• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2011

Төтенше жағдайларға төтенше назар керек

380 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасары А.Судьиннің қатысуымен «Өңір» депутаттық тобының төтенше жағдайларға назар аудару үшін заңнамалық базаны жетілдіру және осы бағыттағы мемлекеттік жүйені дамыту мәселесін қараған отырысы болып өтті.

Төтенше оқиғалар көбейіп, елі­­­міздің әр қиырында адам­да­рымыз  зардап шегіп жатқанда мұндай отырысқа деген қызы­ғу­шылық үлк­ен болары даусыз. Сондықтан да отырысқа журналист қауымы әдет­тегіден көп келген екен. Бірақ мәселе қызу тал­қыланудың орнына жауырды жаба тоқып, сылап-сипау көбейіп кетіп бара жатқан соң, журналистер де отырыстың аяғын тоспай, тез тарап кетті.

Ең соңғы болып сөйлеген сенатор Ж.Төрегелдинов қаралып отыр­ған мәселенің аса күрделі екеніне назар аударды. Алматыда соңғы рет болған жер сілкінісін өз басымнан өткердім, деді ол. Жердің астынан әлдеқандай құді­ретті гуіл естіліп, оның артынан үйлер теңселіп, жиһаздар қозғал­ғанын көрген кезде адам табиғат алдындағы өзінің дәрменсіздігін сезініп, тұла-бойың­ды қорқыныш билейді екен. «Сақтансаң сау боларсың» деген бар, сондықтан да бұл мәселені тереңірек зерттеп, жаңадан өрт сөндіру депо­ларын, биік сатылар дайындауға өз тара­пымыздан көмек беріп, қаражат бөлуге ықпал етуіміз керек, деді ол.

Одан әрі сенатор кейбіреу­лердің халықты қасақана қорқы­тып, үрей тудырғысы келгеніне назар аудару керектігін айтты. Олар кәсіп­орын­дар мен мекеме­лердің кадрлар бөлімдеріне телефон шалып, қатты жер сілкінісі болады деп хабарлап, дүрбелең туғы­зуды мақсат тұтқан. Олардың да көздеген өз мақсаттары болуы керек. Сондықтан ондайларға кө­ңіл аудармай қалдыруға бол­майды, кімдер екенін тауып, істеріне тексеріс жүргізу керек. Ал Төтенше жағдай­лар министрлігі тарапынан орта­лық­тандырылған ақпарат орталығы жұмыс істегені жөн, дей келіп, әлемдік тәжі­рибеден зілзалаға да­йын болу үшін жасалатын кейбір шаралар туралы айтты.

Ал өзінің баяндамасында Тө­тен­ше жағдайлар министрі В.Божко Алматыда болғандай жер сілкінісі соңғы бес жылда 70 рет тіркелгенін, одан ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.

Шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Сенат Төрағасы­ның орынбасары А.Судьин «Өңір» депутаттық тобының ай­мақ­тардағы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық мәселе­лер­ді шешуге жәр­дем беруде ма­ңызды рөл атқарып жүргенін атап өтті. Сенаторлар Ю.Кубайчук, Қ.Ища­­нов, Ж.Нұр­­ға­лиев және бас­қа­лар төтенше оқиғалардың алдын алу және олардың зардаптарын азай­ту, қа­уіпті нысандардың есебін алу мен бақылау жөніндегі өздері­нің ой­ларын айтты. Сенатор Б.Жыл­қышиев жекешеге көшіп кеткен су қоймаларын бақылаудың қан­дай дәрежеде екенін және олар­ды мемлекетке қайтару ісі қолға алынғанын білгісі келген еді. Оған министр бақылау жасала­тынын, бі­рақ жекешелендірілген мүлікті қай­тадан мемлекетке қайтару мүмкін емес екенін айтты.

Отырысқа Президент Әкімші­лігі, Үкімет, «Нұр Отан» ХДП, «Рес­публикалық дағдарыс орталы­ғы», «Өрт сөндіруші» АҚ өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бо­йын­ша арнаулы хаттама әзірленіп, ол Төтенше жағдайлар және басқа да тиісті министрліктер мен ведом­с­тволарға жеткізілетін болды.

Жақсыбай САМРАТ.