• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2011

Ядролық тежеу – қауіпсіз болашақ бастауы

651 рет
көрсетілді

Лондонда ядросыз әлем құру мәселелеріне арналған халықаралық конференция аяқталды Бұған дейін хабарлан­ға­нын­дай, Лондонда «Тежеу: өт­кені және келешегі» деген та­қырыпта халықаралық кон­­ференция болып өтті. Әлемдік деңгейдегі аталған ауқымды ша­раны Еуропа­ның көшбас­шы­лық желісі мен Стэнфорд университе­ті­нің Гувер инс­ти­туты және «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры бір­лесіп ұйымдасты­рып, демеушілік жасады. Өт­кен жұ­ма күні басталып, сенбі күні аяқталған екі күндік кон­­фе­ренцияға Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік хат­шысы Қанат Саудабаев бас­таған қазақстандық делегация қатысты. Біз Лондонда болған 3-4 күн ішінде Англия өзінің Тұманды Альбион атауын ақтай қойған жоқ. Аспанды аракідік ала бұлт торлағаны болмаса, бір тамшы тамбады. Әрине, бұған еш­кімнің де қуанбаса ренжімегені анық. Бірақ мұнда қанша жаң­быр жауса да, аяғыңа жа­бы­са­тын бір түйір лай балшық тап­пайсың. Өйткені, бүкіл жер ас­фальтталып тасталған, шөп егілген жерлерді айтпағанда, жай жат­қан қара жер жоқ. Сондықтан аяқ киіміңе де түйір шаң отыр­майды. Жылжымайтын мүліктің баға­сы өте қымбат екенін естідік. Себебі, Англия арал мемлекет бол­ғандықтан, жер қымбат және тап­шы. Ағылшындардың тілдерінде де ерекшелік үлкен екен, диалект әр жіктің қоғамда алатын орны­мен байланыстырылады. Етікшіні, көше сыпырушыны, таксишіні, қысқасы, қара жұмыс атқаратындарды жоғары жік­тің адамдары түсінуі қиын­шылық туғызатын көрінеді. Төменгі жіктің адамдары қо­ғамдағы өз орнын білгендіктен, ешқашан жоғарыға қол созбайтынын да бұл елдің өзін­дік бір ерекшелігі ретінде қабылдадық. Таксиші демекші, конференция өтіп жатқан Лаңкестер хаус ғимаратының ауласына еніп бара жатқан «I Kaz» сериялы елші Қайрат Әбу­сейітовтің қызмет кө­лігін көріп қалған бір ағылшын аулада тұр­ған бір топ журна­лис­тің жа­ны­на келіп тоқтап, «Сіздер Қазақ­стан­нан емессіздер ме?» деп сұ­рады. Осыдан-ақ, өзгені айт­па­ғанда, қарапайым ағыл­шын аза­маты үшін де Қазақстанның та­ны­мал ел бола бастағанын ұғын­дық. Оның айтуынша, Лондонда таксиші болып орналасу үшін 4 жыл оқуың керек көрінеді. Оның бір себебі, таксиші қаланың ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білуі тиіс болса, сондай-ақ әр клиенттің көңі­лін табатындай жоғары дең­гей­де қызмет көрсетуі керек екен. Тағы бір атап өтетін жәйт – лондондықтар жөн сұраған адам­ға еш бәлсінбестен ілтипатпен жауап беруге бейім тұрады. Абайсызда қағып кетсең, орын­сыз жерде тұрып қалыппын дегендей, өзі кешірім сұрап бәйек болады. Халқының 50 пайызын шеттен келген мигранттар құ­рай­тындықтан, этносаралық та­ту­лық пен дінаралық келісімге ұмтылыс үлкен екені байқалады. Ағылшын тілін білмеген адамға Англияда жұмыс та та­бы­лады екен. Әсіресе, қызмет көрсету саласында сырттан келгендер көп көрінді. Сауда орындары мен қонақ үйлерде, қоғамдық тамақтандыру орын­дарында қызмет көрсететіндер қатарында орысша білетіндерден, әсіресе, Балтық бойы елдерінен келгендер баршылық екені байқалып қалды. Мұны түп­кілікті халықтың «қара жұмыс» істеуге құлықсыздығымен қа­тар, өзге де дамыған Еуропа елдеріндегі секілді Англияда да байырғы халық арасында зей­неткерлердің көп, жас буынның аз екендігімен, жалпы елдің қартайып келе жатқандығымен түсіндіруге болатындай. Ал конференцияға келетін бол­сақ, әлемнің АҚШ, Германия, Франция, Италия, Қытай, Ресей, Египет, Үндістан, Жапония, Ұлыбритания сияқты беделді елдерін қоса есептегенде, барлық құрлықты қамтыған 18 мемлекеттен өкіл қатысқан ауқым­ды шара бүгінде жалпы адамзат баласын алаңдатқан яд­ролық қатерді мейлінше азайту мәселелерін өзек етті. Конфе­рен­цияға қатысқан танымал адам­дар қатары да қалың болды. Мы­сал үшін айтсақ, Қытайдан Американы зерттеу жөніндегі Қытай халықаралық зерттеулер институтының директоры доктор Лю Цин, Германиядан отс­тавкадағы вице-адмирал Ульрих Вайссер, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері, израильдік доктор Ариэль Левит, Ита­лияның Еуропа істері жө­нін­дегі экс-министрі, депутат Джорджио Ла Мальфа, Кореядан бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор Хан Сын Чу, швециялық елші Роль Экеус, т.б. қатысып, күн тәртібіндегі та­қырып бойынша өздерінің ой-пайымдарын ортаға салды. Конференцияның екінші кү­ні Қазақстан делегациясын бастап барған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев сөз сөйледі. – Бірінші кезекте конфе­рен­цияның жақсы ұйымдас­ты­ры­лып отырғанына ризашылығым­ды білдіремін. Ядролық тежеу док­тринасы алғаш рет «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінде көтеріл­гені белгілі. Сол тұста жанжалды жағ­дайлар аса көп бола қойма­ғанымен, ажал сепкен атом қа­руын қолданбауға қол жеткізілді. Дегенмен, ядролық қаруы бар елдер қатары арта түсіп отырған қазіргі шақта ядролық тежеу тұ­жырымдамасы өзінің мағынасын түпкілікті жоғалтуы мүмкін. Осы­ған байланысты біз ядролық арсеналдар санын тоқтаусыз төмендету, барлық халықаралық қоғамдастық мүшелері таратудан толықтай бас тарту, таратуға ба­қылау жасау, атом энергиясы мен технологиясын пайдалану үде­рістері Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттіктің (МАГАТЭ) то­лық­тай бақылауы шеңберінде жүзеге асуы тиіс деп есептейміз. Бүгінгі таңда бұған балама жол жоқ, – деді өзінің сөзінде Қанат Бекмырзаұлы. Қазақстанның Мемлекеттік хат­шысы келесі кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың сәуірінде Вашингтонда болған ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі саммитте нақ осы себепті Ядросыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдау ту­ра­лы бастама көтергенін атап көр­сетті. Міне, сонда ғана барлық мем­лекеттер сенімді қадаммен ядросыз әлем құруға шешімді түрде ілгері басар еді. Қазақстан осы бастаманы белсенді және дәйекті түрде көтеріп, планетаны ядролық қатер құрсауынан босату бағытындағы жұмысын жал­ғастыратын болады. Соңғы жылдары «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастама» қоры ұсынған Халықара­лық ядролық отын банкін (ХЯОБ) құру тақырыбы МАГАТЭ күн тәр­тібінде ерекше орынға ие. Аталған банкті құру ядролық таратпау режімін нығайтуға, МАГАТЭ мен Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың рөлін нығайтуға септесетін болады. Қазақстан әлемдегі жетекші уран рудасын өндіруші және яд­ро­лық отын өндіретін әлеуеті бар мемлекет ретінде атом энергия­сын Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен МАГАТЭ ая­сында бейбіт мақсатта пайда­лануға өзінің қатысуын кеңейту ниетінде. Осыған байланысты 2009 жылдың 6 сәуірінде Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық отын банкі құрылған жағдайда Қазақстан­ның оны өз аумағында орналас­тыру мүмкіндігін қарастыраты­нын мәлімдеген еді. Еліміздің өз аумағында банкті орналастыруға дайын екендігі мен ядролық отынды тиісті деңгейде сақтау ту­ралы тапсырысы МАГАТЭ-ге өт­кен жылдың 11 қаңтарында ұсынылған болатын. Енді бұл мәселені толық көлемінде шешу МАГАТЭ-нің құзырында. Халықаралық ядролық отын банкін Қазақстан аумағында ор­наластыру мынадай объективті факторларға ықпал етеді: – жобаға қатысушылардың қа­жетті сенім деңгейін қамтамасыз ететін елдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай мен Қа­зақстанның салмақты сыртқы саяси бағыты; – еліміздің таратпау мен яд­ро­лық қаруды қысқартудың жаһан­дық үдерісіне көп жылғы және бе­рік жақындығы мен оған белсенді қатысуы, сондай-ақ МАГАТЭ-мен жемісті ынтымақтастығы; – Қазақстанның дамыған жә­не сенімді экспорттық бақылау жүйесі, ядролық материалдардың тасымалы мен экспорты үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаның жасалуы; – ядролық отын қалдығы үшін бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен Өскемендегі «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-тың дайын инфрақұрылымдарын пайдалану мүмкіндігі. Аталған ғима­рат­тар ядролық материалдарды ұзақ мерзімді сақтауды қамтама­сыз ететін талаптарға жауап береді; – Қазақстанның Ресей Феде­ра­циясының Ангарск қаласында орналасқан уранды байытудың халықаралық орталығы жұмысы­на қатысуы. Қанат Саудабаев осы мәселе­лер туралы жан-жақты айта келіп, Қазақстанның кандидатура­сына байланысты оң шешім қа­былданған жағдайда еліміздің ядролық отын банкіне қатысты барлық міндеттемелер мен жауапкершіліктерді толығымен орын­дауға кепілдік беретінін атап көр­сетті. Осы орайда айта кететін бір жәйт – МАГАТЭ-нің танымал сарапшыларының пікірінше, тө­мен байытылған уран лаңкес­тер үшін тартымды материал бо­лып табылмайды. Қазақстанның Мемлекеттік хат­шысы ядролық отын банкін құру идеясын, тіпті ядролық таратпау тұрғысынан келгенде ха­лықаралық қоғамдастықтың белгілі бір деңгейде алаңдаушы­лы­ғын туғызатын елдер де қолдап отырғанын атап өтті. Мәселен, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад 2009 жылдың сәуірінде Астанаға сапары барысында Қа­зақстан аумағында ядролық отын банкін құру туралы идеяны қол­дайтынын білдірді. Оның пікірінше, аумағында уран қоры бар және оны байыту бойынша тех­нологияға ие кез келген мемлекет өз аумағында ядролық отын банкін құра алады. Конференцияда сөйлеген сө­зін­де Қ.Саудабаев бұл банк яд­ролық отынды саудалаудың тұ­рақ­ты көзі болып табылмай­ты­ны­­на назар аударды. Және әңгі­месінің қорытындысында өзінің ядролық арсеналынан әлемде алғашқы болып бас тартқан Қа­зақстанның таратпау, қару­сыз­­да­ну және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мә­селелерін­де халықаралық қо­ғам­дастықтың сенімді әріптесі бола алатынына екпін түсірді. Аталған мәселе­лердегі біздің саясатымыз тең­дес­тірілген, бірізді қалпында қала беретін болады, деді ол. Біз әлемдік қоғамдастықтың барлық жау­ап­ты қатысушыларымен Жер шарының қазіргіден де қауіп­сіз бола түсуі үшін ын­тымақтасуға дайынбыз. Қатысушылар екі күндік конференция барысында ха­лық­ара­лық қауіпсіздікке қан­дай қатер бар екендігі, ағым­дағы және бо­лашақтағы қатер­лердің алдын алу­дағы ядролық және ядросыз тежеудің рөлі, ядролық тәуекел­дерді мейлінше азайтып, бүкіл әлем үшін қауіпсіздікті жоғары­лату деген тақырыптарда егжей-тег­жейлі пікір алмасып, осы ба­ғыт­тағы пікірлерін ортаға салды. Конференция жұмысын аяқ­­таған соң АҚШ-тың бұ­рынғы сенаторы, Ядролық отын банкін құру жөніндегі идеяның баста­машысы Сэм Наннға жолы­ғып, басқосу туралы сұраған болатынбыз. Ол былай деді: Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып қана қой­май, қарусыздану үдері­сіндегі үлгі тұтар мемлекет ретінде танылып отыр және осы ұста­нымға өзінің беріктігін көрсе­тіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда төмен байытылған уран өндірісі енгізілді. Оның үстіне Семей по­ли­гонын жабу арқылы әлемге бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қаншалықты қымбат та қас­терлі екенін пайымдататын үлгі-өнеге танытты. Ал біз Президент Нұрсұлтан Назар­баевты осы үдерістердің нағыз көшбасшысы ретінде білеміз. Ол өзінің үлгісі арқылы халықаралық қоғамдастыққа қай бағытта жүру керектігін айтып, жөн сілтеп берді. Ал конференцияда сондай-ақ, жоғарыда айтылған мәсе­лелермен қатар, ядролық қару­ды қолданудың тәуекелін мейлінше азайту қажеттігіне баса назар аударылды. Ядро­лық қаруға ие Ресей, АҚШ, Қытай, Үндістан секілді елдер өкіл­дері бір үстелдің басына жиналса, ядролық қару қолдану­дың тәуекелі азаятыны да сөзсіз. Осы үдерістерде Қазақ­стан нақты не істей алады? Оның басты үлгісі қарусыз­дану үдері­сіндегі бастамашы­лығы десек, бұл жәйттер өзінің көкей­кестілігін әлі де жойған жоқ. Самат МҰСА.