Сенатта еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу жөніндегі шаралар аясында білім беру, ғылым, инновациялық секторды одан әрі дамыту міндеттерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Қазақстанның қазіргі кездегі экономикасы білім беру, кәсіби мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруді талап етеді. Білім беру үдерістеріндегі тәсілдерді түбегейлі өзгерту осы саланы жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Конференцияны ашқан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың айтуынша, ғылыми лабораториялар, шеберлік сыныптары, ұлттық университеттер жанынан құрылған зерттеу орталықтары ғылыми ауқымды технологияны енгізуге, инновациялық өндірісті дамытуға ықпал етеді. Президент Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жоғары білікті мамандар даярлау және білім беру, ғылым және инновациялық саланы халықаралық стандарт талаптарына сай жетілдіру мәселесіне жіті назар аударып келе жатқаны белгілі.
Аталған шараға арнайы қатысқан Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Парламент депутаттарына, мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, ғылыми орталықтар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне арнаған құттықтау сөзінде мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білімге салған инвестиция қоғам мен экономика үшін айтарлықтай табысты болуына ықпал етеді. Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде америкалық компаниялардың әр қызметкерін оқытуға салатын 35 мың доллары 1 миллион табыс болып қайтатынын ерекше атап көрсеткен-ді. АҚШ компаниялары өздерінің қызметкерлерін оқыту үшін жыл сайын 50 миллиард доллар салса, ол 1 триллион 430 миллиард долларлық табыс әкеледі екен. Сол сияқты Ұлыбритания 40 миллиард доллар инвестиция құйса, ол 1 триллион 140 миллиард болып қайтатын көрінеді. Яғни, білім берудің тиімділігі 2897 пайызды құрайды екен. Осы ретте Мұхамбет Жұманазарұлы жаңа технологиялар патенттерін сатып алу, инвестициялық ахуалды жақсарта отырып шетелдік инвесторларды тарту қажеттігіне назар аударды. Бұл жөнінен Сигапур мысал бола алады. Соңғы 40 жыл ішінде осы елдің ІЖӨ-сі 100 есе өскен. Мұндай нәтижеге жетудің сыры осы ел лидері Ли Куан Юдің адам ресурсына маңыз беруінде жатыр. Оның үстіне Сингапур білім беру саласына мемлекеттік бюджеттің 20 пайыздайын жұмсауда. М.Көпеевтің пікірінше, ол мақсатқа қол жеткізу ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне, біліміне, кәсіби даярлығына тікелей байланысты. Оған адам капиталын дамытуға елеулі үлес қосып, «білім экономикасын» инвестициялап келе жатқан әлемдегі дамыған мемлекеттердің өнімді өнегесі дәлел болып табылады.
Сапалы білім беру Қазақстанды индустрияландыру мен инновациялық дамытудың негізі болуы тиіс екенін атап өткен М.Көпеев 2011-2020 жылдарға арналған Білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Төраға орынбасары атап өткендей, әлемдік білім беру және ғылыми стандарттарды отандық білім жүйесіне енгізу тиісті заңнамалық базамен қолдау тапты. Олар – «Білім туралы», «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы», «Ғылым туралы» заңдар. Бүгінде білім беру саласында 80-нен астам халықаралық келісімдер жүзеге асып отыр.
Инновациялық экономиканы дамытудың негізгі шарты ретінде білім беру жүйесін одан әрі көтеру мәселелеріне тоқтала келіп, сенатор Хусайын Валиев оқу орындарына берілетін лицензияның қолдану мерзімін, жас ғалымдардың шетелдерде тәжірибе жинау мүмкіндіктерін құқықтық тұрғыда бекіту, жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту саласындағы мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту мәселелерін қарастыруды ұсынды. Депутат сондай-ақ осы заманғы жағдайға бейімделген «Жастар және жастар саясаты туралы» заңды әзірлеу туралы айтып, алдағы уақытта білім беру, ғылым және инновациялық қызмет туралы заңдарды «Ұлттың зияткерлік дамуы туралы» жалпы кодекске біріктіруді ұсынды.
Негізгі баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім және ғылымды дамытудың стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру шаралары туралы айтып, осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіру жайында ұсыныстарын жеткізді. Конференцияда сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов, Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары А.Рау, «Назарбаев университеті» АҚ басқарма төрағасы А.Сарынжипов, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма басшысы Е.Біртанов, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ жетекшісі С.Әдекенов, сондай-ақ ғылыми орталар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Конференциядағы талқылауларда білім беру, кәсіби мамандарды даярлау саласын, индустриялық-инновациялық жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудағы мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету барысына ерекше екпін берілді. Талқылау нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.