• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Сенатор неден секем алады?

349 рет
көрсетілді

«Қазағым, қайда барасың?» (Е.Қ.3.11.2011 ж.) Өткен жылдың қараша айының басында «Егемен Қазақстан» газетінде Ө.Байгелдидің «Қазағым, қайда бара­сың?» деген мақаласы жарық көрді. Оны басқа газеттер де қайыра басып, өз оқырмандарының назарына ұсынды. Мұның себебі не? Мақалада үлкен ойлар бар. Ол бойында қазақтың қаны бар әрбір азаматты ойландырса керек. Себебі, қазақ үшін аса зор қауіптің қайдан төніп келе жатқанын және оның алдын алу жайында ой толғаған ақса­қа­лымыздың жанайқайы көзі қарақты оқырманын бей-жай қалдырмағаны белгілі. Десек те одан бері уақыт жыл­жы­ға­нымен мәселенің мәнісіне қолдау білдірген қандастарымыздың қарасы аса көп емес. Расында ұлттық, рухани тұтастық бір рет айттым бітті, кестім үзілдімен жөнге келмесі анық. Дендеп енген кеселдің, мысқалдап шығатыны және бар. Олай болса, бұған діндегі- ділдегі – жалпы қоғамдағы жат құбы­лыс­тардың алдын алу үшін бірлесіп кү­ресу, үн қосу керек шығар. Бұл әрбір отбасының міндеті, әрі болашақ үшін атқаратын парыз болғанда ғана жемісін береді. Отан отбасынан басталады десек, әрбір отбасы өз тәрбиесінде ұлт­тық құндылығымызды жастардың са­на­сына біртіндеп сіңіре алсақ, талай қазақ баласы сырттан келген жат құбылыс­тардан бойын аулақ ұстары анық. Ө.Байгелди өз мақаласында халқы­мыз­дың өткеніне талдау жасай отырып, оның рухының беріктігін, көне ғасыр­лар қойнауынан тарих көшінде қазақ болып қалыптасып келе жатқанын нақ­ты дәйектермен баяндайды. Мақалада ұлтымыздың тұтастығын сақтаудың тұғыры туралы «...Қазақ тілге бай ха­лық қой ...Осы тұрғыда бүкіл халықтың болмысын, бірлігін, мықтылығын, тектілігін дүниенің төрт бұрышындай мығым ұстап тұруда, бәрі де А әрпінен басталатын төрт-ақ сөздің алатын орны ерекше. Олар-Алаш, Аттан, Асар, Алас сөздері» – дейді. Бұл сөздер тәртіпке, тәрбиеге, татулыққа, бірлікке шақыра­тын ұлттық құндылық, рухтық ұста­ным болғанын айта келіп, бүгіндері жастарымыздың еліктегіштігіне, бірлі-жарым болса да басқа дінге кірген қандастарымыздың барына, уланған сананың әсерінен ата-анасынан, туыс-бауырынан, ұлтынан, отанынан без­ген­дер­дің көбейіп бара жатқанына алаң­дау­шылық білдіреді. Осы жерде қаты­гездік, зұлымдық, зорлық-зомбылық, лаңкестік, қорқыту, үрей туғызу арқы­лы адам өміріне қауіп төндіру, ислам дініне қайшы жат жолға түсуші екенін ескертеді. Қанша жерден бөлек дегенмен бү­гін­гі күні дінді қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Ислам – гуманизм діні. Ол – қоғамда бейбіт өмір мен татулықты сақтауға шақыратын дін. Сонда ғана әрбір қандасымыздың Отанын сүю, тіліңді, діліңді, дініңді аялау, ұятыңды сақтау, жан дүниеңді қорғау сияқты ізгілік ұстанымдары берік орнығады. Егер адасып жүргендер болса, ислам Алла­ның ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Біз тарихи тамырымыз бен төл салт-дәстүрімізге табан тіреп, исламның ең үздік жетістіктерін өзімізге бейімдей отырып, өз жо­лы­мызды анықтауымыз керек. Осы жерде мынаны ескерсек болады. Осы күн­де­рі елімізде қазақы рәсім­дерге сай емес, діни мо­нар­хиялық ислам мемлект­теріндегі кейбір ұстаным­дар­ды көшіріп алып пайдалану етек алып барады. Әсіресе қыз-келіншектері­міз­дің өзге елдердегі киім кию үлгісін ұстанушылы­ғы алаңдатады. Біз өз дәстүрі бар, көне тарихы бар елміз, әрі зайырлы мемлекетпіз. Бұл туралы мақалада әбден түсінікті етіп жазылған. Соны ескеріп, ертеңімізге сеніммен қарасақ болады. Ө.Байгелди осы мақаласында қаза­қы ғұрпымыз ата-баба аруағын қас­терлеу мен Жаратушы, әлем иесі бір Ал­ланың арасын ажыратып, шатыс­тыр­мауды ескерген. Аруақты құр­мет­теуді Аллаға серік қосу деп шатасу біз­дің елімізге ңұқсан келтірумен қатар, рухани тұғырымызды, тұтастығымыз­ды бұзатын саяси қитұрқылық. Жік салудың жолы. Мұны бәрі білуі шарт десек, елімізге ислам діні келмей тұ­рып та қазақтар көк Тәңіріне құлшы­лық жасап, бір ғана Құдай бар деп табынды емес пе? Мұны осыдан екі жарым мың жыл бұрын Герадоттың өзі де мойындаған. Жалпы рухымызға әсер беретін, біздің еркімізден тысқары бір құдіретті күшті бәріміз де мойындауға тиіспіз. Осы жерде өткен жылы жарық көр­ген  академик Өмірзақ Айт­байұлының «Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым» деген мақаласында айтылған мә­селеге назар аударсақ болады. Дәлі­рек айтқанда, тіл мен тәуелсіздікке қа­тысты ұсынысы: «Елімізде іргелі діндерге (ислам, христиан, будда, иудаизм) ғана орын қалдырып, қаптаған конфессиялар мен секталарға қатаң тыйым салу қажет. «Діни сенім бос­тан­дығы туралы» заңды қайта қарап, та­лаптарын күшейту керек. Бізге жалпы жұртшылықтың (келімсек миссионер­лер­дің) көңілін табудан гөрі, еліміздің тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды болуы қымбат» – деген пікірін де ескерсек болады. Яғни, Ө.Байгелдидің мақаласында атап көрсетілгендей, өз­де­рін ислам дінінің жанашыры санай­тын түрлі ағымдардың еркінсінуіне жол бермеуіміз керек. Жалпы, ислам дінінің пайдадан басқа залалы жоқ. Тек дұрыстап уағыздап, дұрыстап тұтын­ғанымыз жөн. Дін бар жерде тазалық, адалдық, адамдық бар, ағайын! Сабыр ҚЫЛЫШБЕК, Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы. Жамбыл облысы, Қаратау қаласы.