріне жеткізген. Ал «Эйр Астана» компаниясы сатып алған «А320 neo» – осы санаттағы ұшақтардың соңғы, жетілдірілген түрі. Жаңа қозғалтқыштар орнатылып, қанаттары шарклет деп аталатын тың тәсіл бойынша тұйықталған. Бұл оның атмосферадағы кедергіні оңай жеңіп, жылдамдығын арттыруға, жанармайды аз шығындауына әсер етеді. «А320 neo» басқа ұшақтармен салыстырғанда, жанармайды 15 пайызға аз тұтынатыны оның басты артықшылықтарының бірі. 2020 жылға қарай техникалық тұрғыда тағы да жетілдіріліп, жанармай үнемділігін 20 пайызға дейін жеткізуге тиіс. Шағын фюзеляжды реактивті ұшақтардың екі класы бар. Біреуі 16 креслолы, жеке ойын-сауық жүйелерімен жабдықталған бизнес-класс болса, екіншісі 132 орынды эконом-класқа жатады. «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті Белла Тормышеваның айтуынша, компания осы жалғыз ұшақпен шектеліп қалмақ емес. Airbus-пен арада осындай 11 ұшақ сатып алу туралы келісімге қол жеткізіліпті. 2019 жылға дейін компанияның ұшақтар паркін толықтыратын әуе кемелеріне еліміздің ішкі рейстеріне, сондай-ақ, Қытай, Ресей елдеріне, Араб Әмірліктеріне және Үндістанға қатынайды деп жоспарланған.  

Ұшақтан түсіп – ұшаққа

«Ұшақтан ұшаққа» деген қалыптасқан тір­кес бар еді ғой. Біз, яғни қазақстандық журналис­тер мен блогерлерден жасақталған топ Тулуза қаласына табан тірегеннен аздап жан шақырып алдық та, салып ұрып ұшақ жасау зауытына жол тарттық. «Ұшақтан түсіп – ұшаққа» деп отырғанымыз сол. Тулуза қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеу­еті Airbus компаниясына тіреліп тұр десек артық емес сияқты. Алып компанияның штаб-пәтері осы шағын қалада қоныс тепкен. Басқа қалалардағы құрамдас компанияларын қосқанда Airbus-та бас-аяғы 55 мың адам жұмыс істейді десек, соның 21 мыңнан астамы Тулузадағы зауытта тер төгеді. Ұшақ жасау – велосипед немесе көлік жасау емес. Оның қажетті бөлшектерінің бәрін бірдей бір қалада жасап, құрастырып шығу тіпті де мүмкін емес көрінеді. Airbus ұшақтарының басты бөлшектері Франция, Германия, Ұлыбритания және Испания елдеріндегі ірі зауыттарда жасалады. Солардың барлығы «Белуга» аталып кет­кен алып Airbus-пен Тулузаға жеткізіліп, осы жерде құрастырылып, соңғы бұрандасына дейін бекітіліп, боялып-сырланып, тапсырыс беруші компанияның логотипі бедерленіп, ең соңында ұшақ сынақтан өткізіледі екен. Сол үшін Бланьяк әуежайының төңірегіндегі 700 гектардан астам жерде компанияның бас кеңсесі мен алты өндіріс алаңы орналасыпты. Конструкторлық және дизайн бюросы, ұшқыштар мен техникалық қызметкерлерді дайындау орталығы да осы жерде. Жылына 300 ұшқыш дайындайтын Airbus лицейі және бар. 21 мың адам деп осы 700 гектар аумақта жұмыс істейтіндерді ғана айтып отырмыз. Одан бөлек Тулуза аумағындағы 100 мыңнан астам адам аэроғарыш саласымен тікелей немесе жанама байланысты тірлікпен шұғылданады. Жалпы, Францияның оңтүстігінде орналас­қан шаһар Францияның тарихи-мәдени, ғылыми орта­лығы ғана емес, өнеркәсібі өркендеген қала­ла­­ры­ның бірі саналады. Қаланың орта­лы­ғын­да­ғы сонау орта ғасырларда салынып, мұрты бұзыл­май сақталған тарихи ескерткіштерді, сыны кетпеген шіркеулерді, кезінде ат пен арбаға арналып төселіп, содан бері сапасын жоғалтпаған, тастан төселген тар көшелерді көргеннен кейін қаланың сыртындағы алып өндіріс орнына бірден бой үйрету қызық екен. Шаһар сыртындағы көрініс мүлде басқаша. Ішінде тура мағынасында ат шаптырып алуға болатын жабық ангарларда жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Бей-берекет жүрген адам көрмейсіз, айқайлап бұйрық беріп жатқандар да жоқ. Бәрі тәртіппен, мінсіз жұмыс істейтін сағат сияқты рет-ретімен жүріп жатыр. Біз бас сұққанда алып ангардың ішінде бір мезгілде 6 ұшақтың қанат-құйрығы, фюзеляжы, яғни ұшақтың негізгі тұлғасы бір-біріне құрастырылып жатты. Ангардың сыртында құрастырылып қойылған, енді сыртқы әрлеу жұмыстары жасалатын тағы 3 ұшақ қаңтарылып тұр. Ұшақтар жақын күндері Бланьяк әуежайынан бірінші рет көкке көтеріліп, сынақтан өткізілуге тиіс. Сынақтан сәтті өткен, Қазақстанға қайтатын сәтті күтіп тұрған біздің ұшақ оңашалау аумақта бөлек тұр екен. Бүйіріне «Эйр Астана», «А320 neo» деген жазуы бедерленген ұшақ алыстан менмұндалап, көзге жылы ұшырайды. Дүние жүзі бойынша бейбіт мақсатқа арнал­ған, азаматтық авиацияға қажетті ұшақ­тард­ы жасау­мен жарты ғасырдан бері айналысып келе жат­қан Airbus-тың табысы да миллиардтармен есеп­теледі. А320-ның коммерциялық директоры Франк Новаллонның айтуынша, жылдық табысы 45,9 миллиард еуроны құрайды. Америкалық Boeing-тың басты бәсекелесі болып табылатын компанияның тапсырыс портфелі алдағы 10 жылға дейін жоспарланып қойылған. Яғни, экономикалық дағдарыс, кірістің кемуі сынды қауіп-қатерлеріңізден онша қорқа қоймайды. Табысы – өзінің қалай жұмыс істегеніне ғана байланысты, әлемдік нарықтағы анау-мынау ахуалдар әсер ете қоймайды. Оның үстіне, қажетті бөлшектер әзірлейтін компаниялары Еуропа мен Азияның ең беделді, экономикалық локомотиві болып саналатын елдерде орналасқан. – Airbus-ты жаһандық компания деуге әбден болады. Біз алғаш рет азаматтық ұшақ­тар­ды біріздендіру қағидатын жүзеге асырған алғашқы компаниямыз. Яғни, ұшқыштардың кабинасы, сондай-ақ, барлық ұшақтарды басқару тәсілі бірдей деуге болады. Соның арқасында әуе компаниялары үшін ұшқыштар мен техникалық персоналды әзірлеу жолы оңайлап, шығын бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда азайды. Біздің компаниямыз ұшақ­ты әуе компания­ла­рына сатып қана қоймай, одан кейінгі ара­лық­та да тәуліктің кез келген уақытында, жер ша­ры­ның кез келген нүк­те­сінде ұшақтарға тех­никалық қызмет көр­сетуді жалғастыра бере­ді. Клиенттеріміздің көп­­тігі және олардың ризалығы бұл жұмыстың өте орынды екенін көрсетіп отыр, – дейді Новаллон мырза. Франк Новаллонның айтуынша, компания өндірістік қуаты мен өнімі экологиялық менед­жементтің халықаралық стандарттары­на толықтай жауап беретін алғашқы ком­па­ниялардың бірі екен. Өнеркәсіп процестерінің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін одан әрі төмендету үшін жұмысты жалғастыра беруге ниетті. Ұшақты тапсыру салтанатына «Эйр Астана» мен Airbus компанияларының басшылары, түрлі БАҚ өкілдері қатысты. Францияның Қазақ­стан­дағы елшісі Франсис Етьен, Қазақстанның Франциядағы елшілігінің өкілдері де салтанатты шараның басынан табылды. Тәжірибелі ұшқыштар, басқа да мамандар көп. Осы шарада «Эйр Астана» президенті Питер Фостерді әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, А320 ұшақтарының пайдалану көрсеткіштері, сипаттамалары оның сенімді, қауіпсіз әрі ыңғайлы лайнер екендігіне ешқандай күмән қалдырмайды. – «А320 neo»-да тиісті көрсеткіштердің бар­лығы жетілдірілген. Ыңғайлылық, қауіпсіздік және үнемділік сияқты талаптардың барлығына толық­тай жауап бере алады. Бұл ұшақ біздің ком­панияның әуе бағыттарын кеңейтуге жол аша­ды. Оны Жапония, Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа елдеріне ұшыруды жоспарлап отырмыз. Астана мен Алматыға жаңа рейстер ашылып, жолаушылар ағыны артуға тиіс, – дейді Питер Фостер. Салтанатты шара басынан «Эйр Астана» компаниясының аға вице-президенті Ербол Оспановты көрдік. Отыз жылдан астам тәжі­ри­бесі бар, «ТУ-154», «Boeing 747», «Boeing 757», «Boeing 767» сынды талай ұшақтарды тіз­гін­деген, ұзақ уақыт Қазақстан Президентінің әуе кемесінің командирі болған Ербол Абылай­ұлының жаңа ұшаққа көңілі толғаны байқалады. «А320 neo» -ның салонына мініп, штурвалға отырып та көріпті. – Қазір осы шара біткеннен кейін өзіміздің ұшқыш­тар елге ұшып кетеді. Ертең Алматының әуежайында тұруға тиіс. Мен сіздермен қала­мын. Өзімнің де бірден жаңа ұшаққа отырып, ұшып кеткім келіп еді. Бірақ басқа да жұ­мыстарға байланысты қала тұруыма тура келді, – дейді ол. Ербол Оспанов айтқандай, «Эйр Астана» компаниясында бұрыннан бар Airbus-тармен ұшып жүрген ұшқыштар үшін жаңа техниканы тізгіндеу қиынға түспейді екен. Онлайнда бірнеше сағат курстан өтіп, сынақ тапсырса жетіп жатыр. Ұшақты зауыттан сатып алғанның тағы бір артықшылығы – кабинасына өзің тапсырыс бересің. Салонын өзіңе ұнаған былғарымен қаптауға, кейбір приборларды өзіңе ұнағандай етіп жабдықтауға болады. А320 neo-ның салоны, ұшқыш кабинасы солай дербес тапсырыс бойынша әрленген. Айтпақшы, «Эйр Астана» мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. Сөйтіп, «Эйр Астана» «ЭКСПО-2017 ресми әуе тасымалдаушысы» деген эксклюзивті мәртебеге ие болған-ды. Демек, халықаралық көрмеге келетін туристер тасқынын арттыруға, халықты халықаралық һәм ішкі рейстерде шаршатпай-шалдықтырмай тасуға жаңа ұшақ ат салысатын болады. Сонымен, біздің Тулуза қаласына барып, ұшақ зауытын аралап көріп, отандық әуе компаниясының флоты жаңа әуе кеме­сі­мен толыққанына куә болғанымызға да бір­неше күн өтті. Жаңа ұшақ жұрт назарына ұсы­нылғаннан кейін бірнеше сағаттан соң көкке көтеріліп, Қазақстанға самғап кеткен болатын. Салтанатты шара кезінде белгілі болғандай, 16 қараша күні «А320 neo» елорда әуежайында жұрт назарына ұсы­нылды. Ал кешеден бастап әуе кемесі қазақстандық һәм шетелдік жолаушыларға қызмет көрсетуін бастап кетті. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Астана – Тулуза – Астана