• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Апта айшықтары

348 рет
көрсетілді

ЖҰМА КҮНГІ АЙРЫҚША ҚУАНЫШ Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының тұрғындары қасиетті Рамазан айының жұма күнінде айрықша қуанышқа бөленді. Мұнда көптен күткен имандылық үйі ашылып, жұртшылық салтанаты өткізілді. Мешіттің құрылысы бір жылдың ішінде аяқталып, оған осындағы қазақ отбасы түгел атсалысты. Жұртшылық, әсіресе, басталған істің аяғына жетуіне бар күш- жігерін жұмсаған жергілікті имам Қанапия Абдрахмановтың тынымсыз еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетіне ризашылығын білдіруде. Ынтымақ-бірлігі жарасқан ауыл қуанышында Қатаркөл ауыл округінің әкімі Мереке Құсайынов, Науан хазірет атындағы облыстық мешіттің наиб имамы Нұрлан Ібенұлы, айтыскер ақын Қуаныш Оспанов құттықтау тілегін арнап, жырдан шашу шашты. Имандылық үйінде алғашқы жұма намазы оқылып, құран бағышталды. Кешкісін ауызашар дәмі беріліп, Тауарих намазы оқылды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * СПОРТ АУЛАСЫН САЛЫП БЕРДІ «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» филиалы «20 игі іс» акциясы шеңберінде балалардың ойын аулаларын қалпына келтіру жөнінде бастама көтерген болатын. Оның алғашқы кезегі облыс орталығының шеткері шағын ауданы – Былғары зауы­тын­да бой көтерді. №12 мектептің ауласында жеке кәсіпкерлердің қаржылық қолда­уы­мен спорт алаңы салынып, оқушылар бос уақыттарын осында өт­кізетін болды. Жазда футболмен, қыста хоккеймен алаңсыз айналыса алады. Жасотандықтар мұндай шараларды Жұмысшы кенті, Бензострой, ДСР шағын аудандарында да жалғастыруды көздеп отыр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ САУАПТЫ ШАРА Қасиетті Рамазан айына тән адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығы мен мейірімділігін, ізгі ниеті мен шынайы пейілін бұл күнде жезқазғандықтар разылықпен қабыл алып жүр. Олар қалада алғашқылардың бірі болып осы шақта сауапты істерге шапағат шуағын шашқан «Сәмади» супермаркеті дүкендер жүйесі бойынша өсімдік майының 10 пайызға арзандатылған бағамен сатылуына дән риза. Қазір үлкен сұранымдағы бұл өнімге күнбе-күн қолжетімді. Айқын НЕСІПБАЙ. Жезқазған. * * * МҰРАТБЕКТІҢ ҚЫМЫЗЫНА СҰРАНЫС КӨП Атырауда қазақтың ұлттық сусыны – қымызды дайындауға ден қоюшылар біртіндеп көріне бастады. Солардың қатарындағы «Төлеген» шаруа қожалығын басқаратын Мұратбек Нәсіпқалиев те бие байлап, қымыз ашытуды қолға алды. Қазір ол зайыбы Нұржамал екеуі екі биені күніне әлденеше рет сауады. Өздері әбден дайындаған қымыздың әр литрін 500 теңгеден сатады. – Қымызға сұраныс тіптен көбейіп тұр. Өзіміздің Елтай ауылынан, аудан орталығы – Индербордан сұратушылар күнібұрын кезекке тұра­тын болды. Қымызға сұраныс көбейгесін, келешекте қымызхана ашуды ойластырып жүрмін, – дейді шаруагер. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ЗАЙСАНДА СҮТ ЗАУЫТЫ АШЫЛАДЫ Осыдан екі жыл бұрын зайсандық кәсіпкер Айдар Барысов қаңырап бос қалған ескі ғимаратты сатып алып, оны күрделі жөндеуден өткізген еді. Зайсан қаласында бүгінге дейін бірде-бір сүт зауыты болмаған, сонау тоқсаныншы жылдары Қарабұлақ ауылында пайдалануға берілген сүт зауыты жабылып қалған. Іскер азамат 22 миллион теңгеге жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, осыншама қаржыға қажетті құрал-жабдықтар орнатты. Аманшылық болса, таяу күндері сүт зауыты жұмысын бастайды. Жаңа кәсіпорын бес түрлі, соның ішінде, ірімшік, қаймақ, айран, сары май, сүт сияқты тағамдарды шығармақ. Оның тәулігіне алты тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндігі бар, ал сүт ауыл адамдарынан сатып алынады деп жоспарлануда. Екі ауысымда 24 адам еңбек етпек. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * «ЖАС ІСКЕРДІҢ» АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІ Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен жұмыс істей бастаған Ақтөбе қалалық жастар мәслихатының жас кәсіпкерлерге арналған «Жас іскер» мектебінің алғашқы түлектері сертификаттарға ие болды. Бастапқыда кәсіпкер болуға 60 үміткер тілек білдіргенімен, олардың жиырмасы ғана осы мектептегі оқуларын аяғына дейін жеткізді. «Жас іскер» мектебінің тыңдаушыларына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, қалалық кәсіпкерлік бөлімі және ірі кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері дәріс оқыды. Кәсіпкерлікті игеруге талапта­ну­шы­лар үш апта оқып, үш апта тәжірибеден өтті. Жас кәсіпкерлердің өзде­рінің бизнес жобалары бар, енді олар елімізде жүзеге асырылып жат­қан бағдарламаларға қатыса алады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * ЖАҢА ҚОНЫС ЖОҒАРЫ САПА КЕПІЛІ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың Қызыл­орда облыстық филиалы өздерінің жаңа да жайлы ғимаратына қоныс тепті. Кеңсенің ашылу салтанатына облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысып, құттықтады. Ал­ банк төрайымы Н.Наурызбаева ел тәуелсіздігінің 20 жылды­ғын­дағы жаңа қоныс банк қызметінің сапасын арттырып, оның қызметін пайдала­ну­шылардың санын ұлғайтуға оң әсер береді деп баяндады. Қазірдің өзінде облыс бойынша салымшылардың саны 11 мың адамды құрайды. Олардың тұр­ғын үй жинағы 16 миллиард теңгеге жеткен. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.