Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Қазірде солай. Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан-ды. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырлардың белесінде өзінің 20 жылдық тарихына табан тіреген Қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу. Сондықтан да болар, мемлекет тарапынан патриоттықты дамыту бағытында келелі шаралар атқарылып, көлемді бағдарламалар жасалып жатқаны қаншалық деген сұрақ ойға оралады. Оның үстіне бір жағынан сананы тұрмыс билеп, екіншіден, жаһандық сапырылыс үстемдік құрып тұрғанда өскелең ұрпақ патриотизмді қалай түсінеді? Міне, осындай салмақты сауалдар жайында Білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан Тұрсынұлы, дәл бүгінгідей адамзат баласы жаһандануға бет бұрып, белдесіп жатқан тұста, ұлттық құндылықтарды жар басынан құтқарып, кең әлемге шығару ісінде патриотизмнің атқарар рөлі ерекше екені белгілі. Жалпы, біз патриотизмді қалай түсініп жүрміз?
– Жаһандану бұл тек технологиялар мен ғылыми техникалық жетістіктердің бәсекесі ғана емес, ол отаншылдық сезімі жоғары тұлғалардың арасындағы елдің қадір-қасиетіне жету, халықтың ойындағысын тап басып біліп, орындап отыру барысындағы бәсекелестігі десек те болғандай. Бұл тұрғыдан келгенде, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың өнегесі алдымен еске түседі. Президент «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған түлектермен кездесу барысында «.. патриот – ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» деген болатын.
Сондықтан қай елде патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елде саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өрістейтіні белгілі. Жалпы, патриотизмді қалыптастыру – бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік тапсырысы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көздейді. Өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғам өркендеп, талап күшейіп, талғам артып халыққа қызмет етуде үлкен бір серпіліс болуы қажет.
Ғылыми зерттеулерде отансүйгіштіктің қалыптасуына, бағытына байланысты мемлекеттік, этностық және туған жерге деген патриотизм деп жіктеп жүр. Басқа түрлері туралы да пікірлер жетерлік. Бұл патриотизмнің күрделі әлеуметтік-мәдени кұбылыс екендігін көрсетеді. Себебі, ол идея, сезім және іс-әрекет үлгісі ретінде байқалады. Сондықтан патриотизм идея ретінде қоғамдық санада, үлгі ретінде мәдениетте және белсенді іс-әрекет ретінде саясат пен экономикада көрініс табады.
Мысалы, этностық патриотизм Кеңестер Одағы ыдыраған кезеңде айқын байқалды. Ал енді туған жерге деген ыстық ықыласты біздің жастарымыздың «Дипломмен – ауылға», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты шаралардан байқауымызға болады. Қазір ел жастары тәуелсіз Отанымыздың келешегін кемел етуге ұмтылуда. Сондай патриотизмге жоғары оқу орындарының түлектері де бет бұрып, кең қолдау көрсетіп келеді. «Дипломмен – ауылға» шарасын жүзеге асыру барысында жоғары оқу орындарының 12 мыңнан астам түлегі өз ауылдарына оралып, елге қызмет етуде. Бұл да елін сүюдің үлгісі деп білемін.
– Қазіргі кезде қазақстандық патриотизм туралы көп айтып жүрміз. Оны жоғарыда айтқан патриотизмнің қай түріне жатқызамыз?
– Қазақстандық патриотизм – мемлекеттік патриотизм идеясы. Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқы этностық патриотизм сатысынан өтті. Қазақтар осыдан екі жыл бұрын өткен халық санағы бойынша 63 пайыздан асты. Ол енді өзі құрған мемлекеттің дамуына мүдделі болғандықтан, барлық ұлт өкілдерінің ұйытқысына айналып, жасампаздыққа бастаушының міндетін атқаруға кірісті. 2009 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев жалпы ұлттық келісімнің бес қағидасының бірі ретінде «қазақ ұлтының үйлестіруші рөлін» тұжырымдады. Сондықтан Президент мемлекеттік патриотизмді дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Ол: «...қазақстандық патриотизмнің басты критерийі – еліміздің игілігіне арналған өнімді және шығармашылық еңбек» деді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қазақстандық патриотизмнің басты көрінісі, онымен тығыз байланысты мәселе – ол мемлекеттік тіл мәселесі деп атап өтті. Сондықтан қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды кемел болашағына сендіру, оларды жасампаз еңбекке шақыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру.
Қазақстандық патриотизм – біздің экономикадағы, саясаттағы табыстарымыздың жемісі. Себебі, 90-шы жылдардың соңында жүргізілген социологиялық сауалнамаларда басқа ұлт өкілдерінің 30 пайыздан астамы Қазақстанды отаным деп мойындамай, көшіп кетуге дайын екендігін бүкпесіз айтса, ал 2007 жылға қарай тек үш пайызы ғана көшсем деген ниеті барын көрсеткен. Яғни, қазір басқа ұлт өкілдерінің басым бөлігі өзін қазақстандықпын деп есептеп отыр.
Бұл – еліміздің экономикадағы, саясаттағы елеулі жетістіктерінің нәтижесі. Соңғы 20 жыл ішіндегі өзгерістер, шыққан биік, қайта оралған құндылықтар, өлмес-өшпес мұра, тапқан табыстарды тілге тиек етсек, әр қазақстандықтың жүрегіне қуаныш пен мақтаныш келер күнге деген сенім ұялатады. Бүгінде әлемнің алпауыт елдері санасатын мемлекетіміз, әлем қызығатын байлығымыз, беделі биік Елбасымыз бар. Осындай жетістікке жетуіміз – халқымызды жасампаздыққа жұмылдырып, еліміздің тарихтағы жаңа орнын айқындаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі. Бұл жетістіктер – бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы.
Мемлекеттік патриотизмнің айқын көрінісі туралы белгілі саясаткер, АҚШ президенті Джон Кеннедидің американ патриотизмі туралы пікірін мысалға келтіруге болады. Оның «Сен Отаның саған не берді деп сұрама, мен Отаныма не бердім деп сұра» деген қанатты сөзі американдық патриотизмнің мазмұнын ашып көрсете алады.
Бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақстандықтар өз елінің, жерінің өткенін сезінбей, оның ерлікке, адамгершілікке толы тарихын, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді қалыптастыру мүмкін емес. Сонымен бірге, Елбасы өзінің халыққа әр Жолдауында отандық патриотизмді азаматтардың еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде алға тартып келеді.
– Жоғарыда Елбасының азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде ұсынып отырғанын айтып өттіңіз. Расында да, патриотизм мен ел қауіпсіздігінің байланысы алдыңғы орында тұруға тиіс қой.
Жас ұрпақты әртүрлі экстремистік ағымдардан сақтаудың басты амалы – отаншылдық сезімді, елге, жерге, ұлтына деген табандылықты қалыптастыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген болатын. Жалпы, Президент ұлттық руханият дамуының мемлекет өміріне тигізер игі әсері туралы да аз айтып жүрген жоқ. Ол бір сөзінде «Қазақстандықтардың отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды әрі жауапты парызы» – деген еді.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда негізгі стратегиялық бағыт – мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сай оқу процесін жүзеге асыру.
Стандарт негізінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «Бейнелеу өнері», «Этика және психология», «Өзін-өзі тану» және «Музыка» пәндері міндетті түрде оқытылып, оқулықтар мазмұнында халқымыздың ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрлері, тағы басқа рухани құндылықтар туралы толық мағлұмат беріледі.
– Бақытжан Тұрсынұлы, әлемді шарпыған терроризм, экстремизм ұшқындары біздің адамдардың да жүрегіне қорқыныш ұялататыны сөзсіз. Жастарымыздың сондай ойы бұзық топтардың қолшоқпарына айналмауының алдын алу үшін не істеліп жатыр?
– Оныңыз рас, экстремизм өте қауіпті нәрсе. Жастардың әртүрлі діни ағымдар мен секталардың шырмауына түсіп, экстремистік әрекеттерге баруы өзіне деген, болашағына деген сенімнің болмауынан. Олай болатын болса, біз әр азаматымыздың өзіне, елінің болашағына деген сенімін арттыруға ықпал етуіміз керек.
Сондықтан да, министрлік жастарға білім беріп, оларды тәрбиелейтін ұстаз мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Ұстаздың мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту тәрбие ісіне елеулі серпін беретіні сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Сондықтан жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлінуде.
Патриотизмге тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты болып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту үшін «Кәсіпқор» бағдарламасы қабылдануда. Соның нәтижесінде, Елбасы тапсырған әлемдік деңгейдегі аймақтық кәсіби білім орталықтары салынады. Бұл бағдарлама жастарды жұмыспен қамтуды күрт жақсартуға бағытталған.
Елбасының тапсырмасы бойынша студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге байланысты 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасын әзірледік. Бұл бағдарлама 2015 жылы жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді 80%-ға жеткізеді.
– Еліміздегі жастар ұйымдары туралы не айта аласыз?
– Бүгінде елімізде 1000-нан аса балалар мен жастар ұйымдары жұмыс жасауда. Министрлік тарапынан олардың тек қағаз жүзінде қалып қоймай, белсенді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіне баса мән берілуде. Осы мақсатта 14 облыста, Астана мен Алматы қаласында жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Олар жастардың қоғам өміріне еркін араласуына, ақпарат алуына қолайлы жағдай жасайды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жастардың сапалы біліммен бірге тәрбие алып, патриоттық рухта өсуін қамтамасыз ету жан-жақты қарастырылған. Онда жастардың саяси белсенділігін арттырып, қоғам өміріне араласуына жағдай жасайтын түрлі шаралар көзделген. Жастарға арналған іс-шараларға 2015 жылы жалпы жастардың 27 пайызын, 2020 жылы 55 пайызын қамту жоспарлануда.
Жалпы алғанда, түрлі деңгейдегі республикалық, жергілікті шараларды қосқанда жастар саясаты мен жастардың патриоттығын арттыруға 2009 жылы 4055 шара, 2010 жылы 4436 шара өткізіліпті.
Мемлекет ісіне, ел саясатын жүргізуге жастардың қызығушылығын туғызып, тек мансап, билік үшін емес, ел үшін, болашақ үшін қызмет ететін таза қолды, үлкен жүректі мемлекетшіл, білім-білігі мықты мамандар легін дайындап шығуға патриоттық шаралар үлкен әсер етеді. Өткен жылы бұл сала бойынша түрлі деңгейдегі 465 шара жүзеге асты. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 15 630 студент еңбек етіп, 4,7 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызып, 12 мың гектарды көгалдандырған.
«Менің Қазақстаным» республикалық жастардың патриоттық форумының рөлі ерекше. 2007 жылы «Менің Қазақстаным» форумы Елбасының қатысуымен алғаш Астана қаласында өткен болатын. Сол форумға қатысқан жастардың Әнұранымызды шырқап, көк туымызды желбіреткенде көпшілігінің толқып, мақтаныш сезімі кеудесін кернегеніне куәміз. Ал енді жақында ғана Қостанай қаласында өткен ІҮ форумда өрттен, су тасқыны кезінде адамдарды құтқарған 5 жас азаматқа үлкен құрмет жасалды. Жастар үшін олардың ерліктері үлгі болатыны сөзсіз.
Өз мемлекетінің саясатынан хабары бар, өз елін сүйетін азаматтар экстремистік, террористік ұйымдардың шырмауына түспейді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда жұмыстар одан әрі үзіліссіз жалғаса береді.
Бүгінгі таңда, ұрпағымыздың азамат болып қалыптасуы барысында біз олардың жаhанданудың теріс ықпалдарына қарсы тұруын ескеруіміз қажет. Бұл жағдайда тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысынан көрінеді. Ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру мақсатында республикадағы барлық мектептерде «Ата-аналар кеңестері» мен «Қамқоршылық кеңестері» жүйелі жұмыс атқаруда.
Патриоттық тәрбиенің басты бағыттарының бірі – әскери-патриоттық тәрбие. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, саламатты өмір салтын қалыптастыруда 739 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді.
Сонымен бірге, ел азаматтарының патриоттық сезімін дамытудың арнайы тұжырымдамасы жасалып, мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асуда. Қазір елімізде 2009-2011 жылдарға арналған “Ауыл жастары” жалпыұлттық бағдарламасы өз шешімін тауып жатыр.
Сондықтан біздің жас өрендеріміз ата-бабадан келе жатқан дархандық пен бауырмалдықты, татулық пен мейірімділікті бойларына сіңіре отырып, ел болашағына еңбек ете береді деп сенемін.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.