• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Жұлқардың арпалысы

190 рет
көрсетілді

Кей-кейде балалық шақтың қызықтарын еске алатын сәттер болады ғой. Өткенде ойда-жоқ­та Жұлқардың, итіміздің еске түскені. Ауыл­дан аудан орталығына қоныс аудар­ғанымызда біздің Жұлқар қала тіршілігіне көндіге алмай, беймаза ортаға сіңісе алмай өтті өмірден... Бала кездегі сол бір оқиғаны еске ала отырып, қазіргі адами арпалыс­тарды Жұлқардың ит-өміріне ұқса­татыным бар... Жұлқар аудан орталығына бауыр басып кете алмады. Бір-біріне іркес-тіркес салынған үйлерді жа­ны жек көрді. Әрбір үй ағаш дуалдармен қоршалған. Одан ішкері қарай рұқсатсыз кіру қиын. Сосын әр дуалдың ішкерісінде «мен осы аумақтың төресімін» дейтін иттің неше атасы кездесетінін қайтерсің. Қазақы төбет болса бір сәрі, бұрын-соңды қазақтың ауылында болмаған алуан түрлі салпаңқұлақ ұшырасады. Азуы құлақтың түбіне дейін жететін жырық, талпақ танау бульдог дейсіз бе, белі қусырылған, бойына артық ет бітпеген овчарка дейсіз бе, бәрі бар. Оларды айтпағанда, шамасына қарамай шабалана абалайтын канден деген пәлені қайтерсіз. Жұлқардың да жынына тиетін осы пәле. Басқалардың қасында шабаланып, бой көрсетіп жүрген ит деген аты, әйтеуір. Құдды қыстырылған құйысқан сияқты... Ауыл ішінде сан мәрте ырылдасып, болмашы сүйекке бола таласып жүрген азулы шағында ғұмырдың қысқалығын сезбеген-ді. Азуын айға білеген ауылдың алыпсоқтарынан жасқанбай, жан алысып-жан берісіп шайқасатын. Алдап-арбау деген жоқ, ашық айқас. Ортадағы қос төбетке ешкім болыспақ емес. Жанашырлық танытса, іштей танытатын шығар, әйтсе де, болысу деген атымен жоқ. Күшің мықты болса жеңесің, әлсіз болсаң қан жоса болып үйшігіңе ораласың. Өмір үшін, өзіңді мойындату үшін шешуші күрес бұл. Сан сағат бойы бірінің қимылын бірі бағып, беріспей жататын талай сәттер болды ғой. Жұлқар да талай-талай қанды майданды бастан кешкен, күшігінде таланғаны да бар, өсе келе азуы қанданып, жеке шыққанын желкеден алып, қыңсылатқан сәті де аз болмаған-ды... Қаланың шәуілдектерімен арпалысып өтіп жатыр өмірі. Даланы емін-еркін кезіп жүруге үйреніп қалған Жұлқар қала заңын мойындай алмады. Қаланың иттерінде ірілік жетіспейтіндей көрінді оған. Әнеукүні «көшенің төресімін» дейтін шолақ құйрық, апайтөс булдогпен бетпе-бет келді. Ары-бері әуелі Жұлқардың денесін иіскелеп біраз жүрген, біртіндеп тісін ақситып айбат шеге бастады. Ә дегенде оның әрекетіне мойынсұнбаған Жұлқар, біраздан кейін булдогтың желкесіне азулы тістерінің табын батыра түскен еді. Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Көшені басына көтерген бейшараның қыңсылы үдей түсті. Дауысы сондай аянышты болар ма? Оған аула-аулалардан үн қосқан иттердің дауыстары көшені азан-қазан қылды. Жапа-тармағай ауласынан сырғып шыққан төртаяқтылар топтаса бастады. Барлығы Жұлқарды қоршап алды. «Қаңғыған неме, неге құтырасың?» дейтін тәрізді. «Неге басынасың? Сені тәубеңе келтірмесек пе, атымыз өшсін» деген айбатын көрсеткендер де бой көрсетті. Ә дегеннен Жұлқар қаймыққан жоқ. Далада жүріп талай көкжал­дармен алысқан. Алып ұрған сәті де аз емес. Айналасындағы тобырға көз тоқтатып, қарап үлгеремін дегенше, бес-алтауы жабылып Жұлқар­ды жұлмалай бастады. Бірі желкеден, енді бірі алқымнан алып әлек. Әншейінде сонадайдан көрсе құйрығын бұлғаңдатып қаша жөнелетін ала қаншық та кекті сәтін күтіп жүрген тәрізді. Оң жақ жам­бас соның еншісіне тиіпті. Әлгі сорлы канденнің тілерсектен тарт­қылайтынын қайтерсің. Артқы сол жақ аяғымен ұрған соққыдан өзі де оңбай қалды білем, құмығып барып үні өшкендей. Алайда, қалғандарының бәрі тұмсығына іліккен тұсын жұлма­лағанының өзі Жұлқарды сансыратып жіберді. Денесіне батқан тістің уыты емес, оның жанына батқан қалың тобырмен жалғыз арпалысы еді. Бір сәтте көзінің алды қанталап, айналасын көруден қалды. Булдогты алқымынан қыса түсті. Бейшараның қансырағаны соншалық, қарсылығы бірте-бірте бәсеңсіп бара жатты. Қалғандары да қаншама жанды жерінен тістеле­гені­мен, Жұлқар қадалған жерін босатпасына мойынсұнғандай. Енді бір сәт қасарысқан тісін булдогтың алқымынан әрең ажыратып алды да, Жұлқар майдан даласын тастап сытылып шыға берді... ...Мына құндылықтар арзандаған өмірдегі кейбір сәттер маған адам­дардың болмашы дүниеге бола тартысы сол бір кездегі иттердің арпалысын елестететіндей. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»