• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Көркем шығарма ревизиялауға жатпайды

402 рет
көрсетілді

Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясына байланысты хат Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Көркемдік кеңесте талқыланды. Ұлттық драматургия жауһарларының бірі өткен жылы маусым айында, театрдың 90-маусымының жабылуы қарсаңында қойылған болатын. Режиссурадағы талантты жаңа буын өкілі Қуанышбек Адыловтың сахналауымен шыққан қойылымды қалың жұртшылық өте жылы қабылдады, республикалық баспасөзде жақсы бағаланды. Арада жарты жыл өткенде Мәдениет және спорт министр­­­­лігіне «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін тоқтату туралы Көкшетау өңірінің бір топ азаматтары қол қойған хат түсті. Министрлік ол хатты театрға жолдап, бұл мәселе театрдың Көркемдік кеңесінде қаралды. Хат иелері спектакльге қоятын кінәлары жоқ екенін, негізгі қарсылық «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасындағы Науан хазірет бейнесінің көркемдік шешіміне байланысты екенін атап көрсетіп, сол үшін спектакль тоқтатылсын деп жазған. Хат театрдың Көр­кемдік кеңесінде жан-жақ­ты талқыланды. Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетінің классигі, сөз зергері. Қазақ ұлттық драматургиясының негі­зін салушылардың бірі. Сон­дықтан да хаттағы талап­тарға байланысты «Ақан сері-Ақтоқтыны» репертуардан біржолата алып тастау орын­сыз. Бұл мәселе кеңінен тал­қыға салуды қажет етеді. Сон­дықтан театрдың Көркемдік кеңесі министрлікке Қазақстан Жазушылар одағы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын қатыстыра отырып кеңінен талқыға салу туралы ұсыныс білдірілді. Ал, салиқалы бір шешім шығарылғанша «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының көр­сетілімін уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданған еді. Бұл мәселеге байланыс­ты 15 ақпанда Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысын ашқан вице-министр А.Райымқұлованың айтуынша, аталған хатта «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Науан хазірет бейнесіне байланысты көтерілген мәселе ми­нистрлік өтінішімен М.Әуезов театрымен қатар Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және өнер ғылыми-зерттеу инсти- т­у­тына және Жазушылар ода­ғында да талқыға түскен. Ол ұй­ымдар өз шешімдерін жол­даған. Онда Ғ.Мүсірепов пье­сасы – көркем шығарма, сон­дықтан да оны жабуға немесе қайта редакциялауға, классик жазушының авторлық құ­қына қол сұғуға болмайтыны көрсетілген. Пікір алысу басында ша­ғым хат жазушылар тарапынан Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин музейінің директоры Қ.Мырзабек сөйледі. Ол бүкіл көкшетаулықтардың пікірін жеткізіп отырғандарын айтып, Ғ.Мүсірепов пьесасында Науан хазіреттің кезіндегі кеңестік жүйе идеологиясының әсерінен ұнамсыз сипатталғанына, ал, шын мәнісінде патшаның діни отарлау саясатына қарсы шыққан үлкен діни тұлға екеніне, еліміз тәуелсіздік алған кезеңінде бұл тұлғаға жаңаша көзқараспен келу қажеттігіне тоқ­талды. Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург, кеңес мүшесі: – Ең алдымен назар аударатын жайт – «Ақан сері-Ақтоқты» көркем шығарма. Одан нақты шындықты іздеудің қажеті жоқ және де Ғ.Мүсірепов ұлттық әдебиетіміздің классигі білмей-көрмей жаза береді деу қисынға келмейді. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Көкшетауда көргендерім» деген мақаласында 1910 жылдары Науан хазіреттің бала оқытуға қарсы болғаны туралы жазған. Ақиқатты уақыт өз орнына қояды. Қалай дегенде де Мүсірепов көркем шығарма жазып отыр. Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі, М.Әуезов теа­тры­­ның көркемдік жетек­шісі, кеңес мүшесі: – «Ақан сері-Ақтоқтымен» бірнеше ұрпақ өсті. Шәкен Ай­манов, Шолпан Жандар­бекованың Ақан мен Ақтоқтысы қандай еді! Көркем шығармада трактовка деген болады, мәселе сонда. Мысалы, М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша театрда қойылған «Таңғы жаңғырықта» Жарасбайды ойнадым. «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанды да жағымды жағын баса көрсетіп ойнадым. Кейіпкер нашар, пьесаны жап, спектакльді тоқтат, деген дұрыс емес. Актердің, режиссердің көзқарас, трактовкасына көп нәрсе байланысты. Науан үлкен тұлға екенін білеміз. Ал, оның мықты екені пьесада да көрініп тұр. Науан бейнесі сахнада қалу керек. Ол бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Және де адам болған соң оның жақсы жағы да, кемшілігі де болады, мұны да ұмытпауымыз керек. Бұл мәселені келісіп шешу керек. Науанды биікке көтерейік. Жаңадан шығармалар жазылсын. Қанат Қыдырмин, «Науан хазірет» мешітінің бас имамы: – Осы спектакль туралы «Театр.кз.» журналында орыс тілінде мақала шықты. Сонда Науан хазірет қарекеттеріне «дъяволский», яғни «шайтани» деп анықтама берілген. Бұл әлеуметтік желілерде де көп сөз болды. Содан кейін жазылған хат еді. Біздікі патша билігінен, кеңес өкіметінен қиянат көрген тұлғаны ұлықтау керектігін айту болды. Ерлан Біләл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов театрының директоры: – Біз театрымыздың Көр­кемдік кеңесінде білдірген ұстанымдамыз. Ғ.Мүсіреповке ревизия жасай алмаймыз. Ол тарихты, Науан хазіреттің өмірін зерттеген суреткер. Біздің театрдың спектаклі туралы сөз қозғасақ, Науан хазіретті диуана етіп, қор етіп көрсеткен жоқпыз. Тағы айтар болсам, кейде дінді ұстану жағдаятына да сыни көзқараспен қарауға болады. Дін бар, діни адамдар, дінбасылар бар. Олар қалай жүріп-тұрады, сөйлейді, уағызды қалай жүргізеді, өздерінің шын болмысы қандай – бұған да көп нәрсе байланысты. Театр қойылымында хазіретке қатты айтатын, қиянат айтатын тұстары жоқ. Онда адамдар арасындағы тартыс, дүниетанымдық тұрғыдағы қақтығыстар бар. Спектакль Ақан сері мен Ақтоқтының махаббаты туралы. Біздіңше, Ғ.Мүсірепов трагедиясын түзе­туге ұмтылмай-ақ, жаңа пьесалар, басқа да әдеби шығармалар жазу көп пайдалы болады. Жаңа ұрпақ өз сөзін айтуы керек. Кеңеске қатысушылардың пікір алысулары аяқталған соң, жиынды вице-министр А.Райымқұлова қорытты. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»