Биыл Елбасының Жолдауында атап көрсетілген халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2020 жылдарды қамтитын «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Қазір бағдарлама аясында істен шыққан су жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Көксу ауданы Алғабас ауылында жерасты құбырларын толық ауыстыру үшін облыстық бюджеттен 80 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Алғабасқа қазан айында таза ауыз су келеді. Айта кететіні, бұрынғыдай ұңғымадан емес, тау шатқалындағы Қайнар бастауынан жетеді. Қазір мердігер компания ауыл сыртында жаңадан су қоймасын салып, бастаудан қоймаға дейін құбыр тартып, жаздың әр күнін еселі еңбекпен жалғауда. Әрқайсысы көлемді су сақтайтын екі қоймаға бұлақ суын тазартатын қондырғы орнатылуда. Осылайша, жергілікті тұрғындар тазартылған, сапалы бұлақ суын ішетін болады.
Тау шатқалындағы бұлақтан келетін судың қашықтығы төрт шақырымнан асады. Ауыл ішіндегі жалпы су жүйесінің ұзындығы 6,5 шақырым. Бүгінгі таңда осы жұмыстардың 55-60 пайызы атқарылып қалды, дейді «Ай Өмірхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірзақ Үмбетов.
Қазір тұрғындар 70-жылдары салынған ұңғымадан су ішіп отыр. Жерасты құбырлары тозған, қазір жаңасына ауыстырылуда. Бұрын әр көшеде бір колонка болса, енді ол әр аулаға тартылып, жұмыс жеңілдеді.
Су – тіршілік көзі. Денсаулыққа пайдалы таза суды көптен күттік. Себебі, мұнда көбіне үлкендер тұрады. Олар су тасымай, үйінің ішінде ағып тұрған суды пайдаланғаны жаман ба, деген Тоқтасын Төлеубаевтың тілегі орынды.
Көксу ауданындағы елді мекендердің 90 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Орталық жүйе халықты ауыз сумен қамтығанымен тоза бастапты. «Ауыз су» бағдарламасы қолға алынғалы 15 елді мекеннің су жүйесі жаңарды. Биыл қабылданған «Ақ бұлақ» бағдарламасынан да үміт көп. Қазір алдағы жылға Теректі, Жамбыл, Балпық би және Мұқыр ауылдарының су жүйесін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда екен.
Алдағы он жылға жоспарланған «Ақ бұлақ» бағдарламасы талай ауылдағы су мәселесін шешетін болды. Құжатта осы мерзімде елдегі ауыл халқының – 80, қала халқының 100 пайызын орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланғаны қуантады. Жалпы, халық «Ақ бұлақ» әкелген жаңалыққа қызығушылық танытып отыр.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.