• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2016

Қазақтың жады

480 рет
көрсетілді

Қазақ өз тарихын бұл күнге жадымен жеткізген халық. Ұланғайыр жыр-дастандарын былай қойғанда бабалар болмысын, тіршілік, өмірге деген көзқарастарын айқын көрсететін мақал-мәтелдердің өзі неге тұрады? Он сөзімізге бір мақал қоспасақ, тұзсыз ас ішкендей болатынымыз да содан. Ғұлама өлтіріліп, кітап өртеліп дегендей не бір аласапыран заманды бастан кешкен қазақтың ұлт ретінде осы күнге аман жетуіне оның сөзі, жадысы әсер етті. Ол осынау ұлы міндетін бүгінге дейін арқалап алып келді. Қазақтың жады!

«Бабалар сөзі» кеудемізде емес, сөрелерде

Өткен ғасырда біздің фольклорлық туындылар елдің аузында жүретін. Таңды таңға ұрып айтатын дастандарды екінің бірі жаттай алмағанымен, екінің бірі ескі әңгіме білетін. Олар оны алдыңғы буыннан мұраға алған. Алдыңғы буын оның алдындағы буыннан мұраға алып, сол сабақтастық бертінге дейін үзілмей келді. Сабақтастықтың үзілгені сол, қазір қазақтың сөзі жалпылама айтқанда, тұрмыстық деңгейдегі қарым-қатынас құралына ғана айналып, салмағы азайды. Бұл «салмақсыздықтың» артында нарық, ақпараттан бұрын ең алдымен пейіл, ниет, адамшылық мәселесі тұрғанын айту керек. Егер біз өз ата-бабаларымызды мақтаныш ететін болсақ, соған татитындай салмағы бар олардың. Үнсіздігінің салмағы мен сөзінің салмағы бірдей. Бұ дүниесі мен о дүниесінің қамындағы әрекеті де тең. Ал жыршы-жыраулар туралы әңгіме даңғайыр кеудені көз алдыңа келтіреді. Сол замандарда түнді түнге қосып, таңды таңға жалғап жыр айтатын өнер иелерінің бақыты – тыңдайтын құлақтың көп болуында, тыңдағанын сіңіріп алатын қазақы болмыстың әлсірей қоймаған шағымен тұспа-тұс келуінде. Қазақтың кең тынысты эпикалық шығармаларының көбі жиырмасыншы ғасырда хатқа түсті. Кітап боп басылды, зерттеу нысанына айналды. «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Шора батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» осылай жалғаса береді. Ең қызығы, бұлардың әрқайсысының кем дегенде он шақты нұсқасы бар. Ал, туу тарихы тым әріде жатқан дастандардың, мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс» дастандарының түркі тектес халықтар ішінде 50-60 шақты нұсқасын кездестіру еш жаңалық емес. Әр жыршы бұларды қазіргі тілмен айтқанда өз стилімен жырлады. Көлемді эпикалық дастандар болсын, тұрмыс-салт жырлары, ертегі, аңыз әңгімелердің қай-қайсысы болсын, хатқа түсіп, кітап боп жарық көруіне өткен ғасыр басында алаш зиялыларының мол үлес қосқанын, сол замандарда тіпті «ел ішінен фольклорлық шығармаларды сұрыптап, таңдап жинаймыз ба, әлде барлығын түгелдей жинай беру керек пе» деген мәселе қойылғанын да бүгінгі буын біле жүру керек. Неге десеңіз, дәл сол кезеңде қазақ дейтін халық өзінің ата-бабадан мұраға қалған рухани қазынасын өзі жинап, құрастырған еді. Жыршы-жырауларды былай қойғанда, ел ішіндегі кез-келген қария кісілерден аңыз әңгімелер, ертегілер, тұрмыс-салт жырлары жазып алынған. Сенбесеңіз, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ж.Аймауытов еңбектерін ақтарып көруге болады. Қазіргі 100 томдық «Бабалар сөзінің» негізі қаланған үлкен науқан жүрген сол шақта. Бүгінгі күні кітапханалардан «Бабалар сөзі» көзіме оттай басылып көрінеді. Бірақ, өкініштісі, соншама рухани қазынаны өз кеудесінде сақтаған, өз кеудесінен өткізіп отырып жырлап, ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білген, есті сөзді өмірлік мазмұнға балап, қазақы болмысты қалыптастырған сол қазақтар жоқ дерлік арамызда. Бүгінгі қазақ түнді түнге, таңды таңға жалғап жырламақ түгілі, ертегіні ерініп отырып әрең айтады. Салт-дәстүр дегеніміздің өзі сырты бар, іші жоқ мазмұнсыз әрекеттерге айналған. Бүгінгінің жыршы-жырауларының өнері аз ғана аудиторияда тыңдалады. Онда да олар эпикалық кең көлемді дастандарды айта бермейді, ұзағанда он-жиырма шумақ көлеміндегі толғаулармен шектеледі. Неге десеңіз тыңдайтын құлақ аз. Мүлдем аз. Балаларымыз мектептің алғашқы жылдарында таңдайы тақылдап тақпақ жаттап жүреді де, ары қарай тақпақ пен өлеңді, жыр мен толғауды, қисса мен дастанды ешқашан да ажыратпаған күйі есейіп кетіп жатады. Сосын өскенде қазақпен бірге берісі бес ғасырдан бері жасасып келе жатқан сөздерінің түбірін таба қалса, жерден жеті қоян тапқандай шулап шыға келеді...

Постмодернизмнің Баянғали Әлімжанға қандай қатысы бар?

Кейде әлеуметтің көңіл-күй, хал-ахуалын білу үшін әлеуметтік желіні бір сүзіп шығатын әдетіміз бар. Постмодернизм елесінің елімізді шарлап жүргеніне куә боламыз. Ол ақын-жазушы не журналистің қолтаңбасынан емес, кез-келген жұмыр басты пенденің кез-келген жазбасынан елес береді. Адамдар «көп әріпті» көтере алмайды. Осы заманның тілімен әдіптесек, «көп әріпке» көптің симпатиясы қалмаған. «Авторсыз мәтіндердің» заманы бұл. Нарық қоғамында тауарға айналмаған «көп әрібіңді» өзің оқи бер. «Бабалар сөзін» емес, өз сөзін артық санайтын ұрпақ өсіп келеді. Жалпы, осындай көңіл-күйдегі әлеуметке «кітап оқымадың» деу артық әрине. Сонда да біз қазақты түсіну үшін, қазақтың болмысына бойлау үшін кез-келген көңілі ояу жан фольклорды тануға тырысу қажет-ау деген ойымыздан қайтқымыз келмейді. Өйткені, қазіргі кітап оқымаудың ең түкпірінде қазақтың жадының әлсіреу мәселесі тұр. Қазақша кітап оқымайтын баланы қазақтың дәстүрлі ән-күйі мен жырын тыңдайды, оны ұлықтай алады дегенге өз басымыз мүлде сенбейміз. Қазақтың ақын-жазушыларыныкі сияқты жыршы-жырауларының да «алтын ғасыры» өткен ғасырлардың қойнауына еніп кеткенімен, қазіргі барымызды да көрсетіп, насихаттай алсақ жаман емес қой. Бұл орайда еске түсетін бір тұлға – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Баянғали Әлімжан ағамыз. Көпшілік қауым белгілі өнер иесінің «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Тәуке», «Арқалық батыр», «Батыр Баян», «Жанақ пен Рүстем төре» сынды көптеген жыр-дастандарды көп жылдардан бері ел ішінде жырлап келе жатқанын жақсы біледі. Оның сыртында жыршының атақты «Манас» дастанының ең әсерлі, ең сапалы тұстарын жырлайтынын, қырғыз манасшыларынан өз бағасын алғанынан хабардар. Жыршының өз пайымынша, «жыр жатталмайды, жыр қонады». Ол қонған соң, өнерпаздың кеудесінде қайта туады. Баянғали Әлімжан айтушының, яғни жыраудың тасымалдаушылық қызметіне мән берілу керектігіне баса назар аударады. Біздің қалыптасқан түсінік бойынша жырау өз жанынан шығарып жырлайтын адам да, жыршы ежелгі дастандарды, қиссаларды жаттап алып айтатын тұлға. Бірақ жыршы да, жырау да мейлі ол бұрыннан бар дүние болсын, өз жанынан айтсын, бәрібір өз кеудесінен өткізіп барып айтатынына, үлкен бір рухани дүниені өзінен кейінгі буынға тасымалдайтынына шынында біз мән бермейді екенбіз.

Алмас Алматов қанша жол жырды жатқа біледі?

Белгілі жырау, бүгінде елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірттерін тәрбиелеп жүрген Алмас Алматовқа дәл осылай сұрақ қойдық. Ондағы ойымыз қисса-жырларға қызығатын қазақтарды бір елеңдету. Жад, ақыл-ес, зерде ұғымдарымен тікелей айналысып жүрген белгілі тұлға сауалымызға байыппен жауап берді. «Шәкірттеріміз бірінші курсқа түскен кезде оларға белгілі бір дастанды жаттауға береміз. Мысалы, Ақерке Бабылова дейтін шәкіртім «Едіге» жырын төрт жыл ішінде жаттады. Сол жырдан диплом қорғады. Бүгінде магистратурада оқиды. Шәкіртке бір дастан ғана берілмейді, оның қатарында қаншама толғау, терме, насихат, өсиет жырлар болады. Сол сияқты Дина Қыраубаева «Қобыланды батырды», Күнсұлу Түрікпен есімді шәкіртім «Көрұғлыны» жаттады. Әрбір көлемді жыр дастандардың 100 мың жолдан кем болмайтынын ескерсек, қазіргі күнде шәкірттерім осы жыр-дастандарды кәсіби деңгейде орындай алатын білікті жыршылар қатарында деп есептеймін», -дейді ұстаз. Ал енді жырау өзі қанша жол жыр білетінін айтқан жоқ. Қазақы болмыстағы ондай үлкен кісілердің жігіт-желеңнің сөзін сөйлеп, мақтанбайтыны түсінікті ғой. Оның орындаушылық өнерінің бүгінде елімізден тыс шетелдерге де танымалдығы, сонау Асан қайғыдан бастап бүгінгі заман өнер иелеріне дейінгі мың жылдық кеңістіктегі шығармаларды еркін орындайтындығы, 150-ден астам шәкірт тәрбиелегені, тарихи оқиға желісімен «Шыңғыснама» тарихи дастанын жазып, оны музыкалық дастан күйінде өз шәкірттерімен бірге Сыр бойының мақам, саз әуенімен күйтабаққа түсіріп, халыққа ұсынғаны туралы мәліметтердің өзі сұрағымызға жауап болып тұрған жоқ па? Бізді ең қызықтыратыны, белгілі тұлғаның Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп, рухани-ағартушылықты жетекші факторға айналдыруды көздейтін, бір бойына синкретті өнер шоғырын қалыптастырған кәсіби жырауларды дайындауды мақсат етіп алғаны. Сол үшін жад, ақыл-ес, зерде мәселесін кәсіби, практикалық, теориялық тұрғыдан зерттеп жүргені. Осы күні алып кемедей Алмас жырауларымыздың ортамызда болуы көңілге медет.

Алматыдағы жазушы мен ауылдағы қойшы

Рас, біз бүгін «кітап оқымау» атты дертке шалдықтық. Жүз жерден жарнамасын жасап, мың жерден тықпаласаң да адамдар кітап оқуға наумез. Мектептегі, универдегі еркіңнен тыс оқуың керек кітаптарды айтпаймыз. Кәдімгі өз еркіңмен, жүрек қалауыңмен оқылуы тиіс кітаптар туралы әңгіме. Санаға, танымға әсер етуі қажет дүниелерді оқу азайып бара жатқан соң дабыл қағылып жатыр. Бірақ, осы кітап оқымаудың астарында не сыр бар екені көп айтылмайтын сияқты. Әрине кінәнің бәрін нарыққа, ақпарат заманына, уақыттың аздығына жауып оп-оңай сытылып шығу көбіміздің қолымыздан келеді. Бірақ, оның салдары қоғамда айқын көрініс тауып, рухани жұтаң күйіміз көңіл жүдетіп тұрған жоқ па? Айналып келгенде мәселе кітап оқымау ғана емес, тіршілік мазмұнының, адами сапаның кемуінде, жадтың әлсіреуіне келіп соғуда. Рас, кітап оқу кеңес үкіметі тұсында кең етек алған болатын. Алматыдағы жазушы мен ауылдағы қойшының арасында рухани байланыс бар еді. Бірақ, ол сол тұстағы жазушылардың мықтылығынан немесе рухани сұраныстың молдығынан емес, идеологияның әсерінен де еді. Сол үшін де кітап оқу салтқа айналды. Бұны бір деңіз. Екіншіден, кітапты кім оқиды деген сауал туындайды. Кітапты шын мәнінде белгілі бір рухани дайындығы бар, бесік жырымен әлдиленіп, қисса-дастандар, ертегі тыңдап өскен бала оқиды. Рухани әлемін одан ары байыту, кітаптан эстетикалық ләззат алу оның мақсаты болмақ. Кеңес үкіметі тұсында да біздің ескі әңгімелерді көп білетін, эпикалық дастандарды жатқа айта алатын ата-әжелеріміз баршылық болатын. Ауылда бір үйге жиналып алып дастан тыңдау бертінге дейін, яғни тәуелсіздік алған тұсқа дейін жалғасқанын көзіміз көрді.

Тоқсұлу апа мен академик Қасқабасов

Өз басымыз әдебиетке құштар болып өссек, оған тоқсанға жетіп қайтыс болған жарықтық өз әжеміз бен көршіміз, ертегіші Тоқсұлу апамыздың да үлесі бар еді. Сол Тоқсұлу апаның ертегі ғып айтқан қара сөздерінің сюжеттерін академик Сейіт Қасқабасовтың «Жаназық» кітабынан кездестіргенде таң қалғаным бар. Халық арасындағы әңгіме құлаққа сіңіп, есейе келе қағаздан жүз бергенде оның адамға берер әсері де, ары қарай қызықтыруы да бөлек болады екен. Тоқсұлу апамыз айтқанда еміс-еміс есте қалған дүниелер академиктің жүйелі зерттеуінде кең көсіліп, құлпырып сала берген. Соны оқып отырғанда әжеміз бен Тоқсұлу апа, бала күнің еріксіз еске оралады... Біз бұл жолдарды жазып отырғанда кітапты шын мәнінде белгілі бір дәрежеде дайындығы бар адамның ғана оқитынын алға тартпақпыз. Бала күнінде құлағына әлдимен сіңірілген ән-жыр, есейе келе үлкен айдынға құлаш ұрғызып, өзінің генетикалық жадысы сауалдарының жауаптарымен оңай қауышатынын түсінгендейміз. Ендеше, академиктің алтынға бергісіз бағалы дүниесін жан тұщына оқу үшін де ауылдағы Тоқсұлудай апалардың айтатын ертегі-әңгіме, әлди-жыры ауадай қажет дүние екені талассыз шындық болды. Одан қалса кітап оқу нақты бір идеологияның себебімен де салтқа айналуы, жалпыхалықтық сипат алуы тиіс. Кеңес үкіметі тұсындағы сияқты. Әйтпесе жады әлсіреген ұрпаққа кітап оқытам деп тыраштану, бейнелеп айтқанда, тумаған сиырдың уызынан дәметкен сияқты қысыр үміт қана.

Сөз соңы

Біз қоғамның маргиналданғанын, бұл маргиналданудың тарихы 100 жыл бұрын басталғанын жақсы білеміз. Дүбара қазақтардың жады туралы тіпті айтпай-ақ қойдық. Ал тілге жетіктердің өзі ескі сөздерді білмейтіні, кітап оқымайтыны, қолданыстағы аз-маз тіркестер мен сөздерге қанағат қылатыны, оның өзін ішін білмей қолданатыны өзін қазақпын деп санайтын әрбір жанды ойландыруы тиіс деп санаймыз. Рухани байлықтан кенде болмаған қазақтың бір ғасыр айналмай жатып жұтап сала бергені шынымен де жағдайдың қиындығын көрсетеді. Айгүл Сейілова, «Егемен Қазақстан»