• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай...»

949 рет
көрсетілді

Қатты аяздың соңы қарлы боранға ұласатын сыңайлы Күз халыққа жайлы-ақ басталып еді... «Биылғы қыс қаһарын қатты төкпейді-ау» деп болжағанымыз да рас. Алайда, қараша туғанда қар жауды, қалың жауды. Қайтқан құстар қанатын баяу қағып, тас лақтырсаңыз дәл тиетіндей қашықтықта ұшып бара жатқаны да көңілге салқындық себе кетті. Сол тұста топтаса қарқылдаған қарғалар кешегі ызғарды ескертті-ау. Өлараның күндері шым-шым аязбен атып, қытымырлана батқаны да естен шыға қойған жоқ. «Күннің райы қайтер екен?» дескенбіз. Ай ортасынан ауғанда синоптиктер хабар таратты. «Батыс Сібірдің солтүстік аймақтарында суық антициклон таратылады, соның әсерінен тек солтүстік облыстарда ғана емес, республиканың оңтүстігінде де температураның төмендеуі күтілуде», деді мамандар. «Қазгидромет» өкілдері іле-шала былай мәлімдеді: «Бұрын-соңды болмаған аяз Қазақстанның солтүстік пен шығыс облыстарына орнықты. Орташа тәуліктік ауа температурасы бұл аудандарда климаттық нормадан 10-18 градусқа төмен. Мұндай аяз Кар теңізі үстінде қалыптасқан салқын және қатты антициклонның әсерінен болуда. Аркти­калық ауа ағыны салдарынан ең төменгі температура – 30-36 градусқа дейін түсті. Осындай жағдай алдағы үш тәулікте сақта­лады, орталық пен шығыста түнгі темпе­ратура, тіпті төмендеуі, жекелеген аудан­дарда – 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін». Мамандар қателеспеген екен, сенбі, жексенбі күндері қаһарына мінген қысты көрдік. Бет қаратпаған аязы күшейіп, айтар­дай-ақ қысты! Солтүстік, орталық және шы­ғыс облыстарда түнгі температура – 30-35, кей жерлерде – 40 градус аяз болды, батыс­та сынап бағанасы – 20-28 градусты көрсетті. Кеше күн райы сынған сияқты, әйтеуір аяз сабасына түскен. Десе де, синоптиктер дабыл қағуда. Ертең және арғы күндері Солтүс­тік Қазақстан, Ақмола, Павлодар об­лыс­тарында қар, бұрқасын, кей жерлерде күш­ті боран болмақ. Оңтүстік-батыстан соқ­қан желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жететін көрінеді. Қалай десек те, «Қара­шаның қайтуы» оңай болмайтын сыңайлы. Біз «Қазгидромет» орталығы ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының жетекші инженері Айгүл Мыңжановамен тілдес­кен едік. «Ағымдағы айдың ортасынан бастал­ған аяз үш-төрт тәулікте күшіне енген еді. Арты қарлы боранға ұласатын түрі бар. Желтоқсан да құбылмалы болғалы тұр», дейді ол. Маман сөзіне сенсек, келер айда қар, тұман, бұрқасын, көктайғақ жағдайлары жиі орын алатын сыңайлы. Қазақстанның басым бөлігінде температуралық режім климаттық норма аясында қалыптасады, тек Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында мөлшерден біршама төмен болады. «Ең суық күндер желтоқсанның бірінші және үшінші онкүндігінде орын алады. Ол кезде солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде сынап бағанасы түнде – 20-25, кей жерлерде – 35 градусқа дейін төмендесе, күндіз – 10-15, кей жерлерде – 20 градусты көрсетеді. Ал батыс, оңтүстік облыстарда түнде – 10-20, күндіз – 5-15 деңгейінде байқалмақ», дейді А.Мыңжанова. «Қазгидромет» өкілінің сөзі дәстүрлі болжамдарымызбен де үйлесіп тұр. Ақырғы айдың алғашқы күндерінде «Қырбастың қызылы» келмей ме? Кәдімгі бет шымшитын аяз. Содан кейін, жылдың соңына таман «Текенің бұрқағы» бар. «Бұрқылдақ» деп те аталады. Бұл – екі-үш күн бойы ұйыт­қитын ызғарлы боран. Қаңтар қалай басталады? Кешегі ызғардан соң, бұл сауал да көпті алаңдатқаны рас. Айгүл Мыңжанова алдағы жылдың қысы халықты қатты қыса қоймайтынын айтады. «Ұзақ мерзімге жасалған болжамға сүйенсек, температура аясы орташа көпжылдық мәннен бар болғаны бір градус қана төмен. Ал ақпанда Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қар шамадан аз жауса, қалған өңірде жылдағы мөлшер шамасында жауады», деген болжам жасады синоптик. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»