• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

“Астананың” бетін қақпа, белін бу

353 рет
көрсетілді

Контадор жеген нанын ақтады Атақты “Джиро д‘ Италия” көпкүндігі де аяқталды. “Астана” көздеп барған бас жүлдеге ие болмаса да командалық есепте бірінші орынға шықты. Роман Кройцигер жастар арасында же­ңім­паздар киетін ақ жейдені иы­ғына ілді. Он тоғызыншы кезең­де топ жаруға мүмкіндік туды. Жас команда үшін бұл аз табыс емес. Әу баста испан вело­ша­бан­дозы, экс-қазақстандық Альберто Контадордың “Джирода” бас бәй­ге­ні олжалайтындығы жөнінде ай бұрын сәуегейлік айтылған еді. Ра­сында, “Тур де Франстың” 2007, 2009 және 2010 жылдардағы же­ңім­пазы, 2008 жылы “Вуэльта” мен “Джироны” да ұтқан испан жігітіне қазір жұмыр жерде шендесетін велошабандоз жоқ. Контадорды футболда Мессимен салыстыруға болар еді. “Джиро” өтіп жатқанда “Барселонаның” “Манчестер Юнайтедті” қалай жең­гендігін дүние жүзі жан­күйер­лері кірпік қақпай көрді. Ағыл­шын­дардың бетке ұстары Руни алғашқы он минутта ойын өрнегін тең жағдайда құруға тырысқаны­мен, Месси бастаған сұрапыл жігіттер қоғадай жапырып жіберді. Алаңда бір ғана команда ойнап жат­қандай сезілген. Велошабандоздар бәйгесінде де осындай жағ­дайлар болды. “Астанадан” Saxo банкке” өткен Альберто Контадор тур барысында өзінің әлемдегі ең мықты шабандоз екендігіне жан­күй­ерлердің көзін тағы бір жеткізді. Велошабандоз дегеніңіз – ершікке мініп алғаннан кейін әр кезең бойынша басыңды төмен тұқыртып мәреге құстай ұшатын жүйрік десеңіз қатты қателесесіз. Бұл – командалық жарыс. Жеке-дара суырылып шығуға ешкім де жібермейді. Сон­дықтан әр коман­даның өзіне белгіленген міндеті бар. Мәселен, “Ас­та­наның” жағ­дайын алайық. Команда лидері – чехтың өрімдей жі­гіті Роман Кройцигер. Тактика осы жігітке құ­рылған. Команда­лас­тарының міндеті – оны қайнаған топтың ішінен ебін тауып алып шығып, жетекке алу. Жеке кетуге ешкімнің жүрегі дауала­май­ды, жібермейді де. Сон­дықтан команда капи­танын күші жеткен коман­да­лас­тары соңына ілестіріп, топты жа­рып шығуға ниеттенеді. Топтан қара үзгізіп алып шыға алса, құдай бергені. Ондайда мәреге жақындап қал­ғанда жетекке алып келе жатқан шабандоз өзі жеңімпаз болу мүм­кіндігі көрініп тұрып, артта келе жат­қан капитанына мәреге бірінші жетуге мүмкіндік береді. Алдынан тай­қып бір қапталға шығады. Өйт­кені, ұпай командаға жазылады. К­апи­та­ныңды мәреге бірінші әкелу оның рейтингін жоғарылатып қана қой­май, команданың турнир кестесіндегі орнын көтереді. Біздің жігіттер тырысып бақты. Бірақ, Роман Кройцигерді алға шы­ғаруға біздікілер аса ықыласты бол­ғанымен, өзгелер келіспейді ғой. Дереу шабуылға шығып, екпінін тежеп тастайды. Ал, мықтының аты – мық­ты. Оның есебі де күшті, әр шақы­рымды ой елегінен өткізіп, шабуыл­дай­тын тұстарын жоспарлап отыра­ды. Альберто Конта­до­ры­ңыз осын­­дай жампоз. Мәселен, Ресейдің “Катюша” ко­ман­дасының ол дегенде атарға оғы жоқ. Әр команда жарыста топ жару­ды көкі­ре­гіне арман етіп, жүрегінде әлди­леп әке­ле­ді. “Катю­ша­ның” мың­нан озған жүйрігі – испан жігіті Хоакин Родригес. Коман­да­ластары оның алға сытылуына бар жағдай жасаса да Контадор адымын ашырмай қойды. Есептей беріңіз, Родригес жеті рет топтан суырылып шық­қанда Контадор алты рет қуып жетіп, алдын кесті. Мәреге бірінші жіберген жоқ. Орыстың супер коман­дасы “Джиро д’ Италияда” бірде-бір кезеңді ұта алмады. Ал, “Астана” ұтты. Қызық бол­­ған­да, сол Альберто Конта­дор­дың арқасында. Өзіміз тікелей куәсі бол­дық. Біздің міндет – таңертең жа­рыс жолына шығатын коман­да­мызды ақ тілеумен шы­ғарып са­лып, мәреден тосу. Екі-үш сағаттан жолда жүруге тура келеді. Сәті түсіп, велошабан­доз­дары­мыздың жа­рысы өтіп жатқан Бергамо мен Макуняго таулары­ның арасындағы жолдармен жүріп өттік. Тау-таудың қой­науын тіліп салған тар жолдардың қалт бұ­рылыстары көп. Италия – таулы жер. Жол бо­йы шағын ауылдардан көп өт­тік. Италияның азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етіп отырған алып концерн, зауыт, фабрикалар емес, ша­ғын және орта бизнеспен шалабын шайқаған осы ауылдар көрінеді. Ай­нала аспан таулар. Төменде буыр­қан­ған бұлақтар, тау төсінен саңлау тауып сарқырап жатқан сарқы­ра­ма­лар, шаң қон­баған, иісі мұрын жарған арша-қарағайлар әдемі ертегіден осы табиғат көріністерін қиып әкел­гендей көрінеді. Осы жерде біздің жігіттің жұлдызы жанды. Бұл 19-шы кезең еді. 242 ша­қы­рымға созылған алапат айқас алаңы бо­латын. Жарыс жолына шық­қан 23 ко­ман­даның 200-ден астам жүй­рігі “бүгін менің жолым онғарылса” деген тәтті үміт­пен ершікке қонғаны анық. Түйдек-түйдек жүйткіп келеді. Үйірден бөлініп шық­қы­сы келгендерді қуып жетіп, арқа­сын қыршып, қайта топқа қосатын сақа айғырдай бірін-бірі баққан жұрт. Мәреге жүз ша­қырым қалғанда түй­дек ұзара түсті. Соңғы елу шақы­рым­да үздік-үздік созылған. Он шақы­рым. Контадор ал­ғаш­қы түйдекте келе жат­қан біздің Паоло Тиралонгоны көзімен тауып алып, ым қаққан. Ша­буылға шық деп. Тиралонго оқтай атылды. Соңынан Кон­тадор кетті. Тау жолында сүмек­теп балақтан аққан тер табаннан сор­ғалап жанын әрең алып келе жат­қандар бұзық Тира­лон­гоны қазір-ақ Контадор үйірге қуып әкеліп шығар­дай көрген. Олай болма­ды. Екеуі қол ұстатқандай ұзап бара­ды. Жырын­ды Контадордың бұларды алдап соққа­нын сезген қос италиялық Микеле Скарпони мен Виченцо Нибали соң­ғы күштерін қос аяққа жиып, қос­ақ­тала атылды. Бәрі кеш еді. Тиралонго мәре­ден өткенде өкіріп жіберді. Түсінікті. Аттай он екі жыл мұн­дай үлкен жеңістің дәмін сезінбеген, командадағы міндеті капи­тан­ды жетекке алып, көмектесу болған қаршы­ғадай жігіт дүние жүзіндегі ең мықты велошабандоздардан бұл жолы бәсі де, бағы да артып тұрса қалай еңіремейді. Біздің де күйді айтпаңыз. Сол 242 шақырымды өзіміз жаяу жүгіріп өткендей екпіндейміз. “Астана” - Қазақстан!” деп жау түсіргендей сүрен саламыз. Алып таудың баура­йын­дағы бал қарағайлардың жұпар ауасы жетпегендей қылғынасың. Көз­ге ыстық жас тығылады. Біздің хал түсінікті. “Конта­дор­сыз да бәйге аламыз” деп күпініп кел­генімізбен, жарыс аяғына тақал­ғанға дейін жеңіс дәмін сезінбедік. Италияға алғаш келген күні аспан тауға шығып кеткен команданың қо­ныс орнына қуып бар­ғанда естіп қайтқанымыз “Ас­тананың” бас спорт­тық дирек­торы Джузеппа Мар­тинеллидің жал­ғыз ауыз сөзі. “Біз Кройцигерге әлі де сеніп отырмыз. Ол бір кезеңде үздік болады”. “Астана” болып, Қазақ­стан­ның миллион­даған жанкүйерлері бо­лып күткен Роман Кройцигерді мұн­дағылардың артық бастырмайтынын көзіміз көр­ді. «Енді не болады?» деген соқыр сауал жетегінде жүргенде көп ішінде елеусіз жүрген Паоло Тиралонго айды аспаннан шығарып жатса қалай қуанбайсың? Әйткенмен, іш бір кәкірді сезеді. Жырынды Контадор екі өкпесін қолына алып, мәреге тамтығы қа­л­май ұшқан Тиралонгоның соңында келе жатып неге жымияды? Озуға мүм­кіндігі болып тұрып неге оз­байды? Түйінді Тиралонгоның өзі-ақ сұх­батта таратып берді. – Контадор менің сыралғы до­сым, – деді ол. – Мәреге алты ша­қы­рым қалғанда шабуылға шығаруға өзі емеурін білдірді. Ол менің и­ы­ғымнан қа­ғып, алға шық деп белгі берді. Мен бұған дейінгі бар жа­рыстарда бар кү­шімді капитанның алға шығуына жұм­сап келдім. Бұл жолы тағдыр-талайыма алдағы көш­те болу жазған екен. Мә­реге жа­қын­дағанда жанымда келе жат­қан Альбертодан қарсылас емес, көңілі жа­қын дос пиғылын таныдым. Ол ме­нің озуымды шын көңілімен тіледі. Тиралонгоның жеңісі “Астанаға” да, оның серкесі Кройцигерге де ауадай қажет еді. Альберто Контадор нағыз сақы жігіт екен. Өйткені, оның атақты жеңістерінде Паоло Тира­лон­гоның да сүмектеп аққан ащы тері бар еді. Соның бірі екеуі де «Астана» сапында жүргенде жеңіс алып берген «Тур де Франс» ең беделді көп­күн­дігі болатын. Сондықтан Контадорды алға шығару үшін талай рет топты жарып, жол салған еңбекқор Паолоға жәрдем беру оның міндеті сияқты көрінгені де рас. Италиялық газеттер әр нәрсеге жорып жазды. Жаза берсін, Паоло ешкімнің бақшасына түс­кен жоқ. Көшті жарған өзі. Ал, сайыпқыран Контадор қазақ жерінде жеген нанын ақтады. Дархан Кәлетаев: “Команда өз міндетін орындады” “Астана – ұлттық жоба”. Дүние жүзіндегі ең мықты саналатын командалардың санатында жүрген­дігі көз қуантады, жан жадыратады. Қазақ­станда насихаты кемдеу бол­ғанымен, біздің “Астана” коман­дасы 50-60 жыл­дық тарихы бар коман­далардың қата­рында ешқайсынан кем көрінбейді. Жан­күйерлері де көбейген. Біз Ита­лия­ға арнайы сапармен келген “Самұрық-Қазына” қо­ры­ның басқарма директоры Дархан Кәле­таевпен бірнеше мәрте жо­лы­ғып, сауалдарымызға жауап алған едік. Алғашқы сауал, шаппай бәйге алып жүрген Альберто Контадор “Астанадан” неге кетті? Командада қал­­дыру­дың мүмкіндігі болды ма?! Болды. Дархан Кәлетаевтың айтқан уәжі мынадай: “Астанаға” қымбатқа түс­кен Контадор ертіп келген серіктері аздай, командаға тағы да 5 испан ша­бандозын алуды ұсынған. Онда “Астана” бір­ыңғай испан жігіттерінен құралған бо­лады. Онсыз да “жергілікті вело­ша­бандоздарға шекесінен қа­райды” деп сы­налып жүрген “Ас­та­наның” жағ­дайы қандай болмақ. Кіл испан жарыс­қан соң, онда қа­зақ­стан­дық жастарға орын жоқ. Талап ауыр­лау. Амал жоқ, қоштасуға тура келген. Әңгіме бары­сында Альберто Контадордан айырылу осы салаға жауапты кураторға оңай соқпағанын аңғардық. – Әлі де екі-үш жыл жүре тұрғанда, жастарымызды өсіріп алар едік, – дейді ол тағы да. Контадор кеткеннен кейінгі артықшылық – команда баяғыдай тек бір адамға емес, бір мақсатқа жұмыс жасауға бағыт алған. Жаңа серке чех Роман Кройцигер үш есе арзанға түскен, әрі жас, болашағы үлкен, өз қатарластары арасында әлемде үздік. Команда көшбасшыға атақ, ақша алып беруден гөрі Отан беделін кө­теретін, намыс жолында тұра алатын тұтас ұжымға айналып келеді. Қазақ жастары қатарға тартыла бастаған. “Джиро д’ Италия” көпкүндігі аяқ­­талған соң Дархан Кәлетаевпен тағы жүз­дестік. Оншақты спорт құры­лым­да­рын қаржыландырып отырған “Са­мұрық – Қазына” қорының осы са­ла­дағы басшысы “Астана” алдына қой­ған міндетін орындады”, деді. “Астана” жо­ба ретінде Еуропада толық мо­йын­­дал­д­ы. Үлкен беделге ие. Ірі ха­лық­­ара­лық жарыстарға Азиядан да сұ­­раныс түсіп жатыр. Италия аспа­нында алғаш рет Қазақстан байрағы көтеріліп, ән­ұраны ойналды. Бұл – үлкен жеңіс­тердің бас­тауы (Айта кететін бір жәйт, бұрындары Альберто Контадор жеңіс­ке жеткенде “Астана” құрамында болса да Испания ән­ұраны ойналатын. Дархан Кәлетаев “Джиро” басшылығына ұсыныс білдіргеннен ке­йін Қазақстан байрағы көтерілді – Б.Т). “Астананың” құрылтайшысы “Са­мұрық-Қазына” – мемлекеттік мекеме. Қаржы – бюджеттікі. Яғни, халық қал­та­сынан шығып жатқан қаржы. Сон­дық­тан, ысырап етіп пайдалануға бол­майды. Қаржы Қазақстанды шет елдерге жақын таныту, мемлекет беделін көтеру үшін жұмсалып жатыр. Жа­рысқа қатысып жүрген команда­лар­дың барлығында жағдай осындай. Ендігі жауапты бәсеке – “Тур де Франс” көпкүндігі. Бұған команда ардагері Александр Винокуров тыңғы­лықты дайындалып жатыр. Аз-кем тынығып алғаннан кейін Роман Кройцигер бастаған жігіттер қай­тадан ершікке қонып “Виноға” (Вино­куров­тың велошабандоздар ара­сындағы аты) көмектесуге бара­ды. Бұл – Ви­нокуровтың көпкүн­дік­тер­дегі соңғы жарысы. Ол тым болмаса бір-екі ке­зеңде жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Одан соң Алек­сандрдың “Астана” командасының менеджері болуға ойы барға ұқсай­ды. Дархан Кәлетаев Винокуровты республика велошабан­доздарын даяр­­­лайтын орталықтан көргісі келетіндігін ай­та­ды. Әйтсе де, Еуропада жай­ға­сып қалған, үй-жайлы Вино­куров­тың патриоттық намысы оянып, Қа­зақстанға қайтуы, республика вело­спортын көтеруі – ол алдағы әңгіме, әзірге жауабы белгісіздеу тақырып. Әңгіме барысында Дархан Кәлетаев “Астана” атауын ұлттық бренд қы­лып, әлемге бірнеше спорт түрлері­мен шығаруға тал­пыныс жасалып жатқанын айтты. “Реал-Мадрид” сияқты. Несі бар, жақсы бастама. “Ас­тана” танылса, артында Қазақ­стан тұр. Дүние жүзінде бар үрдіс. “Астана” қазаққа керек пе? Керек! Осы сұрақ талай рет көлденең тартылған. Құрамында бір қазақ жоқ, кілең еуропалықтардан құ­рал­ған команда Қазақстан ақшасын текке шығындауда деген сындар айтылған. Осыған өзіміз де қосыл­ғанбыз. Италия сапары біздің ыс­тық­тай қауып жүргенімізді көр­сетті. “Астана” қа­зақ­қа, Қазақ­стан­ға керек екен. Жүз жылдық тарихы бар командалардың қасында терезесі тең, беделі биік. Мықты шабандоздар “Астана” құра­мында бо­лу­ды іштей армандайтын да кө­рінеді. Мұнайлы, бай ел деп ба­ға­сын көте­ретіндігі болмаса. Та­мызда жаңа команда құрамы жасақта­ла­ды. Сонда осы жарыста бестікке іліккен екі жігітті “Астана” құра­мы­нан кө­руі­міз мүмкін. Аты-жөнін жобаласақ та, келісім-шарт тү­зілгенге дейін ай­ту­ға болмайтын қағидатты сақтадық. Кез келген мемлекет өзінің әлем алдында беделі биік, әлеуеті мықты екенін танытуға ұмтылады. Мәселен, Қытай Бейжің Олим­пиадасын өт­кізуге екі-үш олимпиада ұйымдас­тыруға жарайтын қар­жы жұмсады. Есесіне елін көтерді, атақ-даңқын аспандатты. Мемлекетті әлемге әйгілі ету, насихаттау оңайға түспейді. “Ас­та­на­ның” көп қаржыға құралған ұлт­тық жоба екені белгілі жәйт. Алайда, өз шабандоздарымыз жоқ деп сырт қарауға болмайды. Әлем­де тек өз елі азаматтарынан құрал­ған бір­де-бір команда жоқ. Дегенмен, қа­зақ ұлан­дары­ның да ершікке қона­тын күндері алда деп тілейік. Сөз соңында айтпа­ғымыз – арақ-ша­рап түгілі сыраны да ауызға ал­ма­ға­ны­мызға 16 жылдың жүзі бол­ған. “Астана” командалық есепте бі­рінші орынға шыққанда оларға тар­тылған алып құмырадағы шампаннан ауыз тидік. Жеңісті күн­дер біздің қазақ жігіттеріне жұ­ғысты болсын, Қазақ­стан әлемге әйгілі бол­сын деп... Бақтияр ТАЙЖАН, Италия,Тирано – Марбеньо – Макуньяго – Бергано – Милан.