«Болашақтың энергиясы» ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің дайындығы соңғы кезеңіне
келді. Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ауқымды идеяларының іске асуы. Сондай-ақ, ол 2017 жылдың ұлттық негізгі жобаларының бірі болып табылады және қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Көрмені өткізу үшін дайындық жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде және ол Мемлекет басшысының, Үкіметтің, орталық атқарушы органдардың, Астана әкімдігінің және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басты назарында.
Қазақстан ғалымдары мен инженерлерінің осындай жалпыұлттық іске қосып отырған үлкен үлесі, бұл – WSEC-2017 Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі. Аталған Конгресті 2017 жылдың маусым айында басталатын көрме аясында адам өмірінің негізі ретінде энергия тиімділігі мен энергетика саласын кадрлармен қамтамасыз етуде, баламалы және жаң-
ғырмалы энергия көздерін қолдануда негізгі мәселелер мен қазіргі заманғы энергетикадағы үрдістерді кең талқылау үшін әлемдік деңгейдегі беделді пікірталас алаңы ретінде өткізу жоспарланды.
Конгресті өткізу идеясын екі академия – Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдарының академиясы (ҚазҰЖҒА) мен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы (ҚР ҰИА) ұсынды және олар Конгрестің ең басты ұйымдастырушылары болып табылады.
Бұл идея Қазақстан Үкіметінің деңгейінде бекітіліп, оған дайындық 2014 жылы басталды. Бұл бағыттағы негізгі бағдар мен міндеттер еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақ-
стан-2050» стратегиясында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз», деп айтылған мәселелермен үндестік табады.
Осы уақыт ішінде Конгрестің негізгі органдары: Халықаралық бағдарламалық комитетін басқару маған тапсырылды және Ұйымдастыру комитетін басқару ҰИА президенті, академик Б.Жұмағұловқа жүктелді.
2014 жылдан бері ондаған отырыстар мен түрлі деңгейдегі талқылаулар, шетелдік әріптестермен, ірі халықаралық ұйымдармен, ғылыми орталықтар және осы бағыттағы өндірістік компаниялармен кеңестер кең ауқымда жүргізілді. Бірқатар мазмұнды конференциялар мен ғылыми сессиялар өткізілді. Мысалы, KAZENERGY X форумы шеңберінде мұнай-газ конференциясы өте қызықты өтті. WSEC-2017 аталған конференция шеңберінде Қытай Инженерлік академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Біздің ғалымдар WSEC-2017 Конгресін өткізу аясында Дубайда ұйымдастырылған Жаңғырмалы энергия бойынша халықаралық агенттік (IRENA) Ассамблеясының VI сессиясына қатысты. Бұған қоса, біз Астана экономикалық форумы шеңберінде «Болашақтың энергиясы» панельдік сессиясын өткіздік және жақында18 елден келген 300-ден астам жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысқан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ форумы ұйымдастырылды. Бұл тек жүзеге асырылған іс-шаралардың кейбіреулері ғана.
Конгресті дайындауда ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар қатарына еліміздің мемлекеттік басқару органдары, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен университеттері, қоғамдық бірлестіктері, салалық кәсіпорындар мен компаниялар кірді. Олардың ішінде Елбасының – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры, Назарбаев Университет, «Самұрық Энерго» АҚ, «KEGOC» және т.б. бар.
Аса жауапты міндеттерді өз өкілеттіктері шеңберінде Энергетика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласының әкімдігі сәтті атқаруда. Мәселен, бізге Энергетика министрлігі үлкен қолдау көрсетті. Министрлік тұжырымдама әзірлеу кезінде ауқымды жұмыс атқарды. Конгреске қатысуға 200-ден астам белгілі энергетикалық концерндер, кәсіпорындар мен бірлестіктер тартылды. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі Конгресс туралы ақпараттың әлемдік кеңістікте таралуына қомақты үлес қосты, Конгресс органдары мен жетекші халықаралық бірлестіктер, ұйымдар, кәсіпорындар мен концерндер, сонымен қатар, ірі ғалымдар және энергетика саласындағы әлемдік инженер-практиктер арасында қатынас орнатып, олармен хат алмасуды жүзеге асырды.
Ал Білім және ғылым министрлігі WSEC-2017 ұйымдастырушыларына жаратылыстану мен техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарымен қызметтік байланыс орнатуға, ғылыми ұйымдарды, ұлттық орталықтар мен Қазақстанның жетекші ғалымдарын Конгреске атсалысуға шақыруда зор көмек көрсетуде.
Астана қаласының әкімдігі көлік және логистикалық қамтамасыз ету саласында Конгресс органдарының жұмысына, WSEC-2017 қатысушылары мен қонақтарын орналастыруға белсенді қолдау көрсетуде, форумның бағдарламаларын түзуге өз үлесін қосуда. Сондай-ақ, WSEC-2017 Конгресіне «Астана ЭКСПО-2017» АҚ-тан да жан-жақты көмек берілуде.
Конгрестің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылары қатарына әлемнің 177 елін біріктіретін IRENA – Жаңғырмалы энергия көздері бойынша халықаралық агенттік, Қытайдың Sinopec мұнай және химия корпорациясы, Masdar Ғылым және технология институты (БАӘ), Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО), Total корпорациясы (Франция), Siemens концерні (Германия), Халықаралық инженерлік академиясы, Ресей жаратылыстану ғылымдарының академиясы, Ольденбург университеті (Германия) және басқа да беделді халықаралық ұйымдары кірді.
Жергілікті және шетелдік әріптестерімен белсенді талқылау нәтижесінде Конгрестің тұтас және өзекті тұжырымдамасы құрылып, WSEC-2017 Конгресінің «Бүкіләлемдік энергетиканың 2050 жылға дейінгі дамуының келешегі мен сценарийлері», «Энергетикалық трилемманың балансы: қауіпсіздік, қолжетімділік және экологиялық тұрақтылық», «Әлемдік энергетиканы және энергетикалық нарықты дамыту үрдістері», «Ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету» атты басты 4 тақырыптық блок түзілді. Жетекші ғалымдар, инженерлер, Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялардың басшылары, министрлік өкілдері мен елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары аталған тақырыптық блоктардың жетекшілері болып табылады.
Талқылаулар пленарлық отырыста, секцияларда, сондай-ақ, стендтік баяндамаларды ұсыну барысында жүргізіледі. Жетекші әлемдік мамандармен дөңгелек үстел, кездесулер, баспасөз-маслихаттарын және басқа да іс-шараларды жүргізу қарастырылған және олардың құрамы мен тақырыптары өңделу үстінде.
Бүгінгі күнде 50-ден астам ел, 17 халықаралық ұйым, 200-ге жуық шетелдік ғалымдар мен мамандар Дүниежүзілік конгреске қатысуға өз ынтасын білдірді, қазақстандық қатысушылар саны 500-ге жуық болады деп жоспарлануда.
Менің ойымша, Конгресс алаңы түрлі мектептер, бағыттар мен тәсілдер өкілдерін біріктіруге, теориялық және қолданбалы ғылым, инновация мен бизнес арасында байланыстырушы түйіні болуға қабілетті.
Конгреске жаһандық энергетиканың беделді сарапшыларының қатысатыны
туралы келісімдерге қол жеткізілді. Олардың ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары Жорес Алферов (Ресей, физика бойынша), Джон Майкл Костерлиц (Ұлыбритания, физика бойынша), Мохаммед әл-Барадеи (Мысыр, әлем сыйлығы), Данкан Холдейн (Ұлыбритания, физика бойынша), сонымен қатар, беделді «Жаһандақ энергия» халықаралық сыйлығының лауреаттары Акира Ёсино (Жапония, литий-ионды аккумуляторын ойлап тапқан), Клаус Ридле (Германия, қуатты жоғары температуралы газ турбиналарын құру), Ларс Гуннар Ларссон (Швеция, атом энергиясының қауіпсіздігін арттыру), Джаянт Балига (АҚШ, оқшауланған бекітпесімен биполярлы транзисторды ойлап тапқан), Валентин Пармон (Ресей, мұнай өңдеу және жаңартылатын энергия көздері катализаторларын өңдеу) және басқа да лауреаттар бар.
Негізгі спикерлер қатарына кіруге Аднан Амин, IRENA-ның бас директоры, Томас Мартин, Нидерландтың энергетиканы зерттеу орталығының бас атқарушы директоры, Кристин Линс, EREC жаңғырмалы энергия көздері бойынша Еуропа кеңесінің бас хатшысы, Эик Р.Вебер, Fraunhofer ISE президенті, Германия, сияқты танымал ғалымдар мен әлемдік деңгейдегі мамандар өз келісімін берді. Олардың Конгреске қатысуы Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) тарапынан қосымша қолдауға ие болады.
Конгресс материалдарын жариялау және қатысушылардың сөз сөйлеуі үшін қажетті жағдайлар жоғары деңгейде талқылануда. Әлемдегі ірі Elsevier баспа үйімен Конгреске қатысушылардың баяндамаларын 20-дан астам арнайы басылымдарда жариялау туралы келісім жасалды. Бұдан бөлек, Конгресс жұмысының ғылыми қорытындылары «Энергия тұрақты даму үшін», «Сутекті энергетиканың халықаралық журналы», «Инновациялық энергетика және ғылыми зерттеулер», «Жаңғырмалы энергия көздері», тағы басқа журналдарға жарияланбақ.
Конгресс жаһандық мәселелерді
талқылаумен қатар, Қазақстанның ғылымы мен инженериясының жетістіктерін көрсетуге, елімізге алдыңғы қатарлы ғылыми және инженерлік әдістер мен өңдеулерді тартуға бағытталады әрі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген аса маңызды мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді.
Нұртай ӘБІҚАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты, WSEC-2017
Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі
Халықаралық бағдарламалық комитетінің төрағасы,
ҚазҰЖҒА президенті, академик