Азғыр өңірін, еліміздің басқа жерлерін атамағанның өзінде, атыраулық тұрғындардың өздері де түгелге дерлік біле бермейді. Ол заңды жағдай саналады. Облыс орталығынан – 550, аудан орталығынан 300 шақырым қашықта жатқан құлазыған далада көптің құлағына жетердей тіршілік жоқ десе де болғандай. Ондай жағдайды қалыптастырып тұрған проблемалар жетерлік.
Еділ мен Жайық – қос өзен аралығына шалғайын кеңге жайып жатқан Нарын даласының жалпы көлемі 40 000 шаршы шақырымды қамтыса, оның батыс бөлігі саналатын Азғыр өңірінің көлемі 12 000 шаршы шақырымды иеленеді. 1642-1770 жылдарда бұл өңірді қалмақтар қоныстанғаны тарих шежіресінде жазылған. Келімсектер тұрақты қоныстанып қала алмады. Бөкей сұлтан Ресей патшасының тілін тауып 1801 жылы халқын Еділ мен Жайық арасына көшіріп әкелді. Артынан 1812 жылы жеке шаңырақ болып Бөкей хандығы құрылды. Осы тұста Азғырды қоныстанушылар өте көп еді. Іргедегі Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшілігіне тұрақты жұмыстарға орналасып, батыстағы өркениетті елдердің үрдісін игергендер де болды.
1848 жылы Бөкей хандығы таратылып, оның көлемі бес уез бен екі округке бөлінген әкімшілік басқару құрылымдары енгізілгенде, Азғыр даласының көлемі «Қалмақ» уезі аталды. Оны басқарған әкімдердің бірі Дәулеткерей Шығаев есімі туған жер тарихында қалды. Қоғам да, мемлекеттік құрылым да өзгерген кезеңдер келді. 1920-1925 жылдарда бұрынғы хан ордасының ізінде Бөкей губерниясы құрылғанын тарихи құжаттар сақтауда. Сол құрылымдарға орай 1928-1930 жылдарда Азғыр ауданы құрылды. Ұлы Отан соғысына дейін Азғыр мен Нарын даласында жиырма төрт колхоз болғанын атасақ, жомарт даланы халықтың жиі қоныстанғаны өз-өзінен айқындалар еді.
Бірақ соның бәрі енді адам айтса нанғысыз жағдайға ұшырады. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанына қарамастан, сол кезде билік тізгінін ұстаған КСРО деген қуатты державада жанталаса қарулану жұмыстары жүргізілді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 4 қарашада астыртын қабылдаған қаулысында «Ракета техникасын сынақтардан өткізу үшін» Қазақстанның Нарын құмының кең даласын үлкен көлемде әскерилерге еншілеп бергені көрсетілген. Осы қаулы шыққан күннің ертесіне КСРО Қорғаныс министрлігінің екі вагон құпия жүгі мақсатты нысандарға жеткізіліп үлгергені құжаттарда сақталған. Капустин Яр деген шағын селода болашақ үлкен полигонның жасырын ордасы орнығады. Кейін мұнда Капияр деп аталған әскерилердің сәнді қалашығы пайда болады. Ол Астрахань облысының Ахтуба ауданының жеріне орналасқан. Полигонның сынақ алаңдары кең Нарынды басып өтіп, Тайсойған құмына барып тұмсық тірейтін. Сөйтіп, аталған әскери дайындық – сынақ алаңы Қазақстанның Азғыр мен Нарын даласының 1 миллион 36000 гектар жерін жарты ғасыр бойына жамбасына басты. 1952 жылы ол жерлердің 24 колхозға бастары қосылған байырғы тұрғындарын көшіру жүзеге асырылды. 66000 тұрғыны бар Орда ауданы таратылды. Екі ғасыр бойына қоныстанған байырғы халық басқа аймақтарға, бірқатары еріксіз түрде, қоныс аударды. Ондай отбасылар арасында Арал мен Оңтүстік Қазақстан жеріне шұбырғандары да аз болған жоқ.
Азғырлықтардың жартысы атажұрттан айырылды. 12 колхозы бар бір бөлек тұрғындар орталығы 250 шақырымдағы Құрманғазы (ол кезде Теңіз) ауданына қаратылды. 1957 жылы олардан «Сүйіндік», «Балқұдық» деген екі совхоз ұйымдастырылды. Тұрғындар жол қатынасының қашықтығына және қиындығына қарамастан ата-бабалары ғұмыр кешкен киелі қоныстан кеткен жоқ. Қазір де сол тұрғындардың басын қосып Сүйіндік, Азғыр және Асан селолық округтері еліміздің көк байрағын көтеріп отыр. Халқының саны 10 мыңға жуықтайды. Олардың балалары сол өңірдегі бес орта, екі негізгі, екі бастауыш мектептерде білім алуда. Жері құйқалы, мал мен егінге тапшылық жоқ, тек соған көңіл бөлу кемшін. Өңірдің экологиялық жағдайының ауырлығы да біраз мүмкіндіктен айырып тұр.
Азғыр өңірін әскери полигонға айналдырғаннан кейін бұрын аудан орталығы болған Азғыр селосына Оңтүстік сейсмикалық экспедиция дейтін (негізгі қызметі құпия жағдайдағы мекеме) көшіп келіп, өзінің басқару және базалық орталығын жасады. Ауылдың түстік бетіндегі биік төбенің үстінен бірнеше көп қабатты үйлер мен ғимараттар тұрғызылды. Әскерилер мен түрлі мамандар көшіп келді. Бірақ тұрғындарды үрейлендіріп басқа жаққа ығыстырған жоқ. Бұрын «Балқұдық» совхозының бір фермасының орталығы болған тіршілік жалғаса берді. Ауылдың кейбір тұрғындарын оны-мұны жасайтын «қара жұмысқа» алды. Мезгілінде еңбекақысын беретін үйдің қасындағы жұмысқа әркім-ақ ынталы болды. Жасырын у салып берілген тағам сияқтанған құпияның қауіптілігіне еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көз жеткізілді. Оңтүстік сейсмикалық экспедициясының тындырған жұмысы сол Азғыр ауылының маңайынан 1960-1985 жылдарда 160-1500 метр тереңдікте қуаты 1-ден 100 килотоннаға жететін 17 мәрте жерасты ядролық жарылыстар жасады. Қатерлі ұшқындардың адамдар мен малдың денсаулығына қаншалық зиянын тигізіп жатқанын бірқатар басылымдар ашық жазды да.
1990 жылдың қыркүйек айында шығыста көтерілген «Невада-Семей» қозғалысына үн қосып Азғыр ауылының басында сол кездегі аудан басшыларының қатысуымен арнайы халық жиыны өткізілді. Адамдар өте көп қатысты, ауыр жағдайлар ашық айтылды. Сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне арнап үндеу жолданды, онда көрсетілген талаптардың орындалғаны Азғырды апатты алаңға айналдыруға жұмыстанған Оңтүстік сейсмикалық экспедиция көшірілді, ядролық ұшқындардан қауіпті зақымданған жарылыс шұңқырларының кейбіреулері «жерленді». Бірақ толық емес, олардан қауіпті ұшқындар ауаға тарап жатқаны әлі де байқалатыны айтылуда. Жақында Парламент депутаттары, басқа да құзырлы органдардың өкілдері қатысқан комиссия Азғырдың бүгінгі ахуалын жан-жақты сарапқа салып, үлкен мәселені қозғады. Халық енді одан бір нәтиже күтуде. Себебі, бұрын да бірнеше комиссиялар болған, халықпен кездесулер ұйымдастырылған. Оларды БАҚ-тар жазған, бірақ қанша айтылғанмен проблемалар азайған жоқ.
Азғыр өңірінің барлық тұрғындары екі ғасырдан астам мезгілден бері жерасты суын пайдаланып келеді. Бірақ ол кездегіні қазіргі жағдаймен салыстыруға болмайды. Бұрын өте тайыздан-ақ бұрқырап шығатын құдық сулары енді тым төмендеді және жерасты ядролық сынақтарының зардаптары жоқ деп ешкім айта алмайды.
Азғырды суландыру азабы ерте қозғалды. КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің 1974 жылғы 19 сәуірдегі рұқсат хаты негізінде жартылай шөлейт даланың мыңдаған гектарын суландыру мақсатында Ақтоба-Азғыр каналының жобасы жасалып, бекітілген болатын. 1979 жылы осы каналды қазу жұмысы басталды. Мәскеулік ғылыми институттар жасаған жоба бойынша канал Астрахань облысының Ахтуба өзенінің Михаилов селосы тұрған жерінен Азғырдың Қоңыртерек ауылына дейін 91 шақырымдық бірінші кезегінің елу шақырымдай жері қазылған-ды. Ең қиыны делінген Астрахань-Волгоград қалалары аралығындағы Приволжье темір жолының астынан құбыр өткізу мәселесі де жоғарыдағы басшылықтың қызу және қуатты қолдаулары арқасында уақытылы шешімін тауып, 1985 жылы аталған темір жолдың Михаилов селосының батыс іргесінен әрқайсысының диаметрі бір метрлік үш қатар құбырлар екі метр тереңдікте ұзындығы 672 метрге тартылғаны сол кездегі ақпарат құралдарында жазылды. Ақыры араға он бес жылдай мезгіл салып Ақтоба-Азғыр каналының суы аталған Қоңыртерек ауылының түстік шетіне жеткізілген еді. Бірақ Кеңес Одағы тарап, өміршең үлкен перспективасы бар Азғырды суландыру жұмысы тоқтатылды. Каналдың екінші кезегі жүзеге асырылғанда ұзындығы 150 шақырымға жалғасатын су арнасы Сүйіндік округінің Бестау теліміне дейін жеткізіліп, жаңадан екі совхоз ұйымдастыруға болатыны, 50 гектардай жерде суармалы егіншілікті дамыту мүмкіндіктері жасалатыны көрсетілген болатын. Көшкен елдің жұртындай күйге түскен каналдың әңгімесі енді ұмыт болып барады.
Азғырды суландырудың екінші жобасы Қоянды суын пайдалануға арналған болатын. Қоянды – Ресей мен Қазақстанның шекарасында шалғайын кеңге жайған құйқалы ежелгі қоныс. Өткен ғасырдың ортасына дейін мұнда халық көп қоныстанды. Кейін совхоз құрылып, Қояндының тұрғындарын Жалғызапан ауылына – ферма орталығына көшірді. Айнала шалғын шөбі қалың өсетін, қыста да отар-отар мал ұстауға болатын Қоянды қонысы қаңырап бос қалды. Оның тағы бір қазынасы 1960 жылдарда жерінің астында мол су қоры барын анықтап, сегіз бірдей ұңғымадан тұщы су атқылатып бергені бар. Су көзі тереңде екен және қанша алынса да ортаймайды. Осы мол суды пайдалану жобасы жасалды. Ақыры 1998 жылы Қояндының мөлдір суы Сүйіндік селосына 40 шақырымға тартылған құбыр арқылы жеткізілді. Орта жолдағы Жалғызапан ауылында сол таза суды пайдаланудың нәтижесінде шұжық жасайтын цех ашылып, жұмысын бастады. Бірақ көп ұзаған жоқ, қолға алынған жұмыстардың барлығы аяқсыз қалды, құрғақ әңгімелер көп жылдар бойы айтылды. Қоянды басына 12 шақырымға электр желісін тарту, Қоянды-Балқұдық-Азғыр суландыру құбырларын жүргізу жұмыстары басталды да, тасталды.
Талай қиындықтарды бастан кешкен азғырлық ақсақалдар көп әңгіменің тиянақты шешімі аудан орталығы мен Азғырдың ауылдарына жеткізілетін 300 шақырымдық жолға байланысты екенін жылдар бойына айтумен келеді. Бұдан дәл 40 жылдай бұрын аталған жолдың жалпы сұлбасы белгіленіп, ауданның өз ішкі мүмкіндіктері негізінде топырақтан жасалған көтерме жол өмірге келген-тұғын. Бетінде қатты жабындысы жоқ ашық топырақтан жасалған жолдың қаншалықты төзімді болатынын оймен шамалай аламыз ғой. Жел үрлеген бос топырақ бірден ұңғыл-шұңғыл ойықтарға айналды, жауын мен қар суында балшығы да аяқ бастырмайтын жағдайға тіреді. Қыста қардың күртігі, жазда жел үрлеген шағыл үйіндісі трактордан басқа техникалық құралдардың аяғына тұсау салады. Жеңіл автокөліктер жүре алмайды, жүк көліктері 8-9 сағат батып-шығып үлкен азаппен жетеді. Қысқасы, жолдың қазіргі жағдайы аудан мен Азғырдың арасына қатынасты қалыптастыра алмай келеді. Бірақ бұл жолдың жағдайы өте-мөте қажет мәселеге айналды. Бұрын Астрахань облысының жерімен жүріп, Харабалинск қаласына жетіп, одан алпыс шақырым жердегі Балқұдық селосына бара салатын. Енді шекара күзеті тәртіпті тым қатайтып тұр. Былайша айтқанда, Харабалинск қаласынан Қазақстан жеріне өту немесе одан кері шығу жүрістері тоқтатылды. Енді тек Ресей шекарасындағы Қараөзек кеденінен өтіп Құрманғазы ауданының орталығына жетіп, содан кейін Азғыр өңіріне қалаған ауылдарға баруға болады. Сонда енді бұл өңірге қатынасудың бір ғана жолы болып тұр. Ал ол жолдың жағдайын, дұрысы, қаншалықты жарамдылығын әлгінде айттық.
Бұл жолдың азғырлықтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін де атқарар қызметі үлкен. Бұрын Азғыр тұрғындары азық-түліктің барлығын, басқа да тауарларын Ресейден алатын еді. Енді шекара бекеттері тікелей қатынасты жапты. Қысқасы, азғырлықтар үшін керек-жарақтың барлығы Құрманғазы ауданының орталығынан шығатын жарамсыз құм жолымен жеткізіледі. Азғырдағы мектептер мен ауруханалар, басқа да мекемелер қысты күндері көмір және сұйық отынды пайдаланады, тұрғындардың оған қолдары жетпегені қой қораның қиы мен даланың жыңғылын жағады. Біз әзірге газ бен таза ауыз су сұрамаймыз, тек аудан, облыс орталықтарымен қатынасатын жағдайымыз жақсартылса, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қоныстанған туған жерден бас ауған жаққа көшіп кетер жайымыз жоқ. Іргеде шекара, кең даламызды иесіз қалдырсақ, қайдағы бір келімсектер мекендеп алары айдан-анық. Азғырлық тұрғындар атажұрттан көшпейді. Азғырдың экологиялық жағдайын сауықтырып, қатынас жолымызды жасап берсе, елімізге мал шаруашылығы өнімдерін тонналап-тонналап өткізіп тұрар едік деп азғырлықтар әңгіменің ақырғы түйінін айтады. Шұғыл түрде шешімін табатын басты проблема осы болып тұр.
Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Атырау облысы.
Құрманғазы ауданы.