• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2011

Орта толсын, ағайын!

1525 рет
көрсетілді

Қазақ қашанда тілі мен тарихын білетін, салт-дәстүрін әспеттейтін халық қой. Сондай-ақ, қазақ – атам заманнан өр, жомарттығымен аты шыққан ел, сонау зорлығы көп зобалаң жылдарда талай ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басып, жатты жатсынбай, олардың көңіліне қарап, қабақтарын кірбің шалмасын деп, қатардан қалмасын деп, кеңдігі даласымен, пейілі аспанымен өлшенетін, жақсының даңқын алысқа естіртетін ұлт. Егемендігін алып, тәуел­сіз мемлекет құрған қа­зақ халқы бүгінде әлем­ге өзін паш етіп, сая­си үрдістерге белсене ара­ласып, эконо­ми­касын ілгерілетуде. «Елге ел қо­сыл­са – құт» демекші, қа­зіргі уақытта дү­ниенің төрт бұрышына та­рыдай шашылған қазақты Қазақстан деген киелі бір шаңы­рақтың астына жинау шара­лары жүргізілуде. Этностық қа­зақ­тар­ды атажұртына оралту сая­сатын жүзеге асыру мақ­сатында талай қаулы-қарар қабылданды. Құдай­ға шүкір, бұ­ған дейін айтылып, жазылып жүр­ген азды-көпті кемшіліктерге қа­рамастан, сырттан келген қан­дас­тары­мыз­дың арқа­сын­да керегеміз кеңейіп, көсе­геміз көгеріп, еліміз­дің демо­гра­фиялық ахуалы жақ­сарып, мемлекетті құрайтын ұлт ретінде қа­лыптастық. Солай бола тұра, бүгінде тағ­дырдың салуымен шетел асып кеткен қандас бауырларымыз атамекеніне оралған шақта оларға деген ниетіміз қарайып, пейіліміз тары­ла­тыны неліктен? «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демеуші ме еді?.. Қазақтың бір-ақ Отаны бар, ол – Қазақстан! Қазақ­стан Республикасы – тұр­ғы­лықты халықтың Отаны болса, ше­телдегі қазақтың тарихи Отаны. Бірігу – баба өсиеті, бөліну заман қасіреті екенін ұмытпайық және өз ұлты­мызды ұлықтай білейік, ағайын! Қазақ халқы – еліктеуге өте бейім ха­лық. Әсіресе, санамызға жат, ұлт­тық болмысымызға тән емес сан түрлі «әулие Валентин күні», «Хэллоуин» мерекелерін атап өту сияқты өзгенің жағым­сыз қасиет­теріне тамсанып, оны қабылдап алуға құмар-ақпыз. Неге бізге өзінің этностық отан­дастарын көшіріп алуда Израиль, Германия, Польша мемлекет­тері­нің тәжіри­бе­сінен үлгі алмасқа?! Мысалы, Израильде шетелден қоныс аударып келген еврейлер сол елдің азаматтығын автоматты түрде алады. Ал азаматтықтан үміткер өзге ұлт өкілдері Израиль азаматы болып қалуы үшін, ең ал­дымен, мемлекетке, еврей ұлтына адалдық туралы ант береді. Осы орайда, Израиль үкіметі ұлты еврей еместер яхуди мемлекетіне адал болу туралы ант беруді міндеттейтін заң жобасын әзір­леп, парламенттің қарауына жол­дады. «Біз мемлекет құраушы ұлт – еврей ұлтына басымдық беруге міндеттіміз һәм мәжбүрміз! Ев­рейлердің Израильден басқа елі де, жері де жоқ! Біз мемлекеттік тіліміздің өз елімізде ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының қа­быр­ғасында қолданылатын ха­лық­аралық тілдердің санатына енуі үшін жұмысымызды жалғас­тыра беретін боламыз. Себебі, кез келген мемлекеттің иммундық қорға­ны­шын арттыратын күші мем­лекеттік тілінде ғана», – дейді жоба авторларының бірі, Из­раиль­дің сыртқы істер министрі Авигдор Либерман. Міне, на­ғыз ұлт­жан­дылық! Сондай-ақ, шекаралас жатқан Ресейдің сырттан көшіп келген өз отандас­тарына көр­се­тіп жатқан әлеу­меттік қолдауын неге өзімізге үлгі етіп, сол тә­жірибені өз мемлекетімізде қан­дас­тарымызды жай­­­­­­ғас­тыру барысында жүзеге асырмасқа? Бұл орайда, мына мә­се­лелерге назар аударған жөн деп ойлай­мын. Біріншіден, шетелден келген қандас бауырларымызды баспанамен қамту мәселесі. Бәрімізге мәлім, Кеңес Одағы ыдырап, мемлекетіміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстан Рес­публи­ка­сы мен Моңғолия Еңбек ми­нистр­лігінің ара­сында қол қойылған Еңбек шар­тының негізінде Моң­ғо­лиядағы қа­зақ­тар­дың алғашқы көшінің басы атамекенге қарай бет алған болатын. Сол көш­пен қоныс аударған қан­дастарымыз республи­ка­ның бар­лық аймақтарына қоныс­тан­ды­ры­лып, жер­­гілікті атқарушы органдар олар­ды баспанамен, үй тұр­мысына қа­жет тауарлармен жә­не еңбекке жа­рамды отбасы мүше­лерін жұмыс­пен қамтыған бола­тын. Осы аталған шара­лар­дың бар­лығы жергілікті бюджет есебінен атқарылған. Ал 2004 жылдан бері қан­дастарымызға үй беру мүлдем тоқ­татылып, оның орнына әр от­басының жан басына ең төменгі жүз есептік көрсеткіш мөлше­рін­де қаржы бөлінетін болды. Бірақ, бүгінде бұл бөлінген қаражат от­басын баспанамен қамтуға жетпейтіні белгілі. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, сырттан кө­шіп келген ағайындарымыз тастай батып, судай сіңуде, қалыпты тұрмыс-тіршіліктерін құруда біршама қиындықтарға тап болды. Өздеріне ыңғайлы да жайлы тіршілік іздеу мақсатында қандас­тарымыз республиканың бір ай­мағынан екінші аймағына көшіп-қонып, тұрақтай алмай жүрген фактілер де аз емес. Осындай келеңсіз жағдай­ларды болдырмау мақсатында Үкі­мет шетел тәжірибесін зерделей отырып, өзіміздің ұлттық қа­сиеттеріміз бен құндылықтары­мызды ескере келіп, алдағы уа­қытта елін аңсап келген бауыр­ларымызды баспанамен қам­ту мә­селесін қайта пысықтауы керек деп ойлаймын. Бұл олардың жерсініп, сіңісіп кетуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелерінің оң­тайлы шешілуіне ықпал ететін жә­не қандастарымыздың келешекте ­еліміздің өсіп-өркендеуіне өзін­дік үлестерін қосуларына жаңа серпін үстейтін болады. Әрине, осы мәселені ойлас­тыру барысында берілетін баспа­наны бірден отағасының немесе ата-анасының атына жазбай, жергілікті атқарушы органның ба­лансы­на беріп, ағайындарымыз тамырларын тереңге жайып, арқа­ларын кеңге салғаннан бес жыл мерзім өт­кеннен кейін үйді өз аттарына аудару тетіктерін қарас­тыру керек. Қан­дастарымызды баспанамен қамту – өзекті мәселе және бұл олардың бір жерде тұрақтанып қалуларына зор ық­палын тигізер еді. Екіншіден, оралмандарды ма­лы­мен көшіріп әкелу мәселесі. Моңғолияда тұратын қандас­тарымыздың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Әр отбасында табынымен сиыр, үйірімен жылқы, отарымен ұсақ мал бар. Мал шаруашылығының даму қарқыны жақсы болған­дықтан, оған сабақтас ұлттық қолөнері де ұмыт болмағанын айта кеткен жөн. Алғашқы көш керуенімен Моң­ғолиядан көшіп келген отбасыларға шекарадан өздерімен бірге бір бұзаулы сиыр, сегіз бас қой-ешкі алып келуге рұқсат берілген бола­тын. Мал алып өту шараларын екі жақты шекара қызметімен, соны­мен қатар, шекараның біраз жері Ресеймен шекаралас болған­дық­тан, Ресеймен келісіліп, іске асы­рылған. Бұл орайда, малды сани­тарлық тексеруден өткізу Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей жетекшілігімен жүзеге асы­рылып, сондай-ақ осы шараға Семей қаласының «Скотоимпорт» мекемесі белсенді атсалысқан болатын. Алайда, бұл игі жұмыс бірер жылдан кейін жалғасын таппай, тоқтап қалды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашы­лығымыз деңгейіне жете алмай, оның ішінде ұлттық болмысы­мызға тән мал шаруашылығымыз ақсап тұрған кезде Моңғолия­дан келетін бауырларымызды ма­лымен бірге көшіріп әкелу ата кәсібіміздің жандануына ерекше септігін тигізері хақ. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, «жұ­мы­ла көтерген жүк жеңіл» демекші, аталған іс-шараға мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар бел шеше кіріссе, бұл істі де еңсеріп тастауға мүм­кіндік жетерлік. Қа­зақ­тың қарашаңырағы –  жанға, иен даламыз малға толып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Үкіметіміз еліміздің тұғыры­ның биіктеп, экономикамыздың өркендеуіне, әсіресе, халқы­мыз­дың әл-ауқатының бұдан да әрі жақсаруына өзіндік әсерін тигізетін, уақыт күттірмейтін осы бір игі шараны қолға алуы тиіс. Бұл – халқымыздың тамағы тоқ, киімі көк болуының кепілі. Сондай-ақ, қандас бауырларымыз қоныстан­ған жерлерінде малының етін азық етіп, артылғанын сатып, пұл­ға айналдырса, ешқандай тар­шылық көрмей, өз қолдары өз ауыздарына жетер еді. Үшіншіден, тіл мен діл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәселесі. Бү­гін­де өз жерінде туып, өз елінде жүрген ағайындарымызды ана тілінде сөйлете алмаған кезімізде біз жат жерде өзге елдің саясаты мен мәдениетін сыйлай жүріп, өзіндік қазақы болмы­сын, ұлты­мыз­дың тілі мен дінін, әдет-ғұр­пын сақтап қалған қан­дас бауыр­ларымызды мақ­тан тұт­қанымыз жөн. Осы орай­да, олардың көш ба­сын атамекенге бұрып, ата­жұрты­мен қосыл­ға­нына қуануы­мыз керек. Өйткені, олар – сан ғасырлар бойы бабалардан мұра болып келе жатқан ұлт­тық мәде­ниетіміздің алтын қоры мен қазынасы. Қазіргі уа­қытта шетелден келген бауыр­лары­мыз елімізде ұмыт болуға айналған салт-дәстүріміздің жаң­ғыруына ерекше үлесін қосуда. Сол бабалары­мыз­дан аманат бо­лып қалған киемізге иелік ж­а­сайтын кез келді. Даламыздай кеңпейілі мен ақ көңілге салып, ең алдымен, ұлт бо­лашағы мен мемлекет қауіп­сіздігін ойлауымыз керек. Топ­танып ұшқан торғайға тұрымтай да бата алмас. Алдымен, саны­мызды көбейтіп, одан кейін сапа­лық жағымызға күш салып, өр­лігімізді көрсетіп, тұғыры­мызды асқақтатуымыз қажет. Осы орайда, сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу болып, көшіп келген ағайын­ның жанына желеу, көңіліне демеу болайық, бауырлар. Бүгін шетелдегі бауырлары­мыз­ды құшақ жая қарсы ала оты­рып, еліміздің кемел болашағын, осынау Алла берген ұлан-ғайыр дала, жер мен суды, кен бай­лықтарын аманаттап қалдыратын келелі ұрпақтың қамын ойлауы­мыз қажет. Арты­мыз­да қарайып ұрпақ қалсын, шаңы­рағымызда шырақ жансын! Іргеміз сөгілмей, түтініміз түзу шыққан жағ­дайда ғана туған Отанымыз өсіп-өркен­дейтін тұғыры берік мемлекетке айнала алады. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбе­дегі келеді», деген Төле би баба­мыздың өсиет сөздерін үнемі жа­дымызда сақтап жүрейік, ар­дақ­ты ағайын. Ендеше, көш көлікті де, көрікті де қонысты болсын!   Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.