• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Мәртебелі ұйымға төрағалық ететін кез алдағы жылдың қаңтар айында келеді

195 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде палата төрағасының орынбасары Владимир Божконың басшылығымен өткен Үкімет сағатында еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде атқаратын қызметі, басымдық берілетін бағыттар туралы сөз болды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осы тақырыпта баяндама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді. Министр алқалы жиында Қазақ­станның 2018 жылғы қаңтар айын­да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төра­ғасы міндетін атқаратыны туралы мәлімдеді. – Қауіпсіздік Кеңесінде біздің тұрақты емес мүше ретіндегі куль­ми­нациялық сәтіміз ай сайын ауысып отыратын төрағалық кезінде болады. Яғни, Қазақстан аталған органға 2018 жылдың қаңтар айында төрағалық етеді, – деді Қайрат Әбдірахманов. Оның айтуынша, төрағалық жасайтын мерзімге дейін Кеңеске мүше мемлекеттермен арада Қазақстанның мүддесіне қатысты мә­­селелерді қарастыру және келі­сімге қол жеткізу жұмыстары жүргі­зілетін болады. – Біздің әлемдік қоғамдастық пен Қауіпсіздік Кеңесінің назарын Орталық Азия бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге аударуға бағытталған барлық қадамдарымыз осы аймақтағы әріптестерімізбен ты­ғыз-қарым қатынаста жүр­гізі­леді, – деді сыртқы саясат ведомство­сы­ның басшысы. 2015 жылдың маусым айында елімізде «Бітімгерлік іс-қимылдар туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл құжат еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне үміткерлікке ұсынылған уақытпен тұспа-тұс қабылданғанын айта кету керек. Жалпы, БҰҰ миссияларына қазақстандық байқаушыларды бағыттау тәжірибесі 2014 жылдан басталады. Содан бергі аралықта Батыс Сахарадағы референдум барысын бақылау бойынша БҰҰ миссиясына, Кот-д`Ивуардағы іс-қимылдар сынды шараларға 11 қазақстандық қатысыпты. Батыс Сахарада 4 отан­дасымыз қазір де байқаушылық қызметін жалғастыруда екен. Үкімет сағатында министр қа­зақ­стандық жауынгерлерді жіберу барысында БҰҰ-ның ең қауіп­сіз деген миссиялары таңдалаты­нын айтты. «БҰҰ миссияларына қатысу мәселелерін қарастыру кезінде біздің жауын­герлердің қауіпсіздігі сынды маңыз­ды факторлар міндетті түрде ес­керілетінін атап өткен жөн. Әри­не, заңнамаға сәйкес, барлық жұ­мыс Пар­ла­ментпен өзара тығыз іс-қи­­мылда жү­зеге асырылады», – деді ол. Сыртқы істер министрі айтып өткендей, Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібінің басым бөлігі Африка мемлекеттеріндегі қақтығыстар мен Таяу Шығыстағы ахуалға қа­тыс­ты 53 белсенді және 15 «қалғы­ған» мәселелерден тұрады. Соны­мен қатар, күн тәртібінде жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау, терро­ризмге қарсы күрес сынды мәселелер де бар. – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 30 көмекші органы бар, аталған ұйым­дарға басшылық жасау мүше елдерге бөлінген. Қазақстанның беделі мен салмақты тәжірибесі назарға алынып, біздің елімізге Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстандағы қауіп­сіздік, «Талибан», «ДАИШ», (Қа­зақ­станда тыйым салынған) «Әл-Каи­даға» қатысты мәселелер бойын­ша, Сомали, Эритреядағы ахуал­дарға қатысты комитетіне төра­ғалық жасау міндеті жүктелді, – деді Қ.Әбдірахманов. Әлем елдері бейбітшілік пен бі­тім­герлік орнату жолында тізе қо­сып әрекет етіп жатқан тұста, кейбір мемлекеттер қорғаныс саласы­ның бюджетін азайтуды қолда­май отыр. Үкімет отырысында депутат­тар­дың сауалына жауап берген сыртқы саясат ведомствосының басшысы осы мәселеге де тоқталып өтті. – Халықаралық бейбітшілік бюросы атты құрылым бар, сондай-ақ, Швецияда орналасқан Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты атты беделді құрылым жұмыс істейді. Осы институт біздің тапсырысымыз бойынша Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс бюджетінің 1 пайызын орнықты даму мақсаттарына аудару жөнін­дегі бастамасын жүзеге асы­рудың болашағы туралы баяндама әзірледі. Бұл баяндама Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ұсынылды. Өкінішке қарай, кейбір елдер әскери шығындарды көбейтіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында көтерген бастамасы ұзақ мерзімді қамтиды. Бюджеті 800 миллиард, 150 миллиард, 50-30 миллиард кө­ле­міндегі елдер үшін орнықты даму­ға қаражаттың 1 пайызын бөлу үлкен мәселе, – деді бұл туралы Қ.Әбді­рах­манов. В.Божко осы жиында шет мемлекеттерге Қазақстан тарапынан көрсетілген гуманитарлық көмектер туралы бірқатар деректерді ортаға салды. Вице-спикер айтқандай, 1990 жылдан бергі аралықта Мәжіліс 1237 халықаралық шарт пен келісімді ма­құлдап, ратификациялаған екен. Бұл құжаттардың ішінде Ұйымдасқан қылмысқа және заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі БҰҰ конвенцияларына қосылу туралы және басқа да құжаттар бар. – Қазақстанның бітімгерлік қыз­меті мен дамуға ресми көмек тура­лы заңдарының орны бір бөлек. Соң­ғы жылдары еліміз шет мемлекет­тер­ге көрсеткен гуманитарлық кө­мек­­тің жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден асып түседі, – деді В.Бож­­ко. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы Мәулен Әшім­баев бұған дейін Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақ­тағы мемлекеттердің бір одаққа бірі­­гуі керектігін айтқан идеясын жаң­­ғыр­тып, Орталық Азияда жаңа бірлестік құ­ру керектігін көлденең тартты. – Орталық Азияда жаңа өңірлік интеграция мәселесін қарау керек. Қазақстан бұл құрылымда жетекші орынға ие болып, Орталық Азия елдеріне ресми гуманитарлық көмек көрсетер еді. Өйткені, өңірдегі теріс ықпалдардың аймақтағы елдерге, соның ішіндегі Қазақстанға да кесірін тигізуі мүмкін, – деген депутат өңірде трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану мен өзге де мәселелер бойынша бірқатар проблемалардың бар екенін айтты. – Сол себепті қазір Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін не істеу керектігін ойлау маңызды. Өңірдегі көптеген проб­лемалар өзара түсіністік арқылы шешілуі керек. Олар трансшекаралық өзендердің ресурсын пайдалану, экологиялық мәселелердің түйінін тарқату, өңірдің транзиттік-байланыс әлеуетін арттыру, терроризм және экстре­мизмге қарсы күрес секілді мәсе­лелер. Сол себепті өңірдегі ықпал­дастықты арттырып, жаңа деңгейге көтеру керек, – деді М.Әшім­баев. Депутаттың сөзіне сүйенсек, Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі тұрақты емес мүшелігі аясында мемлекетіміздің өзге елдерге ресми даму және гуманитарлық көме­гін ұсынудың бірыңғай стра­тегия­сын әзірлеген жөн. Гуманитарлық көмек туралы айтқан да М.Әшімбаев Қазақ­станның бұл әрекеттерінің үлкен қайырымдылық шарасы екенін, осы қадамдардың арқасында еліміздің сыртқы саясаттағы беделінің нығая түсетінін алға тартты. Осы орайда, депутат ЭДЫҰ елдерінің өзге елдерге гуманитарлық көмек көрсетуде нақ­ты бағыты мен мақсатының бар екенін айта келіп, Қазақстан да сырт­қа көмек бергенде өзіндік саяси бағыт-бағдарларын нақтылап жұ­мыс істеуі керектігіне екпін түсірді. Сөзінің соңында М.Әшімбаев аймаққа төнген террорлық, заңсыз көші-қон секілді мәселелерден біз­дің елдің де сақтануы керектігін айтты. Үкімет сағаты барысында Өз­бек­стан Президенті Шавкат Мир­зиеевтің 22-23 наурыз күндері Ас­та­наға келетіні туралы айтылды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтып өткендей, одан кейінгі аралықта Орталық Азияның басқа да мемлекеттері басшыларының біздің елге сапары жоспарланған. Министр айтып өткендей, Қазақстанның Орталық Азия елдерімен арадағы екіжақты және жан-жақты байланыстары ортақ көзқарас, сындарлы қадам және дәстүрлі достық, бауырластық негізінде шешімін табады. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»