• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Қытайда да Қазақстанды арқаланып жүрдім

334 рет
көрсетілді

Қанат ИСЛАМ: Қытайда да Қазақстанды арқаланып жүрдім – Қанат! Рингтегі жеңіс­теріңізді кө­ріп көңіліміз толып, айызымыз қанып жүр. Сіз осы «Астана арландары» команда­сы­на арғы бетте жүргенде ар­найы шақы­рыл­дыңыз ба? Әлде... – Жоқ, мен бұл командаға жол-жөнекей келдім ғой. Ол кезде «арландар» кездесудің әлденеше кезегін өткізіп қойған. Мен оның алдында кәдімгі атамекенге ора­лып жатқан көп қазақтың қата­рын­да елге жетіп алғам. Маған ұсыныс кейін түсті. Осы коман­да­ның басшылары, бапкерім Тұр­сын­ғали Еділовке сөйлесіп, «арландар» сапта өнер көрсетуімді сұрапты. Көп те ойланбадық, бапкерім айтты, біз дайын болдық. – Сіз Қытайда танымал жұ­ды­рықшысыз. Осылай ат ба­сын бұрғанда: «Кетпе. Осында қал!» – деп өтініш айтқандар болды ма? – Әрине, болды. Әркім әртүрлі пікірлер айтты. Ниеттері дұрыс шы­ғар, рахмет оларға. Әйтпесе, миллиард халықтың ішінен менің орныма қытай табылмай қалады дейсің бе? Орнымды аңдып отырған қаншама жігіттер бар. Алла бұйырса олармен де шаршы алаңда әлі талай кездесетін шығармын. Шынын айтқанда менің осылай келуім кедергісіз болған жоқ. Әсі­ре­се, ол жақтың азаматтығынан шығуым біраз қиындыққа душар етті. Қазақстанның Үрім­шідегі консулдығы көп күш салып көмек істеді. – Сөйтіп артқа мойын бұр­мадым дейсіз ғой. Енді, өскен ортаңыз, спорттағы ал­ғашқы қадамыңыз туралы әңгімелесеңіз. – Менің туған жерім Алтай деп аталатын қазақтың атақо­ны­сы. Мына Зайсанның арғы жағы. Сол Алтайдың Қаба деген ауда­нын­да қаймағы бұзылмаған қа­зақы ортада өстім. Дөңге жина­лып әңгіме соғатын шалдар зеріксе балаларды күрестіріп, ерегестіріп, бір-біріне қайрап салып қы­зықтап отыратын. Кішкентай кезімізден қып-қызыл төбелестің майданында өскен ба­ла­мыз ғой. Ерлан деген ағам спорт­қа құмар болды. Мені алғаш тәрбиелеген сол кісі. Он бір жа­сымнан бастап машық жасатып, Үрімшіге әкеліп жаттықтырды. Атамекен туралы армандар да сол кісілерден басталды. «Қазақ­стан­ға кетеміз», деген сөз бала күн­нен құлаққа әбден сіңісті бо­лып қалған. Әрі үлкен медеу бо­ла­тын. Отан дегенге құшағында жүріп те, топырағынан тыс жүріп те арқа­лануға болады. Тек жер бетінде бар болса болғаны, көңілің тоқ, жүзің жарқын жүресің. Оны мен өз ба­сым жан жүрегіммен сезінем. Ең бастысы адамның рухы сынбауы керек. Мен Қытай елінде де Қазақ­станды арқаланып жүрдім. Жалпы, 2000 жылдан бастап Қытайда жүргенде он рет чемпион болыппын. Жастар арасында, халықаралық жарыстарда дегендей. Оның екеуінде спартакиада чемпионы атандым. ҚХР жұрты спартакиаданы олимпиададан кем санамайды. Бұл жеңістерге әжеп­тәуір күш керек. Намыс керек! – Кейде алып ұшып жеткен ортаң ойыңдағы­дан өзгеше бо­лып жататын жағ­дайлар бола­ды ғой. Көңіл ауыр­тар жәйттер болды ма келгелі бері? Қанша дегенмен бөлек орта... – Әр елдің салты басқа екені рас. Бірақ бұл жер мен үшін жай ғана орта емес, Отан ғой. Мен қонақ емеспін мінеп-сынап кететін. Қазақта «өзіміз ғой» дейтін бір сөз бар емес пе. Мұны жатқа емес, жақынға айтады. Сол секілді өзіміз ғой, үйренісіп қалдық. – Неміз кем, неміз артық? – Оның бәрін тізіп айту мүм­кін емес. Оның үстіне біреуге дұрыс нәрсе, біреуге қате. – Жоқ, бәрін емес, өз сала­ңыздан айтуға болар? – Қазақ боксы әлемдік рингте өзінің орнын ойып тұрып алған спорт түрі екенін екінің бірі біледі. Аллаға шүкір, кешегі бүкіл әлемдік бокс сериясы бойынша өткен жарыстың нәтижесін де көрдіңіздер. Қарсылас команда­лар­дың ешқайсысы да осал емес еді. Соған қарамастан біз ең соң­ғы айналымға дейін жеткен екі мықтының бірі болдық. Коман­да­ның дені өзіміздің жігіттер. Бұл оңай көрсеткіш емес. Жігіттердің бабы келіссе бұ­дан да зор нәтижелерге қол жеткізер еді. Біздегі бір ақсап жатқан жағдай осы жағынан. Мұны мен Қытаймен салыстырып айтып отыр­мын. Олар өздерінің дене қуа­ты әлсіз ұлт екенін мойын­дай­ды. Бірақ, спорт – ден­саулық, денсау­лық – медицина. Біз сол жағынан ұтамыз дейді. Сөй­тіп, бір спорт­шы­ның соңында он­шақ­­ты адам жүреді. Бірі – дәрігер, бірі –жат­тық­тырушы, бірі – психолог. – Бізде ше? – Біздің жігіттер олардың қасында күйсіз күлік. Қарын той­дыру деңгейінде жаттығып жа­рыс­қа түседі. Сонда да ешкімге есесі кетіп жүрген жоқ. Мұны кем­шілік дейміз бе, әлде артық­шық дейміз бе? Бірақ, Қытайда боксшылардың күтімі дұрыс болғасын, алды 40 жасқа дейін жұдырықтасады. Үш-төрт Олим­пиа­даға қатысып үлге­реді. Бізде 30 жас – үлкен спорт үшін зейнет жасы. 25 жасқа жетер-жетпесте албарынды болып қала­ды. Бұл спортшыға обал. – Атажұртқа келіп, арманы­ңыз орындалып жатыр екен. Осында келіп үйленіпсіз, бәрі құт­ты бол­сын! Қалған туыс­тарыңыз, әлгі сізді алғаш жат­тықтырған Ерлан деген ағаңыз қайда жүр қазір? – Анам қасымда. Туыстар келіп жатыр. Иә, осында келген соң жергілікті қазақ қызына үйлендім. Ағам қазір арғы бетте. Ол кісі әлі шәкірт тәрбиелейді. Соңғы санақ­та Қытайда бір миллион жеті жүз мыңдай қазақ бар депті. Талантты жігіттер өте көп. Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы бола тұра, сол к­ө­лем­де осы және басқа спорт түр­лері­нен өнер көрсететіндердің көбі қазақ­тар. Ерлан ағам енді соларды қазақ топырағына жеткізсем деп жүр! Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ. Астана.