Кеше Парламент Мәжілісінде «Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбы бойынша 2017 жылдағы алғашқы Үкімет сағаты өтті. Онда Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.
Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева ашып, жүргізіп отырды. «Салықтық және кедендік саясат – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімді кепілі. Мемлекеттік кірістерді әкімшілендіру саласы әлеуметтік зор маңызға ие. Салық-бюджет саясаты дұрыс жолға қойылған кезде халықтың да, бизнестің де және мемлекеттің де мүдделері сақталады. Президент Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында салық саласының ашықтығын арттыру және оны әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмалар берген болатын. Сонымен қатар, Ұлт жоспарындағы реформаның үшінші бағыты индустрияландыру мен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі өзгерістер кешеніне тікелей байланысты. Ұлт жоспарының 8-қадамы осы мәселелерге арналып отыр. Оның ішінде салық және кеден саясаты мен рәсімдерін оңтайландыруды, кедендік рәсімдерді өту кезінде «бір терезе» қағидатын енгізуді және электрондық декларациялау жүйесін дамытуды, кеден және салық жүйелерін интеграциялауды, жалпыға бірдей салықтық декларациялауды енгізу және оны қабылдау мен өңдеу орталықтарын құру, т.б. іске асыру белгіленген», дей келіп, осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын айту үшін сөзді Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа берді.
Министр салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселесін бес бөлімде баяндап берді. Оның біріншісі – Кірістермен жұмыс және бақылау қызметі. 2016 жылғы мемлекеттік бюджетке түскен кірістер жоспары 108,4% болып, жоспардағы 5 719,7 млрд теңге іс жүзінде 6 198,1 млрд теңгеге жетіп, 478,4 млрд теңгеге асыра орындалды, деді ол. Бұл – салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту бойынша қабылдаған шаралар нәтижесі. Қажетті бақылау мен міндеттемелерді орындау үшін бизнеске қолайлы жағдай жасалып, балансты қамтамасыз еткендіктің маңызы зор болды. 2016 жылы салықтық тексерулер 10 мың болып, 2013 жылғы 12,2 мыңнан әжептәуір азайған. Тексерістер барысында 2013 жылы 35,4 млн теңге қосымша кіріс түскен болса, 2016 жылғы 10 мың тексерістен 54,6 млн теңге қосымша түсім болған екен. «Яғни тексеру саны азайғанымен, салықтың түгел есептелген сомасы 1,8 есеге өсті, – деді министр. – Бұдан басқа, кәсіпорындардың жабылу кезіндегі тексерулерін жүргізу барысында аутсорсинг тетігі енгізілді. Оның нәтижесінде тарату рәсімі жеңілдеді, тексеру саны мен жүргізу мерзімі қысқарды. Бұдан басқа, салық төлеушілерге айыппұл қолданбастан, қателіктерді дербес жою мүмкіндігі берілді».
Екінші кезекте министр сыртқы тауар айналымын жеделдетуге ықпал ету жұмыстары туралы баяндады. Тек екі үдерісті оңтайландыру нәтижесінде жасалатын іс-әрекеттердің саны 898-ден 394-ке дейін (2,3 есеге) қысқартылды. Жалпы, кедендік рәсімдеу уақытын 6 сағаттан бір сағатқа дейін қысқарттық, дей келіп, министр одан әрі осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанын атап өтті. Соның ішінде сыртқы сауда қызметі, лицензия мен рұқсаттар беретін басқа да бірқатар істер мемлекеттік органдарға тәуелді екенін айта келіп, «Осыған байланысты, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін «бір терезе» қағидатын енгізу жоспарланып отыр және UNICTAD-тан сатып алынған ASYСER бағдарламалық өнімін түрлендіру бойынша жұмыстар басталды», деді.
Үшінші бөлімде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша сөйлеген Б.Сұлтанов Мемлекет басшысы ұсынған бұл бағыт институттық реформаларда басымдық ретінде көрсетілгенін еске салды. Бүгінде мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік қызметтің 52 түрін көрсетеді (32 салық және 20 кеден бағыты бойынша). Бұл ретте 34 қызмет түрі (немесе 65,4%) электрондық нысанда көрсетіледі, оның ішінде қызметтің 29 түрі баламалы негізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚО) арқылы қолжетімді болды, деді министр.
Төртінші бөлімде халықаралық рейтингтердегі мемлекеттің орны туралы баяндалды. 2016 жылы Қазақстан «Кеден рәсімдерінің ауыртпалығы» көрсеткіші бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде елеулі түрде алға жылжығаны (77-ден 55-ші орынға) белгілі болды. «Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2017» есебіне сәйкес, 2016 жылы «Төлемдік қабілетсіздікті реттеу» атты индикатор бойынша Қазақстан өз орнын 9 сатыға жақсартып, 37-орынға ие болды (46-орыннан 37-орынға). «Салық салу» индикаторы бойынша Қазақстан әдістеменің өзгертілуіне байланысты 3 орынға төмендеп, 60-орынға орналасты (бұрын 57-орын)», деді министр.
Баяндаманың соңғы бөлімінде Б.Сұлтанов аталған бағыттағы «100-нақты қадам» – Ұлт жоспарының іске асырылуы бойынша баяндады. Бұл мәселелерде жұмысты одан әрі автоматтандыру мен қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың маңызы зор болып табылатынын айтты. «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу шеңберінде орасан зор жұмыс жүргізілді. Бұл жүйенің артықшылықтарына көз жеткізген көптеген кәсіпкерлер 2015 жылдан бастап шот-фактураларын электронды пішімде ресімдеуде», деді министр.
Қаралған мәселе бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова жасады. Салық салуды әкімшілендірудің сапалы болуын айта отырып, ол салық көлемінің өспейтініне назар аударды. Қуат көздері бағасының тұрақсыздығына қарамастан, ел экономикасын индустриялық-инновациялық дамыту, тұрғын үй құрылысы, бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша орасан зор жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың бәрі бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға тиісті еді. Өкінішке қарай, бізде олай болмай отыр. Мұның бір себебі, салықтық әкімшілендіруді сапасыз жүргізгеннен сияқты. Біздегі салық органдары салық төлейтіндермен ғана жұмыс істейді. Ал оны төлемейтіндерді тауып жатқанын естімейсің. Әділет министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, жергілікті атқарушы органдардағы ақпараттық ресурстарды пайдаланып, салық төлеуден жалтарып жүргендерді анықтау керек қой, деді Г.Қарақұсова.
Сонымен қатар, ол мүліктерді тіркеуден өткізудің кемшін тұстарын айтты. Әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық мүліктер, соның ішінде тұрғын үйлер есепке алынса, олардан түсетін салық еселеп артуы мүмкін екендігін атап өтті. Г.Қарақұсова айыппұлдарға байланысты да мәселе көтерді. Бұл – мемлекет пен салық төлеуші арасындағы деструктивті тетік. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ол 2014 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық болыпты. Өкінішке қарай, айыппұл төлейтіндердің көбі салық органдарының қателігінен айыпқа ұшырайтын адал салық төлеушілер болып та қалады. Тіпті, кейбір айыппұлдар Салық кодексіне және халықаралық келісімшарттардың қағидасына да кереғар болып жатады. Оның қателігін сот арқылы дәлелдегенше айыппұл өндіруші өзінің жоспарын орындағанын көрсетіп, сыйақы алып жатады. Тіпті кейбір айыппұлдардың көлемі салық төлеушінің табысынан да асып кетеді. Салық төлеуші өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін қияметтің қыл көпірінен өтуіне тура келеді. Айыппұл дегеннің өзі салық органдарының тиімсіз жұмысының бір көрінісі емес пе? Сондықтан айыппұл санкцияларын қолдануға барынша мұқият болу керек, деп сөзін аяқтады депутат.
Осыдан әрі негізгі баяндама жасаған Қаржы министрі Б.Сұлтанов депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Ал әзірленген ұсыныстар бір аптаның ішінде Үкіметке жіберілетін болды.
Отырысқа Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Инвестициялар және даму, Ішкі істер, Әділет, Энергетика, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері мен ҰҚК және де «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»