• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2011

Қазақ тілі қайтсе қажеттілікке айналады?

572 рет
көрсетілді

Астанада ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы отырысты Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы ашып, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы жан-жақты ой қозғады. Бәріміз тіл туралы көп айтамыз, бірақ өзіміз қандай үлес қосып жүрміз дегенді тілге тиек еткенде, айтылар әңгіме нақты  болуы тиіс. Тілге сіңірген еңбекті міндет етпеуіміз қажет. Атқарған жұмысымызды саралай отырып, қай жерден ұттық, қай жерден ұтылдық, не істелмей қалды дегенді таразы басында теңшеп көрелік деді. Алғашқы сөзді Мемлекет және тарих институты дирек­то­рының орынбасары, профессор Хангелді  Әбжанов алып, қазақ ономастикасы туралы өз пікірін білдіре келіп, бұл саладағы әр­бір шешім тәрбиелік мәнге ие болу керек деген ол қазақ­стандықтарды біріктіретін мемлекеттік тіл екенін, бір кездері осы салаға бөлінетін қаржы 60 миллион теңгеден аспаса, қазір миллиардтарды құрап отыр­ға­нын, ендігі жерде сол қаржыны халықтың игілігіне тиімді жұм­сауды айтты. Көсемсөзші Са­быр­жан Шүкірұлы терминдер мәселесін алға тартып, тілдің көркеюі өзге емес, өз ұлты­мызға байланысты болып тұр­ға­нын, көп жағдайда салғырт­тық­қа салынып, бүгін бітіретін істі ертеңге қалдыраты­нымыз­ды, әсіресе билікте жүрген кейбір азаматтардың тілге атүсті қарайтынына нақты мысалдар келтірді. Журналист-жазушы Сұлтан Оразалы Астанада тілдік орта жоқ дегенге келіспейтінін айтып, мысалы елорда әкімдігінде істейтіндердің 90 пайызы өз қандастарымыз, министрліктерде де солай. Ендеше, тілдік орта жоқ деуге бол­майды деп қабылданған бағ­дар­ламаның орындалуын қада­ға­лау үшін нақты жоспардың қажет екенін, оны кімдердің жүзеге асыратынын жұрт біліп отыруы тиістігін назарға салды. Ал белгілі ақын Серік Тұрғын­бекұлы заңдық күші бар құ­жаттарды орындамайтыны­мыз­ды айта келіп, заң қабылданып, Елбасы бекіткен соң ол орын­далуы тиіс, ал орындамағандар жауапқа тартылуы қажет. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өткен ғасырдың басында бесігіңді түзе деп еді, мен жаңа ғасыр­дың басында билігіңді түзе дер едім. Көп жағдайда қазақ тіліне кедергі жасап отырған осы билікте жүргендер. Тіл білмейтіндер арын алға салып, атағы дардай қызметтен «Мен тіл білмеймін, сол себептен бас тартамын» десе, қазақ тілінің бағы жанып, мәртебесі өсер еді. Мемлекетінің тілін білмеген адам биліктен аулақ жүргені жөн. Біз тіл үй­ренеміз дегелі 20 жылдан асты. Егер қажеттілік туындап жатса, екі айда үйренуге болады. Бұл тұрғыдан келгенде КСРО-ның тіл білу саясатын қолдансақ, еш ар­тықтығы жоқ деген ақын сөз со­ңын: «Құр тірі жүрген мүсіндей, Міңкілдеп сөйлеп кей көкем. Қазақтың жанын түсінбей, Қа­зақтың нанын жейді екен. Қазақ тілі Құрандай, Құдайым елге қай­тып бер. Қағынан безген құлан­дай, Тілінен безген тәйтіктер. Айтып айтпай не керек, Дүрбе­лең дүние дерексіз. Қазақтың жері керемет, Қазақтың тілі керексіз. Мұңдансын қазақ мұңданса, Солақай билік жүйесі. Иесі жер­дің кім болса, Сол жерде тілдің киесі», деп өлеңге ұштастырды. Астана медицина университе­тінің профессоры Мұхамбедия Ахметов төмендегі ұсыныстарын ортаға салды. Ол  аудармашылар дайындау ісін дұрыс жолға қойып, тележурналистердің тіл байлығын көтеру, сөздерді дұрыс қолдануын қадағалау қажеттігін атап өтсе, «Отырар» кітапха­насының директоры, профессор Тұрсын Жұртбай сөзі бұзылған жұрттың жүйкесі де бұзылатыны туралы қызық деректер келтірді. Ол сонымен бірге, іс қағаздарын бір тілде жүргізуді орнықтыру, өте қажет жағдайда ғана өзге ұлт өкілдерінің ересек азаматтарына талабына орай жауап беру, жалпы екі тілде іс жүргізу бұл қағаз шы­ғы­ны мен зая еңбек екенін дәйек­теді. Жарнаманы бір тілде жазу­ды құқық қорғау салалары, оның ішінде әскер де бар, мемлекеттік тілде толық сөйлеуін ұсынды. Баланың қанын, адамның жанын ұйытатын әйел десек,  ал­дымен аналар ана тілінде сөй­лесін. Қазір ғалымдардың зерттегеніне қарасақ, еліміздегі 25 пен 50 жас аралығындағы әйелдердің 70-80 пайызы алдымен орыс тілінде сөйлейді екен.  Елбасы сайлауға түсер алдында мемлекеттік тілден сынақ тапсырады. Сол секілді лауазымды мекемелерді, министрлікті басқара­тындар да сондай сынақтан неге өтпейді? Сонда олар мемлекеттік тілдің мәртебесін тү­сінер еді. Шыны керек, қазақ тілін білмегендер министр болуға құқы жоқ деген бір пәрмен болса, 2 жыл емес, 2 айдың ішінде олардың біліп шығатынына менің иманым кәміл, деді профессор. Ол мұ­нымен қоса, тіл туралы жаңа бағдарламаны кезең-кезеңімен орындау мәселесін айтып, тиісті адамдардың әр жыл сайын есебін тыңдау қажеттігін атап өтті. Белгілі дипломат Сайлау Батыршаұлы: «23 жылдан бері тіл үйрену мәселесін айтып келеміз, енді осы сөзді тағы да 10 жыл «жырлайтын» боламыз. Мұндай жағдай әлемнің бірде- бір елінде жоқ. Әрі кетсе мемлекеттік тілді 5 жылдың ішінде меңгеріп шығады. Біз де сондай талап қойып, тіл тағды­рына немқұрайлы қарамайық», деп ойын түйіндеді. «Болашақ» қауымдастығының өкілі Дастан Аспан өзінің мектепті қазақша бітіргенін, шетелде білім толықтырғанын қазір өз елімізде еңбек етіп жүргенін айтып, мемлекеттік тіл, әсіресе үкімет пен министрліктерде көп жағдайда қажеттілікке айналмай тұрғанын, соның кесірінен өзінің қазір ана тіліне шорқақтанып бара жатқанын, кейбір жастардың компьютерге сеніп кеткенін, қағазға жазған­да қатені көп жіберетінін айта келіп, көп түйткіл қазақ тілі мен ресми тілдің қатар қол­дануында екенін назарға салды. Тіл мәселесі қозғалған жи­ында елордада тұратын 70 пайыз қазақ балаларының 53-і қазақ сыныптарына, 47-сі орыс сыныбында оқитыны алға тартылды. Тіпті, бір аралас мектептің орыс сыныбында 1000-ға тарта ұл-қыз білім алып жүрсе, соның 144-і ғана өзге ұлттың балалары көрінеді. Бұдан өзге де әттеген-айлар аз айтылған жоқ. Басты түйін, қазақ тілінің қажеттілігі ең бірінші Астанада жүзеге асса, одан кейін мәселенің бәрі шешіледі дегенге сайды. Сүлеймен МӘМЕТ.