• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Ғылым ақсақалы

349 рет
көрсетілді

Заң ғылымдарының докторы, профессор Өзеке Жекебаевтың криминология саласындағы атақ-даңқы әлемдік сипат алғалы қашан. Бұған криминалист ғалымдардың оның көптеген еңбектеріне жасаған сілтемелері куәлікке жүреді. Ғалымның туып-өскен жері талай-талай текті тұлғаларды түлеткен Семей топырағы. Жастық дәурені сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте есейген. Ат жалын тартып мінгеннен қабілет-қарымын барынша танытатын қалаулы қызметші, білікті маман болуға талпынған. 1948 жылы Қазақ КСР Әділет министрлігі жанын­дағы екі жылдық заң мектебін бітірген соң еңбек жолын Алматы облысының Балқаш, Қаскелең аудандарының ішкі істер саласында халық тергеушісі болып бастаған. Сонымен бір мезгілде Алматы мемлекеттік заң инс­титутында оқып, 1953 жылы оны ойдағыдай тәмамдайды. Зерделі жас мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы, ленинградтық ғалым А.В.Мухин сынды маман, ғалымдардың ықпалымен ғылымның қия шыңына жол тартады. Мәскеу қаласында КСРО Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының аспирантурасында оқи жүріп, ғылым докторы, профессор В.М. Шуршаловтың жетекшілігімен «Дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудегі БҰҰ Бас Ассам­б­леясы мен Қауіпсіздік кеңесінің құзыреті және рөлі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазып, оны 1958 жылы сәтті қорғап шығады. 1975 жылы академик В.Н.Кудрявцевтің ғылыми кеңес­шілігімен КСРО Бас прокура­турасының ғылыми-зерттеу инс­титутында «Қылмыскердің жеке басын және қылмыстық мінез-құлқын криминологиялық тұрғыда оқып-зерттеу» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кандидаттық диссертация­сын қорғаған соң, 1958-1966 жылдары КСРО ҒА Философия және құқық институтында кіші, аға ғылыми қызметкер болды, 1966-1994 жылдар аралығында осы институттың қылмыстық-құқықтық ғылымдар бөлімін басқарды. Он жылдан астам уақыт Қазақ гуманитарлық заң институтының (Алматы қ.) қылмыстық құқық және крими­нология кафедрасының меңгерушісі болды. 2005 жылдан қазіргі таңға дейін Астана қала­сындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық құ­қық және криминология ка­федрасының профессоры болып келеді. Ғалым Ө.С.Жекебаев рес­пуб­ликадағы криминология ғылымдарының негізін салу­шылардың бірі. Ұзақ жылдардан бері студенттерге, магис­транттарға және докторанттарға қылмыстық құқық (жалпы бөлім), криминология, шет елдердің қылмыстық құқығы, заманауи криминологияның маңызды мә­селелері, т.б. бойынша дәріс бе­реді. Оның ғылыми еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, Ресей, Беларусь және бас­қа мемлекеттерде сұранысқа ие. Өзеке Сүйкінбайұлы Қазақ­станның ғылыми-педагогикалық кадрларын даярлау ісіне де есепсіз еңбек сіңірді. Оның ғылыми жетекшілігімен М.С.Нәрікбаев, Р.Т.Нұртаев, Қ.Ж.Балтабаев, т.б. көрнекті ғалым-заңгерлер ғылым жолындағы зерттеу жұмыстарын бастады. Олардың барлығы дер­лік кейінде ғылым докторлары атанды. Жазып, жариялаған ғылы­ми еңбектерінің жалпы саны 180 баспа табақтан асады. Ғы­лы­ми ізденістерінің негізгі сала­лары – криминология мен қыл­мыстық құқықтың тео­риялық, методологиялық және практикалық проблемалары. 1987 жылы жарық көрген «Қыл­мыстың жай-жапсары және қылмыстық жауаптылық» атты кітабы қазақстандық криминологияны дамытуда үлкен рөл атқарады. Ғалымның «Қылмыс­тық мінез-құлықтың әлеуметтік-психологиялық аспектілері» атты еңбегінде айшықталған криминологияның әлеуметтік психологиямен тығыз байланысы бар деген тұжырымы кри­минология ғылымындағы жаңа ұстаным еді. Профессор Ө.С.Жекебаевтың теориялық ой-түйіндері қылмыстық заңна­ма және сот тәжірибесінде де көрініс тапқан. Ол ТМД елде­рінің үлгілік Қылмыстық кодексін (1995 ж.), сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексін (1997 ж.) әзірлеушілердің бірі болды. «Сорос-Қазақстан» халықаралық қорының грант иегері ретінде 2001 жылы корпоративтік құқық­тану бойынша алғаш болып кітап дайындап шығарды. Зерделі ғалымның идеялары заңгерлер қоғамдастығы тарапынан қашанда оң бағасын алып келеді. Алыс-жақын шет елдердің маңдайалды ғалымдары Өзеке Сүйкінбайұлының атақ-даңқына жақсы қанық, айтқан, білдірген ой-пікірлеріне тақ тұрады. Еліміз егемендік алған соң, отандық заңнамаларды тәуелсіз ел талаптарына сай жаңадан жүйелеу, өз бағытымыз бойынша саралау қажеттігі туындады. Ғасырлар тоғысында Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында жиі болудың сәті түсті. Ізденіс өрісімізге орай заң саласының корифейлері саналатын сандаған ірі ғалымдардың алдын көрдік. Қазақстандық жас ғалымдар үшін үлкен ғалымдардың пікірі аса маңызды, оны орталықтағылар да қажет етеді. Сонда А.В.Нау­мов, Н.В.Кузнецова, Г.А.Кри­гер, В.Н.Кудрявцев сын­ды ғұлама ғалымдардың «Бізге Же­ке­­баевтың пікірі болса же­тіп жатыр» дегеніне сан куә болға­­нымыз бар. Бұл да болса, ғалымның өлшеусіз абырой-беделін білдірсе керек. Ғалым ағамен жеке таныс­тығым ғылымның қия жолына түскен кезеңнен бастау алады. Заң саласына енді ғана ден қойып, теориялық терең білім ала бастаған тұста бізге сол кездегі санаулы ғана ға­лым-мамандардың оқулық-кітаптары қатарында Өзеке Сүйкінбайұлының еңбектері де өзінің еркін пайымдауларымен, заң-құқық саласын ізгілендіруге қатысты ой-ұсыныстарымен ерекше назар аудартқан еді. Ол тәуелсіздігіміз тұғырына орнығып, егемен ел ретінде дербес дамудың сара жолына түсіп жатқан толғақты 90-шы жылдардың бас кезі еді. Барлық мемлекет құрылымы жаңаша бағыт алып, тыңнан түрен салып жатқан тұста қашаннан қағажу көріп келе жатқан айналайын ана тіліміздің босағадағы басын төрге шығару, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтеру міндеті де алда тұрды. Ол үшін қазақ тілі кеңсе тілі, ғылым-білім тілі, күнделікті қолданыс тіліне айналуы керек еді. Осы орайда, Өзеке аға дайындық үстіндегі кандидаттық диссертациямды мемлекеттік тілде жазып шықсаң қайтеді деп ұсыныс жасады. Содан мен бірден тәуекелге бел будым да, ғылыми жұмысымды қазақ тілінде орындап шықтым. Ғылыми еңбек мемлекеттік тілде бірінші рет қорғалған толымды дүние ретінде лайықты бағасын алды. Өзеке Сүйкінбайұлы қор­ғаудан соң жұмысыма ресми оппонент болған заң саласының заңғарлары С.Сартаев, Е.Қайыр­жановтармен бірге ақ батасын берді, алдағы өміріме ақжол тіледі. Ақсақал күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, кішіпейіл, қарапайым. Адам бойындағы тазалықты, шынайылықты, адал­дықты қасиет тұтады. Көл­гірлік, көз­бояу­­­шылық ол кісіге мүлде жат. Екеу­ара әңгіменің шебері – тек кә­сіби мамандық бойынша ғана емес, басқа рухани-мәдени әдебиет­терді де көп оқиды, көп біледі. Әрдайым ойы тұнық, салиқалы, толғамдары салмақты, сүбелі шығып жатады. Артынан қара ілеспеген, алдынан қуанышты ұрпағы күтпеген ғалым – ғалым болып жарытпақ емес. Қай кезеңге көз салсаңыз да айтулы ғалымдар алқалы көптің ұйымдастырушысы да бола білген. Осы тұрғыда Ө.С.Жекебаевтың алдын көрген, тәлімін алған мыңдаған шәкірт­терінің бірі ретінде бір ауыз лебіз білдіруді жөн көрген едік. Қорыта келгенде, бүгінде 90 атты тұғырлы биікке көтеріліп отырған абыз ақсақалдың өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды, маңызды болып қала береді деп білеміз. Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылым­дарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі