• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2016

Бауырлас ел әдебиетінің бірегей өкілі еді

428 рет
көрсетілді

Бүгінгі өзбек поэзиясының аса көрнекті өкілі, Өзбекстанның Мемлекеттік гимнінің сөзін жазған Өзбекстанның халық ақыны Абдулла Арипов ұзаққа созылған ауыр науқастан соң 76 жасында АҚШ-тың Хьюстон қаласында дүниеден озды. Абдулла шайырдың шығармалары туысқан өзбек поэзиясының тұтас бір дәуірін қамтиды десек болады. Ұлттық поэ­зияның рухын асқақтатқан ақынның шы­ғармалары оқырмандары тарапынан да, мем­лекет тарапынан да жоғары бағаланды. Қашқадария облысының Қасан ауда­нын­да дүниеге келген Арипов жастайы­нан әдебиетке, білімге құштар болды. Орта мектепті алтын медальмен бітірді. Әде­биет­ке деген құштарлығы оны Ташкент мемлекеттік университеті өзбек фило­ло­гия­сының журналистика бөліміне әкелді. Жо­ғары оқу орнын да үздік бітірген бо­ла­шақ ақын еңбек жолын «Ёш гвардия» бас­пасында редактор болып бастап, кейін Ғафур Ғулам атындағы әдебиет және өнер бас­пасында редактор, бас редактор, «Шарқ юл­дузи» («Шығыс жұлдызы») журналында бө­лім меңгерушісі болды. Ақын қай жерде де өзбек әдебиетінің бе­де­лін биіктету үшін тынымсыз еңбек ет­ті. Өзбекстан Жазушылар одағында әде­би консультант болғанда да, «Гулхан» жур­налының бас редакторы болғанда да Арипов өзінің еңбекқорлығымен танылып, жур­налдың мазмұнын биіктетті. Ұзақ жыл Өзбекстан Жазушылар одағын басқарды. А.Ариповтің ел үшін атқарған қызметі өз алдына да, жазған шығармалары бір тө­бе. Шайырдың 1965 жылы жарық көр­ген «Кішкентай жұлдызша» кітабы өз­бек поэ­зиясына болмысы, көркемдік қол­таң­басы бөлек ерек ақынның келгендігін әйгілегендей еді. Ақынның поэзия әлемін­де­гі кеңістігі тақырыптық жағынан да, көр­кем­дік жағынан да барған сайын ке­ме­­лі­не келіп, толыса берді. «Менің рухым», «Өзбекстан», «Отан самалы», «Өт­кен жыл­дардың арманы», «Мінәжат» шы­ғар­малары өзбек оқырмандарының іздеп жүріп оқитын туындыларына айналды. А.Ариповтің қолтаңбасы туған хал­қы­ның тағдыр-талайымен тікелей байла­ныс­ты. Оның «Ұлы Тимур» поэмасын жұртшылықтың сүйіп оқитыны да сон­дықтан. Әрине, бұл шығарма Өзбекстан тә­у­ел­сіздік алғаннан кейін дүниеге келген-ді. Тәуелсіздік алғаннан кейін демекші, А.Арипов – 1992 жылы Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің он бірінші сес­сиясында қабылданған Өзбекстан Рес­публикасы Мемлекеттік гимні сөзінің авторы. Абдулла Арипов Өзбекстан пар­ла­ментінің бірінші, екінші ша­қы­ры­лым­дары­ның депутаты болып сайланды. Шайырдың өз­бек­тің әдебиеті мен өнерін дамытудағы ең­бегі жоғары бағаланып, әуелі Хамза атын­дағы Өзбек КСР-і Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, Өзбек КСР-інің ха­лық ақыны (1983) атағына ие болса, ел тәуелсіздік алғаннан кейін Әлішер Нау­аиы атындағы Өзбекстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1994). Ал 1998 жылы оған «Өзбекстан Бат­ыры» атағы берілді. Ғабит ІСКЕНДІРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»