• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Беларусьті Қазақстан мұнайы қызықтырады

445 рет
көрсетілді

Ел президенттерінің кездесуінде Беларусь басшысы осылай деп мәлімдеді Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесуде тараптар екі мемлекет ара­сын­да­ғы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге қатысты мәсе­лелерді талқылады. Мемлекеттер басшылары екеуара оңаша кездесіп, елдер ара­сындағы қатынастарды дамытуға байланысты мәселелер жөнінде әңгімелескен соң, кездесу Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қаты­суы­мен кеңейтілген құрамдағы келіссөздермен жалғасты. Шаңы­рақ иесі ретінде алғашқы сөзді ал­ған Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев президенттік сайлаудан кейін Астанаға бірінші болып Беларусь Президенті сапармен келіп отырғанын, бұл екі ел арасындағы қалыптасқан сенім мен шынайы достықтың нақ­ты белгісі екенін атап өтті. Бұдан кейін Қазақстан бас­шы­сы екі ел арасындағы ынты­мақ­тастыққа тоқталды. Биылғы жылы екі мемлекет те өздерінің тәуелсіздік алғанының 20 жыл­дығын атап өтеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл кезеңдердегі біз­дің елдердің ең басты жетістігі Қазақстан да, Беларусь та ұлт­аралық бейбітшілік пен келісімді сақтай білгендігінде жатыр. Биыл біздер Достастық, басқа да ха­лық­аралық ұйымдар аясында тағы да кездесетін боламыз. Қа­зақ­стан, Беларусь және Ресей бү­гінде Кеден одағына мүше мемлекеттер ретінде өздерінің эко­но­микалық ынтымақтастығын жан­дан­дыруды бастап отыр. Қазіргі кезде біздер Біртұтас эконо­ми­ка­лық кеңістік құру жолында жұ­мыс істеудеміз. Қазақстан басшысы әріптесін, сондай-ақ екі елдің экономика­лық дағдарыстан шығу, одан кейінгі даму жайынан да хабардар етті. Елбасының атап өткеніндей, Қазақстан мен Беларусь жаһан­дық қаржы-экономикалық дағда­рыс­ты күткендегіден аз шығын­дармен еңсерді. Қазақстан Беларусь Президентінің жүргізіп келе жатқан әлеуметтік саясатына және Беларусьтің ҰҚШҰ төраға­сы ретінде осы Ұйымға жаңа қы­рынан келу жөніндегі ұсынысына қолдау білдіреді. Қазақстан мен Беларусьтің ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ аясындағы ұстаным­дарын­да ешқандай қарама-қай­шы­лық жоқ, бір-біріне сәйкес келеді. Осы тұста Қазақстан Президенті өзінің 2009 жылы Беларуське жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтың тә­жі­рибе жүзінде жүзеге асырылып жатқанына қанағаттанатынын біл­діріп өтті. Бүгінгі біздің кездесуімізде қол қойылатын екіжақты құжаттар екі ел арасындағы түрлі салаларды дамытуды көздейді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Олар Қазақстан мен Беларусьтің қа­рым-қатынастарын әрі қарай те­реңдетуге қызмет ететін болады. Сіздің бұл сапарыңыз біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтас­тық­қа жаңаша серпін береді деп ойлаймын. Кездесу қорытын­дысы бойынша қол қойылатын Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан – Беларусь арасындағы өзара ынтымақтастықты жандандыру кешенді түрде қамтылған. Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің эконо­микалық салалардағы мүдделе­с­ті­гіне де арнайы тоқталды. Қа­зақстан Президентінің тоқталып өткеніндей, біздің еліміз шикі­зат­қа бай, ауыл шаруашылығы да­мы­тылған. Ал Беларусьте мәши­не жасау, ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеу салалары жақсы да­мыған. Қазақстанда 2020 жылға дейінгі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы әзір­лен­ген. Қазіргі кезде осы бағ­дар­ламаға сәйкес, оның 2014 жылға дейінгі алғашқы бесжылдыққа арналған жұмыстары қолға алы­нып жатыр. Оған Қазақстан мен Беларусь арасындағы уағдалас­тық­тың барлығы кіргізілген. Оларды жүзеге асыру екі елге де пайдалы. Ал Александр Лукашенко сө­зін Нұрсұлтан Назарбаевты президенттікке қайта сайлануына байланысты құттықтауымен бас­та­ды. Беларусь басшысының атап өтуінше, Беларусь Президенті Қа­зақстанға келген сайын мұн­дағы оң өзгерістерге куә болып жүр. Осыған мысал ретінде Қа­зақстан астанасы – Астана қа­ласының жан-жақты өркендеуін, бүгінде Қазақ елінің қол жеткізген табыстарын келтірді. Соны­мен бірге, Беларусь пен Қазақ­стан арасындағы ынтымақтас­тық­тың болашағы зор екендігіне сенім білдірді. Қазақстан-Беларусь қатынас­та­рында екі ел арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған эконо­ми­калық ынтымақтастық бағдар­ламасының орны бөлек. Мемлекеттер басшылары атап өткендей, Қазақстан мен Беларусь арасын­дағы тауар айналымы 2010 жылы 700 миллион долларды құрады. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында ол 150 миллион долларға жетіп отыр. Мәлі­мет­терді алға тартатын болсақ, бүгінде өндірістік кооперацияны дамыту мақсатында 2010-2011 жылдарға арналған бірлескен шаралар жос­пары жүзеге асыры­лу­да. Қазіргі кезде «Жол карта­сын­да» қарас­тырылған 27 жобаның Қазақ­стан­ның индустриялық кар­тасына Беларусь техникаларын құрастыру бойынша бес бірлескен жоба кіргізіліп отыр. Оның жалпы көлемі 98,6 миллион дол­лардан асады. Президенттердің атап өтке­нін­дей, Қазақстан – Беларусь ара­сында агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық ор­нықты даму үстінде. Қазақстан тарабы Беларусьтің ауыл-селолар мен шағын қалаларда аграрлық қалашықтар құрылысын салу тә­жірибесіне талдау жасап жатыр. Сонымен қатар, ауылшаруа­шы­лық техникаларын шығару жө­нін­де Қазақстанда бірлескен кә­сіпорын құру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Қазақ­стан үшін Беларуське бидайдың қатты сорттарын экспорттау перс­пективалы болып табылады. Мысалы, 2009 жылы Беларусь 2,8 мың тонна Қазақстан астығын алған. Ал өткен жылы оның кө­лемі едәуір төмендепті. Бұл Беларусьте астықтың мол шыққан­ды­ғына байланысты болса керек. Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз аяқталған соң, оның қоры­тын­дысында Қазақстан – Беларусь арасындағы ынтымақтас­тық­ты тереңдетуге бағытталған екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Оның ең негізгісі әрі бастысы – Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Бірлескен мәлімдемесі болды. Сон­дай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы үкі­меттік байланыстар саласы бой­ын­ша ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Беларусь Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу қауіп­сіздігі саласындағы ынтымақ­тас­тық туралы келісімге және Қазақ­стан Ішкі істер министрлігі мен Беларусь Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық ту­ра­лы келісімге қол қойылды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Н.Назарбаев пен А.Лукашенко қазақстандық және беларусьтік бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерімен баспасөз мәс­ли­хатын өткізіп, кездесу нәти­же­сі жөнінде, сондай-ақ Қазақстан – Беларусь ынтымақтастығын әрі қарай дамытудың перспектива­ла­ры туралы айтып берді. Қазақ­стан Президентінің атап өтке­нін­дей, Беларусь Қазақстанның саяси-экономикалық негізгі әріп­тестерінің бірі болып табылады. Елдер арасындағы ынтымақ­тас­тық мәдени-гуманитарлық салаларда да ойдағыдай дамып келеді. Беларусь Қазақстанның Ресей мен Украинадан кейінгі сауда-экономикалық әріптесі. Елдер арасындағы тауар айналымы жыл өткен сайын арта түсуде. Беларусь Қазақстан экономикасының барлық салаларына дерлік  қаты­суда. Бүгінде бірлескен 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Александр Лукашенко Қазақ­стан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың болашағына жоғары баға бере келіп, биылғы жылы екі елдің тауар айналымы 1 миллиард доллардан асатынына сенім білдірді. Беларусь басшы­сы, сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь арасында бір-біріне бәсе­ке­лес болатын өндірістер онша көп еместігін алға тартты. Бізде өндірілетін өнімдер Қазақстанға қажет, ал Қазақстан өнімдері Беларуське керек, деді ол осы туралы. Александр Лукашенко өз елі Қазақстан мұнайы мен мұнай өнімдерінің экспортталуына мүд­делі екенін де атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастықтың жаңа са­ты­сына қадам басып келеді. Бұл болашақта мұнайды қайта өң­деуге тікелей қатысты. Бұған біз мүдде­ліміз. Бұл бізге Беларусь аума­ғын­да мұнай және мұнай өнім­дерін әртараптандыруға мүм­кін­дік береді. Біз сіздердің мүд­делеріңізге сай бұл өнімдерді Еуропа елдерінің рыногына шы­ғаруға дайынбыз, деді А.Лукашенко. Беларусь басшысының мәлім еткеніндей, бұл мәселеде Беларусь қазақстандық компания­ларға қажетті жағдайдың барлы­ғын жасауға дайын. Қоймалар жеткілікті, көлік-тасымал жүйесі жақсы дамыған. Сондай-ақ ол Қазақстанға мұнай химиясының толық шлейфін ұсына алатын­дықтарын атап өтті. Беларусь Президенті Александр Лукашенконың Қазақ­станға сапары бүгін әрі қарай жалғасады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.