Алтынкүрек жел көктемнің келгенінен хабар берді. Қостанайда қар көбесі сөгілді. Ә дегенше-ақ қыр төсі жалаңаштанып, топырақ бусанып қалар күн де алыс емес. Өткен жылдың қиындығын ұмытпаған диқандар биыл көктемгі дала жұмыстарының қамын ерте бастан ойластырып, мәслихатқа басқосты. Оған әдеттегідей агроөнеркәсіп кешеніне қатысы бар деген ірі астық компанияларының, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, жер қатынастары және аумақтық инспекция басшылары мен аудан, қала әкімдері жиналды. Басқосуда алдымен соңғы жылдардағы құрғақшылық ауызға алынды. Өйткені, бірнеше жыл қатарынан ылғалдың аз түсуі Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығына әсерін тигізбей қоймады. Осы жиында өткен жылды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасов көптен бері бірінші рет ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің төмендегенін айтты. Өнімнің физикалық көлемінің индексі былтыр 2009 жылға қарағанда 81 пайыз болды. Ауылшаруашылық кәсіпорындарының инвестициялық белсенділігі кеміп, несиелік қарыз көбейді. Бүгінде кредиторлық қарыздың көлемі 34 миллиард теңгені жобалап отыр. Өткен жылы республика Үкіметінің шешімімен облыстағы құрғақшылықтан аса зардап шеккен 36 шаруашылыққа несиенің мерзімін ұзарту үшін 2 миллиард теңге көмек берілді. Осы саладағы қарқынның бәсеңдегені техниканы жаңартудан да білінді. Егер 2008 жылы облыста 22 миллиард теңгеге техника сатып алынса, келесі жылы оған 10 миллиард теңге жұмсалған, ал өткен жылы техниканы жаңартуға жұмсалған қаржы 3 миллиард теңгеге құлдырады.
Мемлекеттік көмек ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын көбеймесе азайған жоқ. Бүгінге дейін ауылшаруашылық құрылымдары биылғы көктемгі дала жұмыстарына арнап бөлінген 12,5 миллиард теңгенің жартысына келісім-шарт жасады. Негізі, жалпы республика экономикасы өрлей бастаған 2004 жылдан бастап облыс ауыл шаруашылығы кешенін мемлекеттік қаржыландыру 8 есе көбейген екен, әсіресе, соның ішінде өндірістің жеке салаларын субсидиялау өсіп отырған.
Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы кешеніне бөлінген инвестиция 22 миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде, диқандардан бидай сатып алуға, жанар-жағармай үшін, тыңайтқыш, химиялық өңдеу жұмыстары және мал шаруашылығы үшін бөлінген субсидия көлемі де жеткілікті.
Өткен жылғы қуаңшылықтан кейін көпшілікті биылғы көктемгі дала жұмыстары қалай өтпек, әсіресе, дәнді дақылдар көлемі қанша болады деген мәселелер ойлантатыны рас. Алдағы көктемде қостанайлық диқандар 4 миллион 565 мың гектар жерге дән сіңірмек. Бұл өткен жылға қарағанда 137 мың гектарға артық. Ал республика бойынша егіс көлемі биыл 397 мың гектарға азайып отырғанда, Қостанай облысында себілетін астық көлемі еліміздегі барлық көлемнің төрттен бірінен асады. Облыста бидай алқабы жалпы дәнді дақылдар көлемінің 94 пайызын құрайды. Соңғы үш жылда республика экспортқа шығарған астық пен ұнның 36 пайызын Қостанай облысының беруі осындай алқап көлемінің арқасы екені де аян.
Қостанайлық диқандар соңғы жылдардағы, әсіресе, былтырғы жердің апшысын қуырған құрғақшылыққа ылғал сақтау технологиясын енгізудің арқасында қарсы тұра білді. Облыста бұл әдісті диқандар сегіз жылдан бері пайдаланып келеді. Осындай озық жұмыс әдісі болмағанда жаз бойы тамшы тамбаған алқаптардың гектар айналымы 8 центнерден келмес еді. Үстіміздегі жылы осы жаңа технологиямен өңделетін алқап тағы да 100 мың гектарға көбейтіліп, ол барлық астық көлемінің 91 пайызы болмақ.
Мамандардың айтуынша, Қостанай өңіріне қар былтырғыдан мол түскен. Алайда, бұл науқан бойы ылғал жеткілікті болады деген сөз емес. Дегенмен, мемлекеттен жеңілдіктер алып отырған, сол арқылы техникасын, тыңайтқышын, жанар-жағар майын дайындап алатын диқандар көктемгі дала жұмыстарына құлшынып отыр. Табиғат-ана жаңбырын аямаса, үстіміздегі жылы астықтың түсімі аз болмайтынына олар бек сенімді.
Дегенмен, азық-түлік молшылығын жасайтын тек астық қана емес, картоп, көкөніс және майлы дақылдар екенін былтырғы құрғақшылық жыл көрсетіп берді. Тіпті мал шаруашылығындағы жемдік базаның негізін құрайтын екпе шөптердің де азық-түлік молшылығына қаншалықты қатысы барлығын, маңызды екенін құрғақшылық жақсылап еске салды. Өткен жылы жаңбырдың аз жаууына байланысты картоп шығымы шамалы болды. Соның салдарынан бүгінде базар бағасы ұшып тұр. Ал қоймада картоп пен көкөністің жергілікті түрлері мол деп ешкім айта алмайды. Жыл бойы облыста тұтынуға молынан жету үшін 62 мың тонна картоп, 65 мың тонна көкөніс өндірілуі керек. Өткен жылы облыста шаруашылықтардың барлық түрі 151 мың тонна картоп, 59 мың тонна көкөніс жинаған. Оның ішінде 25 мың тонна картопты, 11 мың тонна көкөністі арнайы мамандандырылған шаруашылықтар өндірген. Бір қарағанда, картоп жеткілікті жиналған тәрізді, бірақ азықтың бұл түрін өсірумен арнайы мамандандырылған шаруашылықтар айналыспай, оның гектарын көбейтпей молшылықтың ауылы алыс екені белгілі болды. Облыста картоп жақсы өнетін Сарыкөл, Қарабалық, Меңдіғара және Әулиекөл, Таран, Қостанай аудандарында алқап тарылып кеткен. Алайда, биыл картоп алқабын 132 гектар, көкөніс түрлерін 120 гектар жерге көбейту бүгінгі күн сұранысын өтей алады деу қиын.
– Құрғақшылыққа байланысты өткен жылы картоп аз жиналды және оның тапшылығы бүгінге дейін білініп отыр. Оған базар нарқы куә. Біз жедел қабылдаған шаралар облыстағы жағдайды түзетті. Облыста алдағы бес жылға арналған бағдарлама картоп пен көкөніс молшылығын жасайтын болды. Алқапты кеңейтумен қатар тамшылатып суару технологиясын енгізу, жылыжайлар, азықты сақтайтын қоймалардың заманауи құрылыстарын салуды және ұқсатудың инфрақұрылысын дамытуды шешетін боламыз, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Соңғы жылдардағы құрғақшылық пен биылғы қыстағы жем-шөптің тапшылығы көпжылдық, біржылдық шөптерге көңіл бөлуге мәжбүрлеп отыр. Облыста көп жылдан бері күтілмеген шабындықтар азып кеткен. Оның үстіне шөп тұқымы да жеткіліксіз. Көпжылдық шөп тұқымын шығарумен «Қарабалық», «Арқалық» ауыл шаруашылығы тәжірибе стансалары мен «Қазақ тұлпары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Дегенмен, бұл жеткілікті емес. Тұқым демекші, астық алқаптарының кеңеюіне байланысты биыл 581 мың тонна тұқым қажет. Оның 562 мың тоннасы қолда бар.
– Халқымыз қандай қиыншылық жылдарда да қоймасындағы тұқымға тимеген. Жақсы, сапалы тұқым – келер жылғы мол өнім кепілі. Сондықтан, тұқым жеткіліксіздігі болмауы керек. Бұл астықпен қатар, картопқа, көкөніс пен көпжылдық шөптерге де қатысты, – деді Сергей Кулагин.
Облыстың оңтүстік аудандарында бидай үшін 16 мың тонна тұқым жеткіліксіздігі байқалады. Алдын ала қарастырылған шараларға байланысты оның шешімі де уақтылы табылады.
Үстіміздегі жылдың көктемгі дала жұмыстарына диқандар дайындығы жақсы. Қалғанын табиғаттың көктен жауар нұры біледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.