32 000 000 000
Облыстың өнеркәсіп орындары өндірген өнім көлемінің құны осынша теңгеге жетіп отыр
Облыстық статистика департаментінің деректері бойынша биыл өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі – 6,5, бөлшек тауар айналымы – 10,3, негізгі капиталға салынған инвестиция – 34,3 пайызды құраған. Жалпы алаңы 7857 шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Шағын, қосалқы кәсіпорындарды, үй шаруашылығы секторын қоса есептегенде өнеркәсіп саласы бойынша 32 миллиард теңгенің өнімдері шығарылған. Бұл – өткен жылға қарағанда 6,5 пайызға көп.
Өнеркәсіп өндірісі құрылымының 69,5 пайызы өңдеу кәсіпорнына тиесілі. Бұл саладағы өндірілген өнім көлемі 22,2 миллиард теңге. Мәшине жасау саласында да ілгерілеушілік байқалады. Бүгінге дейін нақты көлем индексі 141 пайызды құрап, жүк вагондарының өндірісі 4,9 пайызға өскен. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17,7 миллиард теңге болған. Осы мерзім ішінде негізгі капиталға 6,7 миллиард теңге инвестиция құйылған.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
3 203
Бұл – Маңғыстау облысы бойынша 2011 жылы ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны
Қазақстан Республикасындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы облыста жаңадан 1 193 жұмыс орны ашылып, серпінді тоғыз жоба жүзеге асырылған-ды. Биылғы мерекелі жылы ол жобалар қатары өсіп, 12-ге жеткелі отыр. Олардың жалпы сметалық құны 82,2 млрд. теңгені құрайды. Қаржыны игеруге атсалысатын азаматтар үшін жаңадан ашылатын жұмыс орындары саны 3 203-ке жетеді. Тағы бір атап айтарлығы – серпінді жобалар аймағымызға ғана емес, еліміз үшін ерекше маңызға ие.
Жақында өңірлік үйлестіру кеңесінде аталмыш жобалар тағы да бір пысықталып, олардың жүзеге асу барысы жіті назарда болатындығы айтылды.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.
3 000
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биыл өңірде осыншама бүлдіршін балабақша табалдырығын аттайды
Бұл Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сай қолға алынуда. Бұл іс кеншілер қаласы Екібастұзда да жақсы бастамамен жүргізілуде. Бүгінгі күні үйде кезегін күтіп отырған көптеген бүлдіршіндер жаңадан ашылған балабақшалардан орын алуда.
Сөйтіп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында облыста жаңа 19 балабақша және мектептер жанынан 26 шағын орталық ашылатын болады. Елімізде өмірге келген «Балапан» бағдарламасының шапағаты кеншілер қаласына да жетті. Қалалық оқу бөлімінің хабарынша, бүгінгі күні кеншілер қаласының 88,8 пайызға жуық бүлдіршін балабақшаға барады.
Бұл күндері жеке меншік балабақша ашу, бұрынғы ғимараттарды қайтарып алу мәселелері қарастырылуда. Жалпы, кеншілер қаласында 1 601 бала кезекте тұр. Сондықтан биыл қалалық әкімдік 330 орындық тағы бір жаңа балабақша мен №35 мектептің жанынан шағын орталық ашуды жоспарлаған.
Фарида БЫҚАЙ, Екібастұз.