• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Елінен безген ер болмас

704 рет
көрсетілді

«Америкада адамдар өмір сүреді, ал бізде тек тіршілік етеді», депті бүгінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатқан Айдана есімді қазақ қызы. «Өмір бізде біреу-ақ болғандықтан, оны осында өткізуді шештім», дейді ол одан әрі өзінің неліктен Қазақстаннан кеткендігін нақтылай түсіп. Айдананың бұл пікірін NUR.KZ сайтына Алтын Нығманова есімді журналист жариялапты. Айтқандай, «өз еліңде сұлтан болғаннан, бөтен елде ұлтан болған артық» деген-ді АҚШ-та тұратын тағы бір қазақ жігіті таяуда бұқаралық ақпарат құралына берген сұхбатында. «Жоқтық ұят емес, тоқтық мұрат емес» деген қазақ мақалының әсерінен бе, әйтеуір жоғарыда айтылғандарды естіп білген кезде мен ойланып қалдым. Өркениетті, экономикасы өрге басқан мемлекеттерде тұратын халықтың әл-ауқатының жаңа дамып келе жатқан елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы екені баршаға белгілі. Ол бүгін ашылған жаңалық емес. Оның өзі заңды құбылыс болғандықтан, ондайға таңдай қағып, таң қалудың да реті жоқ. Дегенмен, мәселе онда да емес. Мәселе менің пайымдауымша, туған ел, атамекен деген қасиетті ұғымдарда. Анау елдегі тұрмыс біздегіден гөрі жақсырақ екен деп, ата-бабаң өсіп-өнген, өзіңнің кіндік қаның тамған жерді тастап, еш ойланбастан бөтен елге кетіп қалудың жөні қалай болады? Бұл жерде мен тіпті жиі қайталанатын патриотизм деген сөзді қолданып та отырған жоқпын. Өйткені, бүкіл мақсат-мұрат ақшаға, байлыққа тіреліп тұрған қазіргідей нарық заманында әлдебіреулердің патриотизмің өзіңе, ал маған тамағымның тоқтығы керек деп беттен қағуы да мүмкін. Оның сыртында нағыз патриотизм құр көпірмемен емес, нақты іспен дәлелденуі тиіс. Сондықтан, тым асқақ сөздерге бой алдырмай-ақ, өз көзқарасымды қарапайым түрде, көпшілікке ұғынықты тілмен жеткізіп көрмекпін. Сонымен, айтпағым не? Әр елдің өзіне тән даму деңгейі болады. Бұл – басқаларды былай қойғанда, мектеп оқушы­ларының өзіне де мәлім жағдай. Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, дамуы кенжелеп қалған елдер халықтарының өркениетке ертерек жеткен елдерге қарай, мұнда тұрмыс жақсы екен деп, тұра қашқан жағдайларын кездестіру өте қиын. Қандай қиыншылықтар ұшырасып, небір ауыртпалықтар алдан тосып тұрса да әр халық өз отандастары­мен бірге өз жерінде өмір сүрген. Көптеген ұлт­тар жол-жөнекей кездескен кедергілерден өтіп, қиын­дықтарды жеңе отырып, жақсы тұрмысқа қол жеткізген. Айта берсек, «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген мәтелдің де осындай себептерден пайда болуы әбден мүмкін. Тәуелсіздігін алғанына 25 жыл енді ғана тол­ғалы отырған Қазақстанның әлі де өркениетті елдер қатарына қосыла қоймағаны, экономикалық тұрғыда белгілі бір қиындықтарды бастан кешуге мәжбүр болып отырғаны рас. Бұл орайда дағдылы әдетпен «жұмысты ақсатты» деп бәз біреулерді кінәлауға да болар еді. Бірақ одан ештеңе өзгере қоймайды және біздің айтпағымыз да мүлде ол емес. Әңгіменің тоқетеріне келсек, біздің көкейімізді тесіп тұрған жайт біреу. Ол – егер біз бәріміз мұндағы жағдай нашар деп, жайлы жер іздеп сыртқа қарай қаша берсек, Қазақстандағы жағ­дайды кім жақсартады деген сауал. Бұл сияқты сұраққа жеңіл өмір іздеген Айдана тәрізділердің мен жалғыз өзім не бітіремін, қай жыртыққа жамау боламын деп жауап беруі әбден мүмкін. Ол да рас. Бірақ Қазақстанда Айдана сияқты қыздар мен жігіттер біреу немесе екеу емес, миллиондап саналады ғой. «Көп түкірсе – көл» демекші, егер дамыған елдердің қандай болатынын және оған олардың қандай жолмен жеткенін білетін жастар жылы-жұмсақ, жер іздеп құба жонға қарай безудің орнына, өздерінің туған жерін де дәл сол елдердегідей өркендетуге үлес қосып жатса несі айып? Бір-екі жылда жұмақтың орнай қоймайтынын да ешкім теріске шығармақ емес. «Өмір дегеніміз – күрес» деген ұлғатты сөз де сондықтан айтылған. Жалпы, әлемдегі мемлекеттердің даму дең­гейіне үңіліп қарар болсақ, дүние жүзінде өрке­ниетке жеткендерден гөрі, өркендеу жолына енді ғана түсе бастаған елдердің көбірек екенін аңғаруға болады. Сонда дейміз-ау, егер экономикасы әлсіз елдердің тұрғындары өздері үшін қолайлы қоныс іздеп, жаппай көше бастаса, дүние не болмақшы? Тіпті, елдеріндегі соғыс салдарынан Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр болған босқындардың да дені егер атыс-шабыс тоқтаса, өз отанымызға қайтып оралар едік дейтін көрінеді. Бұл да болса, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, туған жердің адам үшін қаншалықты ыстық екенін көрсетеді. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы» деген екен туған жердің қадірін бағалай білген ата-бабаларымыз. Ал ол туған жердің ауасына, суына, шөбіне ештеңенің де жетпейтінін, әр адамның өзі тамыр жайған жерде ғана құнды бола алатынын білдіреді. Тіпті, бақуатты өмір кешіп жатқан елдерге барып көйлегіміз – көк, қарнымыз тоқ болған күннің өзінде, алыста қалған ел-жұртың есіңе түскенде, көңілің құлазып, жетім баланың күйін кешетініңді де естен шығармаған жөн. Олай болса, тұрмыс ауыр екен деп туған жерден тұра қашу қаншалықты дұрыс?.. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»