• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2011

«Дәрігердің қателесуге хақысы жоқ»

1291 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы №5  клиникалық аурухананың бас дәрігері,  медицина ғылымдарының кандидаты Жанат ҚАСЫМЖАНОВА: Алматы қалалық  №5  кли­никалық ауруханасы 30 жылдан бері отан­­дық құлақ-мұрын-тамақ  және жақ-бет әлпет ауру­ларына жоғары мамандандырылған  диагностикалық-емдік көмек көр­сетіп келе жатқан  емдеу орны. Мұнда туа біткен де, жүре пайда болған саңыраулық кеселге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай аса күрделі бет-жақ сүйек аумағын қайта жаңарту, қалпына келтіру, т.б. күрделі операциялар жасалады. Аурухана дәрігерлерінің қолда бар заманауи технологияларды пайдалана отырып,  жаңа тәсілдерді  ойлап табуына қолдау көрсетіп, жағдай жасап отыруда жаңашыл емдеу орны – №5  клиникалық аурухананың бас дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат ҚАСЫМЖАНОВАНЫҢ еңбегі зор. Ол инновациялық технологияны қолданысқа енгізудегі жетістіктері үшін республика Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Жанат Кәкімсейітқызымен әңгімеміз  денсаулық сақтау саласындағы жүргізіліп жатқан  реформаның бүгінгі жайы,  медиктердің әлеуметтік жағдайы,   дәрігерлік мамандықтың мәртебесі, проблемасы   жайында өрбіді. – Жанат Кәкімсейітқызы, өзіңіз білесіз, елімізде былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Сіз басқарып отырған клиникада стационар да, емхана да, әйелдер кеңесі де бар. Емдеу орнының басшысы ретінде бұл жүйенің қандай артықшы­лық­тары мен кемшіліктерін көріп отырсыз? – Қалай дегенде де, бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі – аурухана үшін өте тиім­ді деп есептеймін. Неге десеңіз, бұ­рын­ғы жүйе бойынша ауруханаға жатқан бір науқасқа сыр­қаты ауыр бола ма, же­ңіл бола ма, оған қарамай фиксациялық баға – 26 мың теңге бөлінетін. Сөйтіп, бір науқасқа аз, біреуге көп дәрі-дәрмек жұмсалса да, біреу он күн, біреу үш күн жатса да – барлы­ғы­на сол бір баға еді. Ал жаңа бағ­дарламада қатып қал­ған өлшем жоқ, көрсетіл­ген нақ­ты істің ақы­сы төленеді. Науқасқа кеткен дәрі-дәр­мек, дәрігердің еңбегі, ауруды анық­тау, лабо­ра­ториялық зерт­теу­дің бәрі сол бағдар­ламаға енгізіліп, қаражат нақты дерек бойынша белгіленеді. Мұнда нау­қастың емі 30 мыңнан 120 мың теңге ара­лы­ғында болуы мүмкін, яғни факті бойынша ем жүргізіледі деген сөз. Демек, бұрынғы жүйе біздерді ма­те­риалдық жағынан қанағат­тан­дыр­маса, бүгін­де науқасты сапалы емдеуге кет­кен ақшадан дәрігерге, басқа қыз­мет­керге үстеме ақы беруге мүмкіндік туып отыр. Бұдан қызмет­кер­лердің жұмысқа деген ынта­сы артты. Дәрігер өз жұмысынан ақау шы­ғармауға тырысатын болды. Өйткені, науқастың ауру тарихы Сапаны бақылау комитетіне өткі­зі­леді. Олар емделген науқастың ауру тарихын тексеріп, бағдарламаға салып жібергенде, кемшіліктері шыға келеді. Сол кезде бір дәрігердің кемшілігі он пайызға, екіншісінікі одан да кө­беюі мүмкін. Өйткені, компьютер бір мезетте «емдеуде осындай ақау жіберілген» деп, бұ­рынғыдай жалпылама емес, дәрігер­дің аты-жөні, кемшілігін көрсетіп, жалтармас фактімен дәлелдейді. Ондай жағдайда компьютерге ешкім ештеңе айта алмайды. Бұл бағдар­ла­маның жан-жақты жетілдірілгені деп білемін. Яғни, кемшілікті көріп, нашар, жақсы дә­р­ігерді анық­тауға мүмкіндік береді. Сөй­тіп, жіберілген кемшіліктер үшін ауруханаға айыппұл салынып, өздеріне тиісті қаржыдан ұсталынып қалынады. Мұндай жағдайда аурухана бас­шысы дәрігер­лері­мен жұмыс істей бастай­ды. Егер бір дәрігер бірнеше рет кемшілік жіберіп, емдеу орнына шығын әкелетін болса, ондай маманды клиника қашанғы ұстамақ. Біз де қа­рап отырмай, кеткен кемшіліктерді ауру­хана­ның өз аудитіне тексертіп, өз анализімізді жасап, алдағы уақытта бұл ма­манмен жұмыс істеу, істемеу жөнінде ой­ла­намыз. Болмаса олар­ды білімін көтеруге оқуға жібереміз, яки қабылдау бөлмесіне кезекшілікке қоямыз. Міне, көрдіңіз бе, жаңа жүйенің тағы бір арт­ық­шылығы, аурухана­ның өз ішінде жо­ғарыда айт­қандай, ішкі аудит жұмысы енгізілді. Он­дағы 4 доцент ау­ру­хананың бағыт-бағ­дарын анық­тап қоймай, ілгері басуымыздың жол­да­рын да ұсынады, жұмысымыздың әлсіз тұс­тарын айқындап береді. Соның негізінде өз ішімізде аттестация жүргізуді қолға алдық. Ал аттестация кезінде қай маман болсын өз білімін жетілдіруге тырысады. БҰЖ-ның кемшілігіне келсек, тегін ме­дициналық көмектің кепілді көлемін пайда­лану үшін әр азамат өз таңдауымен тұр­ғы­лық­ты жә­не уақытша тұрып жатқан мекен-жайына қарас­ты емханаға тіркеліп, емделуге құқылы делінгенмен, оның орындалуы қиын­ға соғуда. Мә­се­лен, Орбита ықшам ауданында тұратын пациет­тің Достық даңғылындағы біздің емханаға тіркеліп, емделуі қиындайды. Өйткені, учаскелік дәрігер Орбитаға барып, медициналық көмек көрсете алмайды. Сон­дық­тан біздің емханаға келіп тіркелгісі келетіндерге: «Учаскелік дәрі­гер­ге өзіңіз келіп емделетін жағдайда ғана, сізді тіркейміз. Егер науқасыңыз ауыр болса, учаскелік дәрігерді емес, жедел жәрдем шақыртуға тура келеді» деп, ескертудеміз. Яғни, дәрігерді таңдаудағы ара қашықтық алшақтығы ескерілмеген, маман жетіспеушілігі, көлік мәселесі шешілмеген. Мәселен, емханамыз 40 мың тұр­ғынға медициналық қызмет көрсетеді. Оған ең кемі бес көлік қарастырылуы қажет. – Жыл сайын қалалық денсаулық сақ­тау басқармасы өткізетін дәстүрлі байқау­да Ал­ма­тыдағы 76 мемлекеттік аурухана мен емхана ара­­сында сіздің клиникалық аурухана дәрі­гер­лері мен медбикелері бәй­ге­нің алдын бермеу­де. Өзгелерге де үлгі, жұғысты болсын, ондай жеңістерге қол жеткізудің «құпиясы» неде? – Құпиясы сол – ең бастысы шы­ғар­ма­шылық рух, сондай-ақ заманға сай жаңа инновациямен, жаңа технологиямен жұмыс істеп, соның жетістіктерін тиімді игеру. Соңғы жыл­дары профессор Штайнбахтың (Германия) жетекшілігімен есту қабілетін жақсарту замани опе­рациялары қолға алынып, Ресей, АҚШ, Франция мамандарымен бірлескен қайы­рым­дылық шаралары жүзеге асырылды. Соңғы үш-төрт жылда бүкіл бөлім меңгерушілері мен бір топ дәрігер алыс және таяу шетелдердің жетекші клиникаларында білімін жетілдіріп, тәжірибе алып қайтты. Осының бәріне бізге ешкім бір тиын берген жоқ. Биылғы жеңімпазымыз Жамбыл Фазылов­ты алайық, балалар жақ-бет хирургиясы бө­лі­мінің дәрігері, медицина ғылымдарының кан­ди­даты. Бөлімшенің жаңа инновациялық тәсілі – Қазақстан мен Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінде тұңғыш рет құлақ жолын ашу опе­рациясын ұсынып, бүгінде практикада кеңінен қолдануда. Сондай-ақ, 2007 жылы дәрігеріміз Ұлбала Әділханова Алматы қаласы мен рес­публиканың үздік дәрігері атанса, 2009 жылы А.Аманғалиев пен М.Әуелбаев республикада 3-ші орынды иеленді. Ал мейірбикелерге келсек, «Үздік мейірбике» жүлдесін 2007 жылдан бері қолдан бермей келеміз. «2010 жылдың үздік медбикесі» Мә­дина Баеваға бұйырды. Жалпы шетелде меди­цинаның басым бөлігінің жұмысын орта буын қызметкер­лер атқарады. Мәселен, медбике ана­лиздерді, кардиограмманы өздері оқып, дәрі­герге дайын­дап береді, жараны таң­ғанда, операцияда қасын­да тұрып көмектеседі. Дәрі­гер тек жоғары ме­ди­циналық біліктілік қажет жағдайда ғана пай­да­ланылады. Оларда «Жақ­сы мейірбике – ол 70 пайыз жетістік кепілі» деген ұғым бар. Сон­дық­тан да шетелде мед­бикенің беделі жоғары. Ал бізде қалай, мейірбике тек дәрі таратады, ине са­ла­ды. Біздер клиникада сол стереотипті өзгер­тіп, олардың бі­лімін көтеруге күш салдық. Яғни, шетелдегі сияқты біздің медбикелер де жұмыс­тың едәуір бөлігін өздері атқарады. Соған бір мысал келтіре кетейін. Бізге шетелдік мамандар тәжі­ри­бе алмасуға көп келеді. Сондай тәжірибе алмасу кезінде 2008 жылдың ең үздік мейірбикесі Любовь Евгеньевнаның жұмысына қызыққан неміс ға­лы­мы оның еңбегіне жоғары баға беріп, «құда түсті». Еліне апарып өз мейірбикелеріне жұмыс тәжірибесімен бөлісуге аттай қалап сұрады. Алайда, сол шетелдік маманнан жоғары баға алған мейірбике, дәрігерлеріміз ойдағы­дай жалақы ала алмай отырғаны өкінішті-ақ. Мен Медеу ауданының бас дәрігерімін. Осы аудан бойынша 13 аурухана бар. Ондағы мейірбикелер мен дәрігерлердің көпшілігінің үй-күйі жоқ. Мәселен, пәтерге аса мұқтаж 300-дей мейірбикеге үй болмаса да, жатақхана берілсе екен деген тілекпен қала әкімдігіне, Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалына да хат жаздым. Тіпті жағдайымызды сұрай келген Мәжіліс депутаты Светлана Бычковаға арнайы хат та ұстатып жібердім. Бірақ мәселе сол шешілмеген күйінде қалып отыр. – Бүгінде медицина бір орнында тұрмай, ал­ға жылжуда. Сіз басқарып отырған емдеу ме­кемесі қандай жетістіктерімен мақтана алады? – 180 төсектік клиникалық ауруханада ма­ман­данған белгілі дәрігер-ғалымдар еңбек етеді. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен С.Асфендияров атын­­дағы Ұлт­тық медицина университетінің 9 ка­федрасы бізде. Онда еліміздің осы саладағы ең әйгілі, ең білгір ғалымдары практикалық ба­ғыт­тағы дәрі­гер­лерге кеңес береді, өздері емдік жұмыстар жүр­гізеді. Мұн­да жыл сайын шұ­ғыл түрдегісі бар, жос­пар­лысы бар 40 мың адамға хирур­гия­лық көмек көр­сетіледі, қа­былдау тәулік бойы жүр­гізіледі. Ұжым­дағы 500-ден аса маманның 124-і дәрігер. Оның біреуі ғылым докторы, бесеуі ғылым кан­дидаты, 68-і жоғары санаттағы дәрігер. Былтырғы жылғы клиниканың алған асуы – адам дамуында ерекше орын алатын ақаудың бірі – жоғары ерін және таңдай жырығы болып табылса, сондай кемістігі бар балалардың опера­ция­ларын аурухана дәрігерлері өздері ойлап ш­ы­ғарған заманауи әдіс-тәсілдер қол­дану арқылы жүзеге асыруда. Сондай-ақ, қазір­гі медицинаның күрделі мәселесінің бірі – жа­ңа туған бала­лардың есту жолынсыз және құ­лақ жарғы­сыз немесе туа біткен есту жолының атрезиясы және микроге­ниясы болып табы­ла­ды. Қосарланған патология кезінде ол ерекше қиындық туғызады. Ести алма­ған адам сөйлей де алмайды, себебі бастың шеке бөлігіндегі ес­ту және сөйлеу орталықтары бір-бірі­мен бай­­ланысты. Осы кезге дейін есту жолы­ның ат­ре­зиясын жою болашағы жоқ операция бо­лып, мамандандырылған көмек тек есту ап­па­ратын таңдап берумен шектеліп, ал бала жаста есту аспаптарын таңдау және пайдалану қиын­ға түсетін. Осыған байланысты клини­ка­мыз­дың ал­дында үлкен мақсат қойылып, есту жо­лының атрезиясын операция арқылы емдеу әдісін әзірлеу кейінгі 5 жылда балалар жақ-бет хирургиясы бө­лім­шесінің меңгерушісі, медицина ғылымдары­ның докторы, профессор Серік Нұрмағановтың (2004 жылдың үздік дәрі­гері) жетекшілігімен табысты шешімін тапты. Бүгінде осы жаңа әдістер бойынша патент алын­ды. Мұндай жетістіктеріміз шетелдік әріптес­тер­дің қолдауы мен мақұлдауына ие болды. Тіпті, профессор Серік Балташұлына Германияның ғалым­дары осы жаңа әдісті үйреніп, тәжірибе алмасуға өздеріне шақырып отыр. Ал израилдіктер келесі жылы өздері келіп үйренбек. – Жанат Кәкімсейітқызы, медиктердің жал­ақысы биыл тағы да 25 пайызға кө­терілді. Сонда бүгінгі дәрігердің жалақысы қанша? Басшы ретінде қызметкерлеріңіздің әлеуметтік жағдайын зерттеп көрдіңіз бе? – Бізге университетті бітіріп келген маман 32 671 теңге жалақы алса, жұмыс өтілі 3 жыл­дан асқандар 34 441, жұмыс өтілі 10 жылдан асқандар 36 483, 20 жылдан асқандар 39 205 теңге алады. Өзіңіз ойлаңыз, жас маман осы ақшаға отбасын асырап, ма­мандығын жетілдіріп, әрі науқасты күліп қар­сы алуы керек. Әри­не, мұн­дай ай­лық­пен ешқа­шан пәтерге қол жеткізе ал­майды, тіпті ипо­те­­каға үй берілмейді, ал жал­ға беретін пә­тердің ақысы удай. Әсіре­се, мейір­бикенің жалақысы пәтер жал­дап тұ­руға да жетпейді. Содан амал жоқ, бірнешеуі бірігіп, бір пә­терді жалдап күн көру­де. Әрине, жас кезде еш­теңе емес, жастары ұл­ғай­ғанда 5-6 мейір­бикенің бір бөлмелі пәтерге тығы­луы, тіпті, жан ауыртады. Рас, Медеу ауда­ны­ның дәріг­ер­леріне қарас­ты бір жатақ­хана бар. Оның жер­төлесі ғана бізге тиесілі. Онда 8 мейірбикеміз ғана тұрып жа­тыр. Ал қал­ғандары со­ның өзіне зар. Тағы бір мә­селе, жас маман клини­ка­лық ауруханаларда, яғ­ни стационарда хирург бо­ламын деп ты­ры­сып операция жасап, маман­дық­тың қы­зығына тү­сіп, қи­май жү­руі мүмкін, ал емхана­ға олар мүл­дем келмейді. Бү­гін­де дәрі­гер 50-70 мың тең­ге жал­ақы алуы үшін бір жа­рым-екі ставкаға жұ­мыс істейді. Ол деге­ніңіз кү­н­ара түнгі кезекшілік. Енді ойлап қара­ңыз, осы жалақыға отбасын асырай алмаған маман не істейді – жеке меншік клиникаға, бол­маса басқа жұмысқа кетеді, болмаса қа­лайда «нау­қастың қалтасына түсуді» ойлас­ты­рады. Жалақы жай­лы бір дәрігердің: «Кеші­рі­ңіз, үш балама жо­ғары білім беру үшін бәріне барамын» деп айт­қаны бар. Меніңше, үкімет медиктердің жал­ақы­сын есептегенде осындай әлеуметтік жағ­дай­ла­рын ескеріп барып, қоры­тынды жасаулары керек. – Жақсы кәсіби маман болу үшін дәрі­гердің бойында қандай қасиеттер болуы қа­жет. Яғни, жас маман даярлауда қай жағына басымдықпен қарау керек деп ойлайсыз? – Өз басым дәрігер даярлауда оларды ә дегеннен дербес жұмыс істеуге үйреткен дұрыс деп санаймын. Ал бізде қалай? Ол әрекет оқуды бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін ғана қалыптасады. Оған кем дегенде 2-3 жыл кетеді. Жоғары оқу орнында 20 жыл оқысаң да, егер негізің болмаса сенен мықты дәрігер шық­пай­ды. Ендеше, бү­гінде қолында дипломы бар жас маман жоо бітіргенде науқасқа шұғыл түрде кәсіби көмек көр­сете алатын, осы заманғы аппаратуралармен жұ­мыс істей білетін, өз ісін меңгерген маман болып шығуы тиіс. Ол үшін, менің пайым­дауымша, жоо-да оқу мерзімін ұзарту емес, интерна­тура­ның оқу бағдарла­ма­сын қайта қарап, кәсіптік дағдыларды мең­геруді күшейту керек. – Сіз жақсы басшы болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? – Жақсы басшы болу үшін бәрін өзіңнен бас­тауың керек. Ең алдымен, басшы адам жұ­мысқа үзіліп-созылып сағат онда емес, қыз­меткерлері келгенше өз орнынан табылғаны абзал. Неге десеңіз, сіз жұмысқа келмей үйде жат­саңыз, не тойда жүрсеңіз, олар қалайда бәрін біліп оты­рады. Екіншіден, әріптес­теріңе өті­рік айтуға болмайды. Не нәрсені де ашық жеткізуге тырыс­қаның жақсы. Үшінші­ден, кәсіби білі­гі­ңіз­ді кө­теріп отыруыңыз керек. Өйткені, нау­қас­қа сараптама жасалғанда, сіз өз жұмысы­ңыз­ды білесіз бе, білмейсіз бе – ол бірден байқалады. Кейде емделген нау­қас­тың та­ри­хын оқып оты­рып, жіберілген өрескел қателік­терді, кемшіліктерді көр­ген­де, эмоцияға беріліп, қат­ты кететінім бар. Өйт­кені, дәрігер­дің қате­ле­суге хақысы жоқ. Ал мұндай кезде басшы қашан­да табанды­лық­пен үйретуден жалықпауы, әрі дәрі­гермен жеке жұ­мыс істегені лайым. Бірақ, денсаулық сақтау са­ла­сында отыз жылға жуық жұмыс істеп, бір нәрсеге түсінбей барамын. Мәселен, медицинада өте әлсіз дәрігерлер мен өте әлсіз мейірбикелер бар. Олардың бұл мамандықты жақсы көрмей­тіні әр ісінен, әр сөзінен байқалып, білініп тұ­рады. Сондайда: «бұл жұмысқа қыры да, икемі де, ықы­ласы да жоқ екен, неге барды екен?» деп ой­лай­мын. Өйткені, олардың әрбір қадамы адам өлі­міне әкелуі мүмкін ғой. Бұрындары «Егер басшы болсам, жұмысқа тек кәсіби біліктілігі жо­ғары дәрігерлерді аламын» деп ой­лайтын­мын... Жасы­ратын несі бар, әлде уақыт сондай ма, бүгінде сауатсыз, нашар дәрі­герге ескертпе жасап, «сен медицинада жұмыс істей алмайсың, дәрігер бола алмайсың» деп шы­ғарып жіберуге қорқасыз. Өйт­кені, қазір жақсы болды, бас дәрі­герді жамандап, өтірік жала жауып сайтқа болмаса жоғары жаққа арыз жазады, немесе көкелеріне телефон шалғы­зып мазаңды алып жұмыс істетпейді. – Ондай мысалдарыңыз бар ма? – Ауруханадағы жемқорлықпен күресуде пәре алған дәрігерлерді жұмыстан шығарамын деп, басым пәлеге қалғаны бар. Олар бір жыл бойы не айтпады дейсіз: газетке де жазды, сотқа да бардық, ин­тернетке де шықтық. Қазір ол дәрігерлер бізде жұмыс істемейді. Міне, бас дәрігер болғаныма бес жылдай болды, сол мақ­сатыма әлі жеткен жоқпын. Жалпы, дәрігер мен мұғалімге ең алдымен жоғары кәсібилік керек. Неге десеңіз, ұлттың денсаулығы, ұлттың білім деңгейі сол мамандық иелерінің қолында. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.