• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2011

Апта айшықтары

321 рет
көрсетілді

ДӘСТҮРЛІ МАРАФОН-ЭСТАФЕТА БАСТАЛДЫ Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында басталған «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы ел еге­мендігінің мерейлі 20 жылдығына арналды. Патриоттық акцияны Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөзбен ашып, жастар бастамасының баянды болуына тілектестік білдірді. Бүгінгі күні аймақта құрамына 12 мыңнан астам студент пен оқушы жастарды біріктіретін 570 еңбек және 2 мың адамды құрайтын 98 «Жа­сыл ел» отрядтары құрылған. Олар ауыл, қалаларды абаттандыру мен кө­гал­дандыру жұмыстарымен, педагогикалық тәрбие ісімен, егістік ал­қап­та­рда және құрылыс алаңдарында жемісті еңбегімен танылуда. Өт­кен жы­лы студенттік құрылыс отрядтары 1,5 миллиард теңгенің жұмысын атқарды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * АУЫЛДАРДА АТҚАРЫЛҒАН ИГІ ІСТЕР КӨП Облыс әкімі Серік Біләловтің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 игі іс» атты акция елді мекендерде де жалғасып, Алаштың ақиық ақыны Мағжанның туған жері – М.Жұмабаев ауданынан бастау алды. Аймақ басшысы бастаған топ Сартомар ауылында болып, көптеген тартулар жасады. Мешіттің жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінетін болды. 300-ге тарта адамға қызмет көрсететін медициналық қосынға физиокабинет табыс етілді. Мұндағы мұражайда 300-ден астам жәдігер сақтаулы. Оның қатарын ақынның 200-дей жаңа туындылары толықтырды. Бұған қоса түрлі-түсті теледидар мен компьютер сыйға тартылды. Мектеп оқушылары да сый-сия­патқа ие болды. Оларға күрес кілемі, үстел теннисі, спорт жабдықтары берілді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, М. Жұмабаев ауданы. * * * ҚОЛӨНЕР КӨРМЕСІ АТАУЫ – «ЖАУҚАЗЫН» Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жас жеткіншектердің «Жауқазын» атты қолөнер туындыларының көрмесі ашылды. Оның басты мақсаты – ауыл балаларының шығармашылығын қолдау. Көрме жыл аяғына дейін жалғасып, оған облыстың барлық аудандарының оқушылары қатыспақ. Көрмеге келушілердің жоғары бағасын алған жиырма жас таланттың есімі тәуелсіздік мерекесі қарсаңында анықталмақ. Облыс орталығының тұрғындары бірінші кезекте шалғайдағы Жаңақала және Қаратөбе аудандары жеткіншектерінің бейнелеу өнері мен ұлттық қолөнер ісіндегі балауса туындыларымен және сәндік-қолданбалы сипаттағы тұңғыш бұйымдарымен танысты. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * ЕЛ АТАҒЫН ШЫҒАРҒАН ЕРГЕ ҚҰРМЕТ Қазақстанның Халық Қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсенов –Ұлан ауданының тумасы. Жақында аталған ауданның І.Айтықов ауылында «Ер атағын ел сақтар» деген тақырыпта жерлесіміздің туған күніне орай айтулы шара болып өтті. Оған ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты. Оқушылар Қ.Қайсенов туралы деректі фильмдерді тамашалап, Батырлар аллеясына көшеттер отырғызды.  Сонымен бірге, Тарғын ауылдық округінде бокстан мектеп оқушылары арасында турнир болып өтті. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * «ҚАЗФОСФАТ» ПЕН «FOSFA A.S.» ЖОБАСЫ Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өткен аптада Чехия­ның Қазақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бедржих Копецки мен чехиялық «Fosfa a.s.» компания­сының басшысын қабылдады. Екі жақты мүдделі әңгімеде «Қазфосфат» ЖШС мен чех компаниясы арасында гексаметафосфат және фосфорлық тұздар шығаратын өндірісті іске қосу туралы құжатқа қол қойылды. Гексаметафосфат, негізінен, тамақ, целлюлоза, құрылыс материалдары және тұрмыстық химия өнеркәсібінде қолданылады. Жаңа жоба желтоқсан айында жұмысын бастамақшы. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР КӨБЕЙЕТІН БОЛДЫ Аймақты азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Облыстық әкімдікте осы тақырыпқа байланысты ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтің есебі тыңдалды. Көкөніс, бау-бақша өнімдерін өзгелерге қарағанда көп өндіретін Оңтүстіктің дақылдары өзге облыстарға көп саудаланатындықтан, күзге салым өзін қамтуға жетпей қалады екен. Сондықтан қосымша 375,4 гектарға картоп, 143 гектарға сәбіз егуге тапсырма берілді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов суармалы жер көлемін 1 млн. гектарға ұлғайту мәселесін көтерді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * СЕНАТОР ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР АТАНДЫ Өзіндік философиялық ойларымен, зерттеулерімен кеңінен танылған академик, Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есімді атыраулықтар құрмет тұтады. Ол өткен аптада Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорларымен, студенттерімен кездесті. «Қазақ елінің басты құндылықтарының бірі –Тәуелсіздік. Оны мәңгілік ету – бәріміздің міндетіміз» деген сенатор «Қазақ елі –2030» тақырыбы аясында лекция оқыды. Академик-философ оқытушылар мен студенттерді толған­дырған сауалдарға жауап қайтарды. Университет ректоры Алтай Қазмағанбетов Ғарифолла Есімге «Құрметті профессор» атағы берілгенін жариялап, тиісті куәлікті табыстады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.