Мемлекет басшысы ертеректе айтқан бір сөзінде: “Елдің экономикасы жыл сайын орта есеппен 7-8 пайыз өсіп отырады. Біз осындай нәтижеге жұмыс жасаймыз”, деген еді. Құдайға шүкір, берген уәде орындалды. Елдің жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді.
“Көрмес, түйені де көрмес”, дейді қазақ. Ел ішінде аштан өліп, көштен қалғандай күңіреніп сөйлейтіндер әлі де бар. Өмір ғой. Аузынан ақ май ақтарылып отыр дейтін алпауыт елдердің өзінде тіске басар ештеңе таба алмай, қайыр сұрап жүргендер жетеді. Дүниежүзілік экономикалық өрлеуде көш бастап келе жатқан ұлы Қытай мемлекетінің өзінде тісінің суын сорып отырғандар бар.
Ал өз сөзімізді тиянақтар дәлел іздесек, қаптаған цифрға сүрінудің қажеті жоқ. Елімізде 1991 жылы есепте жеке көлік 800 мың көлемінде ғана болса, өткен жылы 2,5 миллионға жеткен. Яғни, көліксіз үй аз. Бұрын жеке мәшине бір отбасының әл-ауқатын көрсететін көрсеткіш болса, қазір көлікті мақтан үшін емес, уақытын тиімді пайдалану, қозғалыс құралы ретінде мінеді ел.
Созақ ауданына іссапармен барғанымызда бір ақсақал: “Бұрын шетелдің қымбат мәшинелерін бастықтар, байлар ғана мінеді деп ойлайтын едік. Қазір кәсіпкер де, фермер де, малы көп қойшы да міне беретін болды. Тоқшылық дегеніңіз осы шығар”, деген. Рас сөз. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Елбасымыз жұмыс істеймін деген адамға бар жағдайды жасады. Ауылда тұрсаң, жерің бар. Мал өсірем десең, аз пайызбен несие дайын. Бақшамен шұғылданамын десең, суландырудан бастап, көшет, тыңайтқыштарға, жанармайларға дейін субсидия беріледі. Қалаға келсең, ашылып жатқан кәсіпорындар көп. Мекемелер дәнекерлеуші, құрылысшы, монтажшы, краншы, токарь, сантехник сияқты толып жатқан мамандықтарға зәру. Қосымша мамандық керек пе, мемлекет есебінен тегін оқисың.
Көктем шыға Қазақстанға жұмыс іздеп өзбек, тәжік, қырғыз ағайындар қаптап келеді. Кетпейді. Неге келеді? Өз елінде күн көре алмай қалған соң келеді. Қазақстанда солардың бәріне жұмыс табылып жатыр. Сондықтан, жағдайым нашар, жұмыс таппай жүрмін дегендерге өз басым оншалықты сене бермеймін.
Елбасы бірде: “Шағын және орта кәсіпті оңтүстіктен үйрену керек”, деді. Жалпы өңірлік өнімі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқан оңтүстік бұл нәтижеге мемлекеттік қолдаудың арқасында жетті.
Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінде көрші елдерге тәуелді болмауы керек. Әсіресе, көкөніс мәселесінде. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы шаруаны оңтайлы шешіп жатыр. Еңбек өнімділігін көтеру, азық-түлік қорын молайту үшін тамшылатып суару, жылыжайлар, көкөніс қоймаларын салу, пайдаланудан шығып қалған суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін қыруар жұмыстарды қолға алды.
Мемлекет басшысы шикізатқа тәуелді болмау үшін индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға тапсырма берді. Үкімет тарапынан үлкен жеңілдіктер жасалды. Қазір бұрынғы “Фосфор” зауыты жанынан “Индустриялық аймақ” құрылды. Инвестициялық жобаларды талдау және іріктеу кеңесі ұйымдасып, заман талабына жауап беретін жаңа кәсіпорындар шоғырлана бастады. Осындай жұмыстар Елбасының Жарлығымен құрылған “Оңтүстік” еркін экономикалық аймағында да жүріп жатыр.
Облыс алғаш рет білім саласында үш ауысымды мектеп проблемасынан құтылды. Өткен жылы білім беру саласына 98,6 млрд. теңге бөлінді. Мұныңыз кейбір шағын мемлекеттердің жылдық бюджетіне барабар. Жыл сайын мектеп, балабақшалар салынып, бәрі толық керек-жарақтармен қамтамасыз етілуде.
Елбасы оңтүстікке үш жыл бұрын келген сапарында денсаулық сақтау саласының алдына төрт ірі мәселе қойған еді. Олар ана мен бала өлімін төмендету. Жүрек-қан тамырлары аурулары мен жұрт арасын жайлаған құрт ауруының алдын алу болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы Жұмағали Исмаилов осы өзекті мәселелерді шешудің түйінін тапты. Төрт тапсырма бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілгендіктен жоғары көрсеткіштерге қол жетті. Бұл жұмыстарға оңтүстікке келген сапарында ТМД-да баламасы жоқ ауруханасы мен перзентхана үйін ашу салтанатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ризалық білдірді. Шымкент қаласы да жыл өткен сайын ажарланып келеді. Ғаламат құрылыстар жүріп жатыр. Қала әкімі Арман Жетпісбаевтың командасы уақытпен санаспай еңбек етуде. Жыл сайын зейнетақы, ана мен балаға көмек көлемі көбейіп келеді. Қарттар ертеңгі күні үшін алаңдамайды. Жастар болашаққа сенеді.
Осы шаруалар жеке адамдардың іскерлігімен ғана бітетін жұмыстар емес. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жететін жетістіктер.
Біз бір облыстағы жақсы жағдайларды ғана сөз еттік. Қазақстан бойынша алып жұмыстар жүріп жатқанынан хабардармыз.
Биыл Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы. Осы жиырма жылда көптеген мемлекеттердің елу-жүз жылда зорға бағындыратын асуларынан өттік. Бұл біздің баға ғана емес, шетелдік сарапшылардың да бағалауы.
Қазақстанның келешегі кемел. Осыған оңай жеттік десек, қатты қателесер едік.
Елбасымыздың сындарды саясаты, көрегендігі, халқы үшін от пен суға түсуге тайсалмайтын қасиеті, парасаты жеткізді. Сондықтан да Қазақстан халқы Көшбасшысына сенеді. Үнемі қасында болады. Жанынан табылады.
Уәлихан СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Шымкент.