• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Мұғалім мәртебесі

518 рет
көрсетілді

Мұғалім беделі неге төмендеп кетті? Қоғам құндылығының салмағын саралайтын осы бір сұрақтың жауабын іздеушілер жетерлік. Үлкенді-кішілі мерзімдік басылымдардың да бұл мәселеге қалам тартпағаны жоқтың қасы. Алайда, әзірге салмақты сұрақтың жауабы жеңілдеп, күрмеуі күрделі түйіннің шешілер сыңайы да байқалмайды. ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Өркениет өлшемі елдің білімді азаматтарының деңгейімен дәре­желе­нетін болады. Ендеше, ғасыр табалдырығын әлем таныған тәуелсіз мемлекет ретінде аттаған Қазақстанның болашағы – терең білімде, кемел ғылымда. Ал ел ертеңін айқындайтын өскелең ұрпақтың тәрбие тәлімі мен білім деңгейі ұстаз қолында. Сондықтан мұғалім мәртебесін арттыру – мемлекеттік міндет, қоғамдық парыз. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде елімізде 325 мыңнан астамы педагогтар еңбек етеді. Оның ішінде 291 мыңнан астамы – мектеп мұғалімдері. Аз күш емес. Олар­дың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында мем­лекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыс та жетер­лік. Жыл сайын республикалық бюджеттен мил­лион­даған қаржы бөлініп, мұғалімдер білімі мен кәсі­би біліктілігін жетілдіру курстарына жіберіледі. Тәуел­сіздік жылдарында Қазақстанда біліктілікті арт­тыру курстарынан миллионнан астам мұға­лім өтіпті. Тек үстіміздегі жылы ғана жаңа оқу жылы қар­саңында бастауыш сыныптардың 73 мың мұ­ғалімі білім берудің жаңартылған маз­мұны бойын­ша біліктілікті жетілдіру курстарын тәмам­даған. Бюджет қаржысын жұмсап, біліктілікті көтеру жа­ғы­нан да кенде емес екенбіз. Ал жалпы қо­ғам­­да мұ­ғалім мәртебесінің көтерілмеуінің себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын ең алдымен, әркім өзіне қатысты мәселелерге байланысты іздегені жөн деп ойлаймыз. Мұғалім мәртебесін асқақтататын да, ұстаз беделіне көлеңке түсіріп, көмескілендіретін де қоғам. Әрбір ата-ана – қоғам мүшесі. Мұғалімге деген құрмет ең алдымен отбасынан басталуы керек. Сондықтан әрбір қоғам мүшесі өзінің отбасында «бар өмірін балаға» арнайтын ұстаздықтың қадір-қасиетін ұғындырып, балалардың бойында жастайынан мұғалімге деген кіршіксіз құрметтің қалыптасуын қадағалауы керек. Қоғамның алдында тұрған тағы бір кезек күттір­мес міндет – мұғалім мамандығын өте жеңіл қол­жетімділіктен құтқару. Қазіргі кезде жоғары білімді маман болудың ең оңай жолы – мұғалімдік. ҰБТ-дан ең төменгі балл алған үміткер педколледжге бара салады. Содан кейін білімін сырттай жалғастырып, кез келген мектептің дардай мұғалімі болып шыға келеді. Мұндай «мұғалімнің» ұстаз деген киелі мамандыққа дақ түсіргеннен басқа берері жоқ. Сондықтан педагогикалық оқу орындарына 100 балдан жоғары баға алған үздіктерді ғана қабылдау тәртібін енгізу қажет. Екіншіден, мұғалімдерді жұмысқа қабылдар алдында білім басқармаларында арнайы құрылған комиссиялар жас маманның кәсіби біліктілігін, ұстаздың қарым-қабілетін айқындайтын кәсіби аттестаттау өткізу керек. Мұғалім мәртебесінің жоғары болуына аудан­дық, қалалық және облыстық дәрежедегі білім басқармаларының басшылары, мектеп дирек­торлары тікелей жауапты болуға тиіс. Өкінішке орай, көпшілігі тамыр-таныстықпен қызметке тағайындалатын бұл басшылардың кейбіреуі мұғалім беделіне кесірін тигізуде. Бұл басшыларды тағайындауға Білім және ғылым министрлігінің ешқандай құзыры жоқ. Оларды аудан, қала және облыс әкімдерінің осы салаға басшылық жасайтын орынбасарлары іріктейді және тағайындайды. Ешбір сынақсыз тамыр-таныстықпен тағайындалған мұндай басшылар жоғарыға жалтақтап, ұжымды «жұмған жұдырықта» ұстау үшін төңірегіне тура өзі сияқты дарынсыздарды топтастырады. Осындай мектеп директорларының көпшілігі сабақ жүргізбей-ақ жоғары санаттарды иеленіп алған. Керісінше білікті мұғалімдердің сабағын талқылап, кәсіби деңгейін анықтауға қауқарсыз. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеруге тікелей жауапты аудандық, қалалық оқу бөлімдерінің басшыларын және мектеп директорларын тек кәсіби сынақ арқылы бекітетін өкілеттілікті Білім және ғылым министрлігіне беретін уақыт жетті. Тағы бір ерекше ескеретін мәселе, бүгінгі таңда қатардағы мектеп мұғалімінің еңбегін қорғайтын заң, мүддесін қолдайтын қорғаушы жоқ. Сондықтан мектеп директорының алдында да, ата-аналардың алдында да мұғалім жалтақ. Тұрмыс тауқыметін батпандатып, тіршілік тынысын тарылтқан мына «жабайы капитализм» заманында күнкөріс көзі – қызметінен айырылып қалмау үшін мұғалім дұрыс болса да, бұрыс болса да мектеп директорының айтқанымен жүруге мәжбүр. Мұғалім мәртебесін көтеру үшін бұл киелі мамандыққа деген көзқарасты өзгерткен жөн. Сонау келмеске кеткен кеңес заманында мұғалім беделі бүгінгіден көшілгері болатын. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге көптеген әлеуметтік жеңілдіктер жасалатын. Қоғамдық тәрбие мен идеология ұстаз ұлағатын көтеруге құрылатын. Өткеннен қалған өнегелі істерден сабақ алып, қоғамға пайдалы игілікті шараларды қайта жаңғыртудың ешбір артықтығы жоқ. Француздың ұлы ойшылы Жан Жак Руссо «Ұстаздық уақыт ұту емес. Өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Бүкіл қоғамның қолдауына және құрметіне ие болғанда, ұстаздар да осы ұлағатқа лайық болады деп сенеміз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»