• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2017

Шекаралық мектептер шері

336 рет
көрсетілді

«Ауылды мектеп сақтайды, мектепті кім сақтайды?» («ЕҚ», №36, 21 ақпан, 2017 ж.)

«Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы Ресей Федерациясының Саратов, Самара және Орынбор губернияларымен шекаралас. Аудан аумағында жалпы білім беретін 9 мектеп көрші мемлекетпен арадағы шекаралық аймақта жатыр. Олар: Егіндібұлақ орта мектебі, Первосовет орта мектебі, Қ.Ахмиров атындағы орта мектеп-балабақшасы, Чуваш орта мектебі, Раздольный орта мектебі, Чиров негізгі мектебі, Кирсанов негізгі мектебі, Сұлукөл негізі мектебі және Чинарев бастауыш мектебі. 10 жыл ішінде аудандағы шекаралық ауыл мектептеріндегі бала саны едәуір төмендеп, 960-тан 623-ке азайған. 1997 жылдан бері 15 мектеп: Белоглинск, Талов, Краснопартизан, Рожков, Петров, Хаминск, Красноурал, Кожевников, Спартак, Щучкинск, Чесноков (Егіндібұлақ а/о), Красносвет, Балабанов және Гремячинск мектептері жабылған. Осындай себеппен 2008 жылы Кирсанов орта мектебі негізгі мектепке айналды, 2009 жылы Чинарев негізгі мектебі бастауыш болып қайта құрылды, 2012 жылы Чесноков орта мектебі өзгеріп, Сұлукөл бастауыш мектебіне айналды, 2013 жылы Чиров орта мектебі негізгі мектеп болып қайта құрылды. Егіндібұлақ, Чувашинск орта мектептеріне, Чиров, Сұлукөл, Кирсанов негізгі мектептеріне «қайта құру» қаупі жыл сайын төнеді. 2017 жылы Чиров, Сұлукөл, Кирсанов негізгі мектептерінде оқушы саны ең төменгі шекке таяп тұр. Ауыл мектебін сақтау үшін Чиров ауылында – 10, Сұлукөлде 3 оқушыны тұрғындар балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алып, мектепте бала санын «көбейтті». Бірақ, соның өзінде осы оқу жылында бірнеше оқушы ата-анасының қоныс аударуына байланысты мектептен кеткелі отыр. Мектепте оқушы саны азаюына соңғы 20 жыл бойы бұл ауылдарда бала туу көрсеткішінің төмендеуі, жұмыс орны, әлеуметтік-мәдени нысандардың болмауы, жолдың нашарлығы, ауылдың негізгі күре жолдардан алыс жатуы, интернет байланыстың жоқтығы, құрылыс салуға, бизнес құрылымдарын дамытуға қолайсыз болуы, мал және егін шаруашылығын дамыту үшін бос жер телімдерінің болмауы әсер етті. Бұдан бөлек, Чиров ауылдық округіндегі Балабанов ауылында білім ошағы болмағандықтан 6 оқушы Чировқа, Красный свет ауылынан 14 оқушы Раздольный орта мектебіне, Красный Урал ауылынан 11 оқушы Чуваш орта мектебіне күн сайын тасымалданады. Шалғай ауылдық округіндегі Таловая мен Карпов ауылдарында мектеп және басқа әлеуметтік нысандар жоқ. Бұл ауылдардың балалары 2016 жылға дейін апта сайын Первосовет мектебі жанындағы интернатқа тасымалданып келген еді, кейін көші қонға, тиісті контингенттің азаюына байланысты 2016 жылдың қыркүйегінде интернат жабылды. Аталған ауылдардан халықтың көшуін тоқтату, ондағы білім мекемелерін сақтау үшін шекаралық аймақтардағы мектептерде бала саны лимитін азайту керек. Мұндай ауылдарда мектептің жабылуы – сол ауылдың тез арада түгелдей құрып, жоғалып кетуіне әкеледі.

Серік Сафиуллин, Зеленов аудандық білім беру бөлімінің басшысы

Батыс Қазақстан облысы