• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Қазақстандық төрағалық: Сабақтастық және жаңашылдық

438 рет
көрсетілді

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі, белгілі арабист-ғалым Қайрат Лама Шәріппен әңгіме

– Құрметті Қай­рат Қайырбекұлы, ИКҰ-ның құры­лу­ы­­ның алғы­шарт­­та­ры мен себептері қандай еді? Бар­лық ірі бастама­лар­дың, күрделі іс­тердің басында қай күнде жеке тұлғалар жүреді ғой, бұл ұйымды құруға белсене еңбек сіңірген қайраткер кім? – XX ғасырдың басында бір халық­аралық ұйым құру арқылы мұсылман елде­рі­нің басын қосу идеясы күн тәртібіне шық­ты. 1926 жылы қасиетті Меккеде «Бүкіл­әлем­дік Ислам Кон­ференциясы» деп атала­тын аймақтық ұйым құры­лып, оның үш жиыны Иерусалимде, Карачи және Могадишода өтті. Алайда, бұл мұ­сылмандық ұйым Екінші дүниежүзілік со­ғыстан кейінгі халықаралық саяси үдеріс­тер­ге лайықты деңгейде қатыса алмады. 1969 жылы Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешітін белгісіз біреулер өрте­геннен кейін, Сауд Арабиясының Королі Фейсалдың бастама­сы­мен 26 мұсылман елі бас­шылары Марокконың аста­на­сы Рабатта бас қосып, Ис­лам дінінің құндылық­та­рын қорғауға ба­ғытталған Ислам Конференция­сы Ұйы­мын (ИКҰ) құру туралы шешім қабылдады.         – Әлемде мүше мемле­кет­тердің саны жағынан БҰҰ-дан кейінгі екінші орында тұрған халықаралық ұйымның ықпа­лы қазір қандай дәрежеде деп ойлайсыз? – Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америкада, яғни Жер шарының бестен бір бөлігіне орналасқан 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мемлекеттің ұйытқысы болып отырған ИКҰ-ның беделі халықаралық сахнада жоғары. Қазіргі уақытта, әсіресе, араб елдерінде аумалы-төкпелі дағдарыстар жү­ріп жатқанда халықаралық қоғамдастық өзін әрдайым байсалды ұстайтын Ислам Кон­ференциясы Ұйымының Бас хатшы­лығының іс-әрекеттеріне оң баға беруде. Өйткені, 2005 жылы Меккеде «Онжылдық іс-әрекеттер бағдарламасын», 2008 жылы Сенегалдың астанасы Дакарда өткен соңғы 11 саммитте жаңартылған Жарғысын қа­был­даған Ислам Конференциясы Ұйымы­ның атқарып жатқан рөлі баршаға айқын әрі салмақты. Дей тұрғанымен, штаб-пәтері Каирде орналасқан Араб мемлекеттері лигасының жұмысы тоқырауға ұшырап, араб елдері мен Иранның арасында текетірес күшейіп тұрғанда, Африка құрлығында жік-жікке бөліну толастамай жатқан кезде ИКҰ Бас хатшылығы алдында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» сияқты күрделі міндет пен жауапкершілік тұр. Біздің еліміз төраға­лықты қазіргі заман тарихының аса күрделі кезеңдерінің бірінде қолына алғалы отыр. Осы күндері Қазақстан Сыртқы істер министрі орынбасарының төрағалығымен ИКҰ-ның Жидда қаласындағы штаб-пәтерінде 57 елдің сыртқы саяси ведомстволарының лауа­зымды тұлғаларының жұмыс тобының жиналыстары өтуде, онда Астанада маусым айының соңында өтетін ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңе­сінде қарастырылатын халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер талқылануда. – Ұйым мұсылман елдері арасындағы ынтымақтастықтың барлық саласын қам­тыған ба? Соның ішінде болашақта бір­лескен қорғаныс сияқты  ынты­мақ­тас­тық болуы мүмкін бе? – Жыл сайын әртүрлі мұсылман елде­рі­нің астаналарында ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезек-кезек өтетін сессияларында жүзден астам қарар қабылданады. Бұл құжаттар мұсыл­ман елдері арасындағы ынтымақтастықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ақ­параттық, экологиялық, құқықтық салала­ры­ның барлығын қамтиды. ИКҰ Жарғы­сы­ның 2-бабына сай, Ұйымға мүше елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында көр­сетілген ортақ мақсат-мүдделер мен қа­ғи­даттарға сүйенеді және мұсылман елдері арасында туындаған даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешеді, әрі өзара қарым-қатынастарда бір-біріне қарсы қарулы күш көрсетуден не оны қолданудан бас тартады. – Жасыратыны жоқ, «шариғат заң­да­ры» десе, радикалды атеистік тәр­тіп­тен шыққан посткеңес­тік елдердің көптеген аза­маттарының әлі күнге аза бойы қаза тұрады. Ал ИКҰ аясындағы ұйым­дар, со­ның ішінде Ислам даму банкі шариғат ережесімен әрекет ететін көрінеді. Бұл ере­же­нің зайырлы қоғам­дағы банк тәртібінен қаншалықты айырмашылықтары бар? – «Қиындықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деп қазақ атам айтқандай, тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып таныған араб елдері болатын. 1995 жылы Қа­зақстанның Ислам Конференциясы Ұйы­мы­ның толық мүшелігіне өту-өтпеу қажет­тілігі төңірегінде біздің саясаткерлердің арасында қызу пікірталас болғанын да бүгін көпшілік біле бермейді. Сонда Елбасымыз­дың кемеңгерлігі мен тапқырлығы арқа­сын­да мұсылман елдерімен қарым-қатынас­тарымызды орнатудың алғашқы кезеңінде «алдымен экономика, сосын саясат» қа­ғидатын ұстандық. ИКҰ-ның арнайы қаржы институты болып саналатын Ислам даму банкі Қазақстанның сол кездегі эконо­мика­лық реформаларын қолдау мақсатында Алматыда өз өкілдігін ашты. Күні бүгінге дейін Ислам даму банкінің үш мұсылман елінде – Марокко, Малайзия және Қазақ­станда аймақтық өкілдігі бар екенін мақ­танышпен айтамыз. Ислам даму банкімен қатар, араб елдерінің бай қаржы қорлары Алматы – Астана жолын салуға, Сауд Ара­биясы, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Оман Сұлтанаты, Кувейт, Катар өкіметтерінің тегін гранттар арқылы жа­салған көмегімен Астана­да­ғы Парламент Сенатының ғима­ра­ты, Салтанат сарайы, Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің ғимараты, Кар­диологиялық орталық, «Нұр Астана» мешіті секілді көр­некті кешендердің салын­ға­нын атап өтуімізге болады. Бұл үрдіс одан әрі жал­ғасын табуда: былтыр Ислам даму банкі Ба­тыс Қытай – Батыс Еуропа жолының Жам­был облысындағы бөлігін қар­жы­­ландыру үшін 176 млн. АҚШ доллары кө­лемінде же­ңіл­детілген несие берді. Қазіргі уақытта Қа­зақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі ара­сында алдағы екі-үш жыл ішінде еліміздің ірі инвестициялық жобаларын қар­жы­­лан­ды­руға арналған «Жол картасы» әзір­лену­де. Осының барлығы – ислами қаржы­ландыру қағидаттары негізінде жүзеге асады. – Ал басқа ұйымдар іс-қимыл­дары­ның қандай ерекшеліктері бар? Мәселен, Ислам жаңалықтар агенттігінің, Ислам кәсіптік-техникалық білім беру орталы­ғы­ның, Ислам ғылыми-техникалық даму қорының, т.б. деген секілді. – Ислам Конференциясы Ұйымына қа­рас­ты 4 арнайы институт – Ислам даму банкі, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйым (ИСЕСКО), Халықаралық Ислам жа­ңа­лықтар агенттігі (ИИНА), Мұсылман елдерінің телерадио ұйымы (ИСБО), 8 суб­сидиарлы институт – Мұсылман  елдерінің Статистикалық, экономикалық және әлеу­меттік зерттеулер орталығы, Ислам тари­хын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталы­ғы, Сауданы дамыту ислам орталығы, Фикх Ислам академиясы, Ислам ынтымақтастығы қоры, Бангладеш, Нигер, Угандадағы ислам университеттері және 11 аффилирлі институт – Ислам сауда-өнеркәсіп палатасы, Ислам мемлекеттерінің астаналары мен қала­лары ұйымы, Бүкіләлемдік Ислам ғылым академиясы, Халықаралық Қызыл Ай Ислам комитеті, Халықаралық араб-мұсылман мектептерінің федерациясы, Ислам конфе­ренциясының Жастар форумы, Мұсылман скауттарының Халықаралық одағы, Теңіз кемелері иелерінің Ислам ассоциациясы, Мұ­сылман елдерінің сарапшылар федерация­сы, Төтенше электронды жағдайларға той­та­рыс беретін топ секілді әртүрлі мұсылман елдерінің басты қалаларында орналасқан аймақтық мекемелер бар. Олар туралы толық мағлұматтарды елшілік шығарған «Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на төрағалық етеді» деп аталатын екі том­дық кітаптан тауып алуға болады. Осы орай­да бәріміз зор ынтамен оқитын «Егемен Қазақ­стан» газеті арқылы Қазақ­стан­ның барлық басылымдарына, телерадио ар­наларына ұсы­ныс енгізуге рұқсат етіңіз. 28-30 маусым күн­дері Астанада өтетін ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына осы аталған Ұйымға қарасты барлық аймақтық мекеме­лердің басшылары да қатысады. Сол алқалы жиын барысында жұ­мыс істейтін баспасөз орталығында қаламдас әріптестерімізге ай­мақ­тық мекемелердің өкіл­дерімен тікелей сұхбаттар өткізіп, көкейкесті сауалдарды қой­ып, олардың атқарып жатқан игі шара­ларымен оқырмандарды, көрермен­дер­ді, тыңдаушыларды таныстырсаңыздар деген тілегіміз бар. Баспасөз орталығында елшілік шығарған анықтама кітаптар журналистер үшін тегін таратылады.      – ИКҰ-ның басқа халықаралық ұй­ым­дармен қарым-қатынасы қандай? Со­ның ішінде, мәселен, ЕҚЫҰ-мен қандай байланысы бар? – Ислам Конференциясы Ұйымы Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бағдарламасы, БҰҰ Өнеркәсіптік даму жөніндегі бағдар­ла­масы, БҰҰ Жоғарғы комиссарының Бос­қын­дар ісі жөніндегі басқармасы, Дүниежү­зілік денсаулық сақтау ұйымы, Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамдарының Ха­лықаралық федерациясы, Араб мемлекеттері лигасы, Түбектегі араб мемлекеттері ын­тымақтастығының кеңесі, Африка одағы, Қосылмау қозғалысы, Экономикалық ынты­мақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы секілді беделді халықаралық ұйымдармен жаһан­дану заманындағы өзекті мәселелер бой­ынша тұрақты түрде пікір алмасуда, мақсат-мүдделері бір жерден шыққанда қоян-қолтық бірлесіп іс-әрекеттер де жасауда. Халықаралық сахнада 40 жылға жуық Ислам Конференциясы Ұйымы мен Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) тату-тәтті көршілік қағи­дат­тары негізінде өмір сүріп келген бола­тын. Бір атап өтерлігі – ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің сегізі – Албания, Әзірбайжан, Қазақ­стан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан – Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымында да толыққанды мүше мем­лекеттер. Оның үстіне Алжир, Ауған­стан, Египет, Иордания, Марокко және Тунис ЕҚЫҰ-ның серіктестері болып табыла­ды. Ұлы Абайға ұқсатып айтқанда, «ЕҚЫҰ-ның мү­шелігінен сегіз, серіктестігінен алтау, жал­ғыз­дық көрер жайым жоқ», деп иісі мұсылман үмбетіне адал қызмет атқарып жатқан ИКҰ-ның ЕҚЫҰ-мен етене жақын­дасуы екі беделді ұйымға мүше Қазақ­станның игі бастама­ларынан басталды десек, артық айтпаған болар едік. ИКҰ Бас хат­шысы Экмеледдин Их­саноғлы 2008 жыл­дың қазан айында Астанада өткен «Ор­тақ әлем: әртүрлілік арқылы ілгерілеу» атты халықаралық форумға, одан кейін өткен жылдың желтоқсан айында ЕҚЫҰ-ның Ыс­тамбұлдан кейін араға 11 жыл салып Астанада өткен тарихи саммитіне қатысуы арқы­лы әлемнің 105 мемлекетін қамтитын ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасында «қазақстандық дос­тық көпірі» салынды. Екі ірі ұйымның тізгінін бірдей ұстаған жиырма жасар Қа­зақстанға қазіргі уа­қытта халықаралық қоғамдастық дән ризашылығын білдіруде. – Елші мырза, беделді ұйымның төрағалығына қол жеткізу жолында қандай әрекеттер жасалды? ИКҰ төрағалығына Қазақстан қалай таңдалды? – ИКҰ-ға мүше елдер шартты түрде үш топқа бөлінеді: 22 араб елдерінің тобы, 16 Азия елдерінің тобы және 19 Африка елдерінің тобы. Осы топтар кезекпе-кезек Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі сессиясы қай елде өтетіні туралы ортақ пікірге келіп, алдымен топтың ұжымдық шешімін сессияның қорытынды құжатының жобасына енгізеді. Сессияның соңғы күні барлық мұсылман елдерінің делегациялары оны қарастырып, бірауыздан қабылдайды. ИКҰ-ға мүше елдер Қазақстанның осы беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуіне мүдделі екенін 2007 жылдан бері танытып келеді. Сол жылы Пәкстанда (Азия елі), 2008 жылы Угандада (Африка елі), 2009 жылы Сирияда (Араб елі), 2010 жылы Тәжікстанда (Азия елі) жылма-жыл өткен сессиялардың қорытынды құжаттарында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығына қошемет көрсетіліп, 2011 жылы сол жинаған мол тәжірибесімен мұсылман әлеміне жаңа үрдіс әкелетінінен үміт етіп, оның төраға болғанын қалайтындықтарын тұрақты түрде білдіріп отырды. Тіпті, мұсылман елдері сессиялар өтетін елдерді таңдағанда «Азия елі, одан кейін Африка елі, сосын араб елі болады» деген хаттамалық дәстүрді де Қазақстанның төрағалығы үшін бұзуға дейін барды. Бұл біздің елдің беделі мұсылман әлемінде өте жоғары екенін білдіреді. Оның үстіне Елбасымыз салған «қазақстандық жолды» осы жылдың басында тосыннан басталған дағдарыстардан шығуға әрекет жасап жатқан араб елдеріне үлгі ретінде ұсынуға дайынбыз. – Елбасының әлемдік қарым-қатынасты жақсарту, бейбітшілік пен тұрақтылық сақтау бағытындағы бастамаларын Ислам әлемі қалай бағалайды? Соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруына көзқарастары қандай? – Елбасымыздың бастамасымен 2006 жылдың қыркүйек айында Семейде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан Орталық Азияда ядролық қару-жарақтан ада аймақ құру туралы келісім-шартқа қол қойғанын бәріміз білеміз. Ислам Конференциясы Ұйымы өзінің осы бес мүшесінің ортақ шешімін қуаттап, басқа аймақтардағы мемлекеттерге де үндеу жасады. ИКҰ Президент Н.Назарбаевтың 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттің халықаралық күні деп жариялауын бірден қолдап, былтыр тамыз айында Ұйымның штаб-пәтерінде Қазақстанның өз  тәуелсіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Семей ядролық полигонын жабуы, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналынан бас тартуы және оның инфрақұрылымын толықтай жоюы секілді нақты үлестерін насихаттайтын арнайы фотосуреттер көрмесін ұйымдастырды. Бұл саяси шараға ИКҰ  жанындағы 57 елдің тұрақты өкілдері қатысты. Көптеген елдер басшыларының өркениеттер арасында үнқатысу жүргізуге қатысты игі бастамалары бар. Алайда, Сауд Арабиясының Королі, Қос киенің шырақшысы өзінің арнайы өкілін Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық келісім жөніндегі өнегелі үлгісіне айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезіне ғана тұрақты қатыстырды. Меккеде орналасқан Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы мен Әл-Азхар шейхы Астанадағы діни форумдарға белсенді қатысушылар. Қазір мұсылман елдерінің өкілдері Қазақстан Парламенті Сенаты жанындағы Съезд хатшылығымен бірге 2012 жылы өтетін төртінші алқалы жиынға дайындық шараларын жүргізуде.  – Қазақстанға Ислам әлемінің инвестициясы тартылса, оның қаншалықты ерекшеліктері болуы мүмкін?  Жалпы, Қазақстан халқы ИКҰ-мен тығыз ынтымақтасу арқылы не ұтады деп ойлайсыз? – Алдағы 7-9 маусым күндері Астанада өтетін 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумына (ДИЭФ) мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен жүздеген іскер адамдар келеді деп күтілуде. ДИЭФ-тың басты мақсаты – Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асып жатқан жобаларға араб инвестициясын тарту болып табылады. Мәселен, бүгінгі таңда Сауд Арабиясы өзінің мал шаруашылығын сақтап қалу үшін жыл сайын 7 миллион тонна арпаны Қазақстаннан сатып алуға дайын. Мұның өзі араб инвестициясының көмегімен біздің ауыл шаруашылығымызды дамытуға және өнімдерімізді өткізетін тұрақты рыноктармен жұмыс істеуге зор мүмкіндіктер береді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.