• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

Халықаралық сауданы ұлғайту қадамдары

499 рет
көрсетілді

Алматыда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лық­аралық орталығының ашылуына орай баспасөз мәсли­хаты болып өтті. Онда «Қор­ғас» шекара маңы ынты­мақ­тастығы ха­лықаралық орталығының басшысы Ғабдулхакім Жәшібеков жиналғандарға орталықтың келешекте дамуы­ның бірегей жобаларының негізгі әрі басты кезеңдері туралы баяндады. «Қорғас» шекара маңы ынтымақ­тастығы халық­аралық орталығы құрылысын алғашқы кезекте бірлесіп ашу биылғы жылдың бірінші шілдесіне жоспарланып отыр. Ор­талық жетекшісінің айтуынша, республикадағы  ең ірі инфра­­құрылымдық кешен – болашақта трансконтинен­тал­ды сауда-көлік жүйесінің ең маңызды пунктіне айналуы тиіс. – Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасы бо­йынша 2005 жылы құрылған «Қор­ғас» шекара маңы ынтымақ­тастығы халықаралық орталығы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық экономикалық ын­тымақтастық саласындағы еліміздегі ірі инфрақұрылымдық ин­вестициялық жоба болып табы­лады. Негізінен алғанда, мемлекеттік компаниялардың ең басты әрі өзекті міндеті – «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лықаралық орталығының қазақ­стан­дық бөлігінде инфрақұры­лым­ды құру, дамыту, қамтамасыз ету және сондай-ақ инвесторлар­ды тарту болып есептелінеді. Халықаралық орталық – біздің еліміздің және қытайлық сауда-көрме павильондары орналас­ты­ры­латын тұйықталған, жабық ау­мақ. Мұнда келісімшарттарды тікелей жасауға мүмкіндік мол, анығырақ айтқанда Қазақстан, Ресей және Беларусь респуб­лика­ларының кәсіпкерлері Қытайдың ішкі жағына бару қажеттігінен босатылады. Сөйтіп,  сатып алуға қатысты барлық іс-шаралар осы жерде, Қорғаста жасала береді, –  дейді Ғабдулхакім Жәшібеков. Орталық басшыларының ай­туынша, «Қорғас» мемлекет­ара­лық жобасын дайындап, жүзеге асыру, яғни инфрақұрылымға қол­дау көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен – 73 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал, бұл жобаның барлық құны қазақстандық тараптан – 360 миллиард теңгеге баға­ланған. Сонымен қатар, жеке инвесторлардан алынатын жиынтық салымның мөлшері сарапшылар­дың алдын-ала есептеулері бо­йынша 300 миллиард теңгеден астам соманы құрауы тиіс. Ғабдулхакім Жәшібековтің ай­туынша, «орталықты құрудағы басты мақсат – мемлекеттің ин­дустриялық-инновациялық саяса­тын жүзеге асырып, шетелдік ка­питалды тарту арқылы аймақтың экономикасын жандандыру және инвестициялық ахуалды айтар­лық­тай жақсарту. Бұл бағытта дәйекті түрде атқарылатын ау­қымды іс-шаралардың арасында, сонымен қатар республиканың қайта өңдеу өнеркәсібін және азық-түлік секторын дамыту, бюд­жетке салықтық төлемдерді молайту және сыртқы сауда опе­ра­­цияларына халықаралық стандарттар жүйесін енгізу жұмыс­тары бар. Сондай-ақ, көліктік-логис­тикалық, импорттық және транзиттік жүк айналымына тер­ми­налдық қызметтерді дамыту­дың қажеттілігі зор екендігі айтпаса да түсінікті. Ұлы Жібек жолы бойында туризм, көлік және байланыс инфрақұрылымдарын да­­мытып, одан әрі жетілдірумен қатар, жергілікті мамандарды жұ­мыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру да жобаның өзекті міндеттерінің біріне айналмақ. Шекара маңы ынтымақтас­ты­ғы халықаралық орталығын құ­рудағы тағы бір артықшылық – үшінші ел азаматтарының кездесулері, Қазақстанда, Қытайда жә­не ТМД-ның елдерінде өндірілген өнеркәсіп өнімдерімен танысуы және сауда келісім-шарттарын бекітуі мен тынығуы үшін бұл аумаққа визасыз енуге мүмкіндік туғызады. Баспасөз мәслихатында  сөз алған Қазақстан Сауда-өнер­кәсіптік палатасының вице-президенті Ғафур Ихсан «Қорғас» ШЫХО арқылы жүк өткізуге қа­тыс­ты бүгінгі таңдағы сан қыр­лы әрі ауқымды мәселелерге кеңінен тоқталды. Оның тұжырымдауын­ша, «қазіргі таңда, ең алдымен жүк өткізудің сапасы мен мәде­ниетін барынша арттыру алғы шепке  шығып, маңызды міндетке айналып отыр». Бұл орайда, азық-түлік өнімдерінің, әсіресе жеміс-жидектер мен көкөністердің сапа­сын және жыл мерзіміне байла­ныс­ты олардың бағасының тө­мен­деуі назардан тыс қалмауы қажеттігінің күн тәртібінде тұ­руы құптарлық жәйт. Мұның өзі Қазақстан үшін өте маңызды екендігін жасырудың қажеті жоқ. Мемлекетаралық жоба бойын­ша арнаулы экономикалық аймақ құрылатын халықаралық орта­лық­тың аумағында – қазақ­стан­дық, сондай-ақ қытайлық сауда-көрме павильондары, қонақ үй­лер, этно­графиялық паркі және халық­аралық туристік кешен орналас­тырылмақ. Мұнда Кеден одағы елдерінің кәсіпкерлері Қы­тайға барып, ат шалдырмай-ақ сол жер­дің өзінде-ақ келісім-шарт­тар жасай алады. Бұл жо­бадағы тағы бір басымдық – кез-келген азамат арнаулы эконо­микалық аймақта бір ай бойы визасыз бола алады. Бұдан басқа, атап көрсетерлік тағы бір жәйт «Қорғас» шекара маңы халық­ара­лық орталығының өз жұмысын бастауы Қазақстан аумағында контейнерлік тасымал­дау санын жылына 120 мыңға дейін арт­тырмақ. «Қорғастың» шекара аумағын­дағы аймақтың дамуына айтар­лықтай үлес қосатыны да белгілі. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.