«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева «Өзін-өзі
тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінің бітіруші түлектерімен кездесті. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілігі мол азамат ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келе жатқан «Бөбек» қорының төрайымымен өткен кездесу тағылымды, тәрбиелік маңызы зор, игілікті шара болды.
Кездесу Сара Алпысқызының сүйіспеншілік сабағынан басталды. Жиналған көпшілік өзінің айналасындағы жақындарына, шәкірттеріне, балалары мен ағайын-туысына қалай мейірімді, шапағатты болудың үлгісін көрсететіні анық. Өйткені, бұл басқосуда сондай үйлесім салтанат құрды. Тәрбиенің бастауы адамның бір-біріне деген мейірімділік пен сүйіспеншілік қарым-қатынасынан тұрады. Колледж түлектері өздерінің жадында мәңгіге сақталатын мұндай мағыналы кездесулердің өз тәжірибелеріне қажеттігін, болашақта осы тағылымдарды пайдаланатындарын жеткізді.
– «Өзін-өзі тану» атты рухани-адамгершілік білім беру идеясы қоғамның дамуына ең қажетті бағдарлама десек артық емес, – деді кездесуде Сара Алпысқызы. – Әлемді мейірімге толтыру – адамзаттың өз қолында. Ол үшін бір-бірімізге мейірімді болып, жан жылуымызды аямауымыз керек. Жүректен шыққан жылы сөз жүрекке жететіні сөзсіз. Ертеректе әжелеріміз: «Өмірге адам болып келген соң, адам болып қалуымыз керек», – деп жиі айтып отыратын. Сол дала академиктері салып кеткен сара жолды қарап отырып, өзара түсіністік, адами қасиет, сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым адам бойындағы ең асыл қасиеттер екендігіне, сол қасиеттерді адам өзінен іздеуінен бастау алатынына көз жеткізесің. Ал бәрінің бастауы – махаббат, адамзатқа деген сүйіспеншілік. Өзін-өзі тану пәнінің мақсаты да сол.
Сондай-ақ, колледж түлектері өздерінің еңбек жолында жалпыадамзаттық құндылықтар мен рухани адамгершілік қасиет үндестік тапқан осы ортадан алған білімнің үлкен өмірлік азық болғанын тебірене баяндады. Қазіргі заман талабы ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу болса, жас буынның тәуелсіз, еркін ойлы азамат болып өсуіне өзін-өзі тану пәнінің берері мол.
Аталмыш колледжде білім нәрімен сусындаған түлектер Жанна Жүкешбаева, Айдана Советбаева, Мақпал Юсупова, Олжас Оспанов, Аида Манап, Сәулетхан Жұмабек, Дәулет Тілеген, Анар Серікова бүгінде жас та болса өз саласының үздік мамандары атанып, республикалық, облыстық дәрежедегі әртүрлі шараларға белсене атсалысуда, түрлі деңгейдегі марапаттардан да құралақан емес.
Колледж түлегі, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытушысы Майра Төлеген «Өзін-өзі тану» пәні талай шәкірттің жүрегіне нұр сыйлап, мейірім шапағатына, сүйіспеншілікке бөлегенін айтты. «Аталмыш пәнді оқыту барысында оқушылардың өзіне деген сенімінің қалай пайда болатынына куә болдым. Жеке тұлға ретінде қалыптасқысы келетін кез келген жасөспірім еркіндікті, тәуелсіздікті сүйеді. Олармен тең дәрежеде сөйлесе отырып, осы сабақтың арқасында шәкірттер армандарының соншалықты асқақ екеніне көзім жетті. Біз осы асқақ армандарға өзіміздің дұрыс бағытымыз арқылы қанат бітіруге тиіспіз», – деді Майра Төлеген.
Бүгінге дейін колледжден талай түлектер қанат қағып, болашаққа аттанды. Олар енді өз шәкірттерін тәрбиелеп, туған халқы үшін еңбек етуде, сонымен қатар, түрлі додаларда өз білімдері мен мүмкіндіктерін сынауда. Олардың арасында үздік шығып, бәйге алып жатқандары да аз емес. Мәселен, Алматы қаласы №3 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Мақпал Юсупова «Жылдың үздік мұғалімі - 2016» атанса, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылындағы Ынтымақ орта мектебінде еңбек етіп жатқан Рысбике Адай аудандық «Үздік жас маман» байқауында жүлдегер атанған. Ал Жамбыл облысы, Шу ауданы, Далақайнар ауылындағы Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Әбутәлі Мағжан «Өзін-өзі тану» пәнінен мұғалімдер арасында өткен аудандық олимпиадада І орынды жеңіп алды.
Бір айта кетерлігі, кездесу барысында ерекше бастама көтеріліп, Түлектер қауымдастығы құрылды. Бұл құрылған қауымдастық алдағы уақытта көптеген игілікті істердің атқарылуына ұйытқы болмақ.
Мемлекеттің түпқазығы – жастар болғандықтан олардан аға буынның күтер үміті зор екендігіне, жақсы шәкірт тәрбиелеу – ұстаз міндеті екендігіне екпін түсіре, сөзін қорытқан Сара Алпысқызы кездесу қонақтарының еңбектеріне жеміс тіледі. Тағылымды кеш әдемі ән, айшықты биге ұласып, жиналғандарға ұмытылмастай әсер қалдырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы