Елбасы осы жылғы халыққа Жолдауында көліктік медицина мәселесіне ерекше тоқталып еді. Оның ішінде мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойыздарының өз жұмысын бастағанын мәлімдеп, жылжымалы медициналық автокешендерді сатып алуды осы жылы аяқтауды, сондай-ақ санитарлық авиация мұқтаждығы үшін 2015 жылға дейін 16 тікұшақ сатып алуды Үкіметке тікелей міндеттеген болатын. Ал енді көліктік медицина дегеніміз не? Бұл не үшін қажет деген сұрақтар өз-өзінен көлденеңдейді. Құдай бетін аулақ қылсын дейміз ғой, бірақ ел іші болған соң жол бойында неше түрлі апатты жағдайлар орын алып жататыны бар. Тіпті кейбір ауылдарда тұтас төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Сондайда әлгі аталған тікұшақтардың көмегі тимек. Зардап шеккендерді шұғыл ауруханаға немесе зарарсыз жерлерге жеткізуде тікұшақтың жылдамдығына сүйенетін боламыз. Сондай-ақ, жол апатына ұшыраған жандарға реанимобил деп аталатын көліктер де шығарыла бастады. Бірақ бұның басқаша төтенше жағдайларға қатысы жоқ. Тағы бір мәселе бар. Шалғай ауылдардағы халыққа тегін әрі сапалы медициналық қызмет көрсету әлі де болса жолға қойылмай келеді. Жасырып керегі не, кейбір облыстардың шалғай ауылдарында не амбулатория, не фельдшерлік-акушерлік пункт, не медициналық пункт жұмыс істемейтінін көзіміз көріп жүр. Тіпті жұмыс істеген күнде де ондағы мамандар саны шектеулі болғандықтан, ауыл тұрғындары ауданға, облыс орталығына баруға мәжбүр. Емделу тегін болғанмен, жол қаражаты, дәрі-дәрмек сатып алу ауыл тұрғындарына оңай емес. Оның сыртында қағазбастылық мәселесі тағы бар. Ат арытып барғанда бір қағазың дұрыс болмаса, қайтадан кері қайтасың. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін арнайы мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойыздары ауыл аралап, тұрғындарға медициналық көмек көрсете бастады. Одан бөлек жылжымалы медициналық кешендер сатып алынуда. Былтыр ғана 11 жылжымалы медициналық кешен сатып алынса, биыл 39 медициналық кешен сатып алыну жоспарлануда. Сонда жылына 1,5-2 миллион адам осы мобильді медицинаның арқасында тегін емделетін болады. Айналып келгенде көліктік медицина дегеніңіз – шалғай ауылдардағы тұрғындар мен жол апатына ұшыраған науқастарға, төтенше жағдайларға душар болған бұқараға медициналық көмектің сапалылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған үлкен жоба.
Енді осы жобаны іске асыру Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрліктеріне, және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына жүктеліп отыр. Осы көліктік медицина туралы жан-жақты мәлімет іздестіру барысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайловқа сауал жолдағанбыз. Ондағы мақсатымыз – тікұшақтар мен емдеу-диагностикалық пойыздары жайында халықты кеңірек хабардар ету болатын. 16 тікұшақты сатып алу 2015 жылға дейін жоспарланғандықтан, әзірге бұл мәселе «Вёртолеты России» акционерлік қоғамы мен «Казахстан Инжиниринг» акционерлік қоғамы арасында талқыланып жатқан жайы бар екен. Санитарлық тікұшақтардың бағасы олардың түріне қарай 1,5-2,2 миллиард теңге аралығында болмақ. Бұл тікұшақтарды Астана, Алматы, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Өскемен қалаларына орналастыру жоспарланған.
Ал пойыздардың жағдайына келер болсақ, «Денсаулық» және «Жәрдем» атты бұл пойыздар жұмысын былтыр ғана бастапты. Әрқайсысында жеті вагоннан бар. Медициналық вагондар облыстық емханалар деңгейінде осы заманғы медициналық технологиямен жабдықталған. Бұл өз кезегінде шалғай ауылдардағы тұрғындардың УДЗ-ға түсуіне, шағын операциялық, стоматологиялық көмектер алуына, басқа салалық дәрігерлерге көрініп, ежелгі болмаса жаңа басталған сырқаттарын емдетеді. Пойыздардың әрқайсысында 18 медицина маманы жұмыс істейді екен. Тұрғындар медициналық көмекті де, дәріні де тегін алады. Бұл үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті қаржы жұмсап отыр. Сондай-ақ, негізгі шығынды, яғни пойыздарға қаржыны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен басқа да ірілі-ұсақты компаниялар бөлген. «Денсаулық» пойызы 2010 жылы Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарының стансалары мен разъездерінде 23283 кісіге жәрдем көрсеткен болса, осы жылдан бастап оңтүстік аймақтың, яғни Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облысының халқына қызмет көрсетуде. Аталған облыстар бойынша 141855 адам көрінуге келсе, оның ішінде 94262 кісі диагностикалық зерттеуден өтіп, 132 кісіге шағын амбулаториялық операция жасалған. Дәл қазіргі таңда бұл пойыз Алматы облысында жүр. Ал, «Жәрдем» пойызы Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын аралап, 15129 науқасқа жәрдем көрсеткен.
Айта кетейік, бұл пойыздар 2010 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл таңдауы» ұлттық байқауының «Қазақстандағы №1 әлеуметтік-жауапкершілікті жоба» номинациясы бойынша, сондай-ақ «Парыз» байқауының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаз ретінде танылды.
Жылжымалы медициналық кешендерге қатысты айтарымыз, бұл әзірге Астана мен Алматы қалаларын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарын қоспағанда, еліміздің 11 облысына қойылды. Кешеннің 6 кабинеті, оған қоса бір аптекалық пункті бар. Бұл да шалғай ауылдарды аралап, халыққа тегін қызмет көрсетеді.
Әңгіменің басында реанимобил туралы баяндағанбыз. Бұлар тек қана жол-көлік оқиғасы орын алған кезде ғана көмекке жетеді. Сондықтан еліміздегі ең бір қауіпті автожолдардың маңына орналасқан. Ішкі істер министрлігінің анықтауы бойынша, еліміздегі ең бір қауіпті автожолдар: Астана-Бурабай автожолының 12-ші километрінен 220-шы километріне дейінгі аралық, Алматы-Өскемен автожолындағы 67 километрге созылатын Қапшағай қаласы, Алматы-Ташкент автожолының Т.Рысқұлов ауданы территориясы, Екатеринбург-Алматы автожолының Осакаров ауданы мен Шет ауданы территориялары, сондай-ақ, Самара-Шымкент автожолындағы Ордабасы ауданының территориясы. Үкімет аталған бес қауіпті аймақ пен осы жолдардың маңындағы жеті денсаулық сақтау мекемесі үшін 7 реанимобил, сондай-ақ әрбір облысқа бір-бірден есептегенде 14, республикалық маңызы бар қалаларға 4, елордаға 3, жалпы жиыны 28 реанимобилді жұмысқа жегуді жоспарлап отыр. Бұл көліктерді сатып алу үшін 840 миллион теңге қарастырылған болса, осы күні соның 14-і сатып алыныпты.
Көліктік медицинаның халыққа қызмет етуі үшін Үкімет тиісті жерлерге тапсырманы беріп, қауырт жұмыс істеуде. Жоғарыдағы көрсеткіштер соның нәтижесі. Бірақ, «балапанды күзде санайды» демекші, түпкілікті нәтиже, яғни шалғайдағы ауыл халқының денсаулығы мен апатқа ұшыраған тұрғындардың амандық-саулығы туралы айтылатын әңгіме әлі алда болмақ.
Айгүл СЕЙІЛОВА.