5,5 миллиард
жылу маусымына осынша қаржы бөлінбек
«Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілді басшылыққа алған қызылордалықтар алдағы жылу маусымының қарекетіне осы бастан кірісіп кетті. Атап айтқанда, алдағы жылу маусымында қажетті отын қорын сатып алу үшін 5,5 миллиард теңге қарастырылып жатыр. Бұл сомаға 46,2 шақырым су-кәріз жүйелері, 20,2 шақырым жылу желілері, 12 үлкен қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 78,5 мың тонна қатты отын, 57,6 мың тонна сұйық отын сатып алынады.
Бұдан бөлек, облыс бойынша 71 кіші қазандық жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Сондай-ақ 301 білім мекемесіне, 338 денсаулық сақтау орталығына, 277 мәдениет нысанына және 543 тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Қызылорда қаласы бойынша коммуналдық төлем қарыздары 1,4 миллиард теңгеге жеткен. Оның 519 миллион теңгесі тұрғындардың мойнында болса, қалғаны жылу орталықтарына тиесілі екен.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.
8,1 млрд. теңге
өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жалпы құны осынша қаржы болатын 8 жобаны жүзеге асыру көзделген
Мемлекет басшысының жолдауларында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы өндірісті өркендетуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы өңірде осы бағытта іске қосылған іргелі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың күнкөрісі айтарлықтай жақсара түсті. Солардың қатарында құрылысы қарқынды жалғасқан республикалық картадағы «Мойнақ» су электр стансасы мен Жетіген – Қорғас темір жол желісінің ағымдағы жылы ел игілігіне берілетіні қуанышты.
Тәуелсіздік мерейіне арналған толымды тартулардың қатарында индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жалпы құны 8,1 млрд. теңге болатын 8 инвестициялық жобаны орындау күн тәртібіне қойылған. Бағдарламаның тиянағы келтірілгенде, жаңа жұмыс орындары ашылады және оның өңір экономикасына тың серпін қосатын болады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
200 000 000
Рудный жолдарына осынша теңге бөлінеді
Бұрын Рудный қаласындағы ішкі жолдарды жамап-жасқауға жыл сайын 15-20 миллион теңге бөлінетін. Ал биыл осы мақсат жолында 200 миллион теңге игерілмек. Қаланың біраз жылдардан бері жөндеу көрмей, ойылып кеткен жолдарының барлығы қалпына келтіріледі. Бұл қала көркін арттырумен қатар, көлік пен жүргіншілерге қолайлылық та туғызады. Өткен жылы жазда қаланың қақ ортасындағы ұзын көше жөнделген болатын.
Сонымен қатар, қаладағы жылу құбырлары да жамауға зәру болып тұр. Қаланың орталық жылу құбырын жөндеуге облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінді. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі ішкі көшеаралық жылу құбырларын қалпына келтіруді өз мойнына алып отыр. Өндіріс алыбы осы мақсатқа 200 миллион теңге қарастырып та қойды. Жаз бойы кеншілер қаласының көшелері жөндеу-құрылыс алаңына айналады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Рудный.