Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Б.С.Мелдешовпен әңгіме
– Бақыт Сәрсенбайұлы, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқаны кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Қазір сенаторлықтан үміткерлердің саны қанша?
– Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды тіркеу негізінен 29 шілдеде, ал Ақтөбе облысында 5 тамызда аяқталды.
29 шілдедегі жағдай бойынша, аумақтық сайлау комиссиялары барлығы 52 кандидатты тіркеген болатын, 5 тамыз күні Ақтөбе облысында тағы бір үміткер тіркеуден өтті. Тіркелу мерзімі аяқталғаннан кейін бірқатар үміткер өз кандидатураларын алып тастады. Нәтижесінде, бүгінгі күні еліміз бойынша 47 депутаттыққа кандидат сайлауалды үгіт жүргізу мүмкіндігін алып отыр. Үгіт кезеңі 17 тамыз күнгі сағат 24.00-де аяқталады, өйткені, заң бойынша дауыс беру алдындағы күні – «тыныштық күні» – үгіт жүргізуге болмайды.
Бұл осы 47 үміткер міндетті түрде 19 тамыз күні дауысқа түседі деген сөз емес, себебі, кандидаттардың додаға қатысудан бас тартуға, өз кандидатурасын алып тастауға құқы бар. Сондай-ақ, мәслихаттар аумақтық сайлау комиссиясына тиісті ұсыныс жасау арқылы кандидат ұсыну туралы өз шешімінің күшін жоя алады. Алайда, дауыс беру күніне екі күн қалғанда үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға заң тыйым салады.
Айта кетейін, сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, сайлау баламалы негізде ғана өтуі тиіс, яғни әрбір облыс пен Астана және Алматы қалаларында бір депутаттық мандатқа кемінде екі үміткер болуы керек. Біздегі мәліметтер бойынша, қазір бұл талап сақталып отыр.
– Аумақтық сайлау комиссияларының осы кезеңдегі міндеттері мен мақсаттары қандай?
– Сайлауды ұйымдастырушылар, соның ішінде, әсіресе, аумақтық сайлау комиссиялары, қазіргі уақытта мәслихат депутаттарының бірлескен отырыстарында дауыс беруді өткізуге қатысты ұйымдастыру мәселелерін шешу үстінде. Барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылғы 19 тамызда таңдаушылардың отырыстары өтетін орындар мен уақыты анықталған. Сайлау науқанын жан-жақты ұйымдастыруға, соның ішінде, оны материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге, дауыс беру пункттерін жабдықтауға қатысты шаралар қолға алынды. Бұған қатысты материалдық, қаржылық мәселелер толық шешілген.
Орталық сайлау комиссиясының 30 шілде күнгі отырысында «2011 жылғы 19 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары сайлауындағы сайлау бюллетеньдері туралы» қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, қорғалу деңгейлері бар сайлау бюллетеньдері бланкілерінің қажетті саны бір орталықтан дайындалып, кейін өңірлерге заңмен көзделген мерзімде және мөлшерде жеткізілетін болады.
Сайлау күні дауыс беру еркіндігі мен құпиялығы қатаң сақталуы тиіс. Бұл – сайлауды ұйымдастырушылардың әрі мақсаты, әрі міндеті.
– Дауыс беруді өткізу тәртібі туралы айта кетсеңіз.
– Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, тиiсiнше облыстық, Астана мен Алматы қалалық мәслихатының хатшысы төрағалық ететін мәслихаттар депутаттарының бiрлескен отырысына аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері де қатысады және дауыс беруді ұйымдастырып, өткізеді.
Дауыстарды санауды және дауыс беру нәтижелерін жария етуді аумақтық сайлау комиссиялары бір күннің ішінде – 19 тамызда жүргізуі тиіс. Дауыс беру рәсімі аяқталған соң сайлау комиссиясы сол дауыс беру орнында өз мәжілісін өткізеді. Онда дауыс беру нәтижесі анықталып, тиісті хаттама жасалады. Бұдан соң сайлау нәтижесін сайлау комиссиясының төрағасы жариялайды. Осыдан кейін ғана бiрлескен отырыс жабық деп жарияланады.
Сайлаудың түпкілікті нәтижесін Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен, яғни 2011 жылғы 25 тамыздан кешіктірмей анықтайтын болады.
– Сенаторларды жанама сайлау жүйесі бойынша мәслихаттар депутаттары өздерінің бірлескен отырыстарында сайлайды емес пе. Бұл отырыстарды өткізуге қойылатын талаптар қандай? Қайта дауыс беру, қайта сайлау өткізу ықтималдығы бар ма?
– Қазіргі кезде Отанымыз бойынша таңдаушылар тізімдері нақтыланып жатыр. Елімізде әр түрлі деңгейдегі 213 мәслихат бар. Мәслихаттардағы 3335 депутаттық мандаттардың бүгінгі күні 44-і – бос. Сөйтіп, 10 тамыздағы жағдай бойынша таңдаушылар тізімдеріне барлығы 3291 адам енгізілген.
Мәслихаттар депутаттарының бірлескен отырысына тиiстi өңірдің мәслихаттары депутаттарының 50 пайызынан астамы қатысуы шарт. Егер қатысушылар саны одан кем болса, бірлескен отырыс өтпей қалған болып есептеледі.
Дауыс беру, егер оған бірлескен отырысқа келген таңдаушылардың 50 пайыздан астамы қатысса, өткізілген болып есептеледі. Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланған болып саналады.
Егер сайлау бюллетеніне екіден астам кандидат енгізілген болса, олардың бірде-бірі бірінші дауыс беру нәтижесінде сайланбауы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екі кандидат бойынша қайта дауыс беруді тағайындайды. Екінші турда басқа кандидатпен салыстырғанда көбірек дауыс алған кандидат жеңген болып табылады, яғни дауыстардың қарапайым арифметикалық артықшылығын алған үміткер жеңеді. Егер екінші турда дауыстар кандидаттар арасында тең бөлінсе, қайта сайлау тағайындалады.
Сондай-ақ, бірінші турда дауыс беру екі кандидатура бойынша жүргізіліп, олардың ешқайсысы таңдаушылардың 50 пайызынан астамын алмаса, қайта сайлау тағайындалады. Қайта дауыс беру сол күні, яғни 19 тамыз күні, заңмен көзделген тәртіпте өткізіледі. Ал, қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейін екі ай мерзімнен кешіктірмей өткізіледі. Бұл – заңнамамен реттелген мәселелер. 19 тамыздағы сайлаудан соң қайта дауыс беру, қайта сайлау бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
– Сенат депутаттарын сайлау науқанын байқауға халықаралық байқаушылардың қатысуы көзделіп отыр ма?
– 2005 жылғы сайлауға 52 халықаралық байқаушы аккредиттелген болатын. 2008 жылғы сайлау кезінде де бұл көрсеткіш осы шамада болды. Биылғы жылы да шет мемлекеттер Қазақстандағы Сенат сайлауын назардан тыс қалдыра қоймас деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ТМД елдері сайлауға айтарлықтай қызығушылық білдіріп отыр.
30 шілде күні біз халықаралық байқаушылардың Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары сайлауындағы қызметіне қатысты бірқатар шешімдер қабылдадық және сайлауды байқауға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Миссиясының құрамында қатысатын ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 8 байқаушысын тіркедік. Жақын күндері тағы бір топ халықаралық байқаушыны тіркемекпіз. Олардың ұзын саны 70-ке тарта болатын шығар.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу 2011 жылғы 13 тамызға дейін жүргізіледі. Өз тарапымыздан біз халықаралық және жергілікті байқаушылардың сайлау барысын байқауға қатысу ниетін тек құп көреміз, өйткені, бұл, біріншіден, сайлау туралы заңнамамен көзделген, екіншіден, кез келген сайлау науқанының ашық әрі айқын өтуіне, оларға деген халықтың да, халықаралық қоғамдастықтың да сенімі жоғары болуына біз өте-мөте мүдделіміз.
– Орталық сайлау комиссиясының сайлау науқанындағы міндеттерін тағы бір нақтылап өтсеңіз.
– 1995 жылдан бері біздің елімізде осымен алтыншы рет Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өткізіліп отыр. Осы кезеңде еліміздің жоғары заң шығарушы органдары депутаттарын сайлаудың әлемдік демократиялық стандарттарға сәйкес жүйесі қалыптасып, біраз тәжірибе жинақталды. Соның ішінде биылғы Сенат депутаттарын сайлау науқанының да сүбелі үлесі бар.
Ал сайлау комиссиясының біртұтас жүйесіне басшылық ететін орган ретінде Орталық сайлау комиссиясының сайлау науқанын ұйымдастырудағы жұмысына көпшілік қауым бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанық болар деп ойлаймын.
Сайлау тағайындалғаннан бергі уақытта біз қажетті сайлау құжаттарын, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ әдістемелік материалдарды дайындап, облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларына жолдадық. Мысалға, сайлау үдерісіне қатысушыларға, соның ішінде сайлау комиссияларының мүшелеріне, Сенат депуттығына кандаидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарына, сондай-ақ сайлауды байқаушыларға арналған жаднамаларды, сайлау туралы заңнаманы бұзу фактілері орын алған жағдайда азаматтардың мемлекеттік органдарға шағыну тәртібі туралы ақпараттық материалдарды дайындап, барлық өңірлерге жібердік. Бұл – сайлауды ұйымдастырушылар үшін ғана емес, барлық сайлауға қатысушылар үшін де үлкен әдістемелік көмек.
Оның сыртында Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, Ортсайлаукомның күнделікті ағымдағы қызметі бар. Ал, республика халқын сайлау науқаны барысы туралы күнделікті хабардар етуге қатысты ақпараттық жұмыс өз алдына.
Әңгімелескен Самат МҰСА.