• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Қазақ тілінде сөйлеген сакура

965 рет
көрсетілді

Бірнеше ғылыми еңбектердің, оған қоса жыр жинақтарының авторы ақын әрі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербек­қызы көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Оның «Сакура гүлдегенде» атты жаңа аудармасы сол сөзімізге дәлел. Өзіндік пішінімен, дәстүрімен ерекшеленетін жапон поэзиясының асыл қазынасына айналған Ари­вара-но Нарихираның лирикалық өлеңдері, ежелгі және жапон жыр­ларының жинағы «Кокинсю» анто­логиясын құ­рас­тырушы ақындар: Ки-но Цураюки, Ки-но Томоно-ри, Осикоти-но Мицунэ, Мибу-но Та­да­минэ, орта ғасыр­дағы жапон ақындары ұстаз тұт­қан атақты Сайгё, үш жолдан ғана тұратын хокку жанрының көрнекті өкіл­дері: Фудзивара Са­дайэ, Мацуо Басё, Еса Бусон, Кобояси Исса, Масаока Сики жырлары аталмыш жи­нақ­қа енгізіліпті. Әрине, тәржіма бары­сын­да поэзиялық туындының өзіндік өлшемдерін сақ­тай отырып, бес, үш жолға сыйғызылған жапон поэзиясына тән образдылықты сақтау қиын-ақ. Десек те, аудармашы көркемдік әсер қалыптастыруға, ырғақ пен өлең өл­шемдерін барынша сақтауға тырысқандығы байқала­ды. Ж.Әскербекқызы өлеңді тәржімалау бары­сы­нда әр жолды сөзбе-сөз аударып сірестіріп қоймай, көр­кем­дік ерекшелігін, поэтикалық құрылымын бұл­жытпай беретін сөздердің баламасын, ұғымдарды нұсқаға сай береді. Аударма сапасын бағамдау үшін, бірнеше мысалдар келтіре кетейік. Ки-но Томоно-ридің: Жылдар өтеді, махаббат өшпейді Жүректі сыздатқан. Түндерде жасымды төгілтіп жаттым-ау! Төгілген көз жасы – Секілді шөп басын көмкерген ақ қырау, – деген өлең жолдары байқап отырғанымыздай, орыс тіліндегі нұсқаға сай баламалы поэтикалық тіркестермен әсем үйлестірілген. Көз жасын жәй ғана «ақ қырау» демей, «шөп басын көмкерген» деп нақтылы теңеумен әсерлі жеткізеді. Сезімді шашау шығармай, бес тармақтан тұратын танка үлгісіне сыйғызған. Мұны аудармашы шеберлігі десе болады. «Танка» үлгісі дұрыс сақталғандығына аталмыш автордың келесі аудармасы дәлел. Бамбуктың жапырағын Ақ қырау жауыпты. Сұп-суық одан да қолдарым. Жападан жалғыз түн Не деген қауіпті! Мұндағы басты ой орыс тіліндегі нұсқаға қарағанда қазақ тіліндегі аудармада әсерлі де анық айтылады. Демек, аудармашы өзіндік түйсігіне сүйе­не отырып, жапон ақынының ішкі әлеміндегі арпа­лысты түсініп, дәл беріп отыр. Келесі Мибу-но Тадаминэнің өлеңінің аударылуына назар аударайық: Все говорят: Весна пришла. Я утром гору Есино Окинул взглядом Уже затянута Весен. Ж.Әскербекқызы бұл өлең шумақтарын төмендегіше «сөйлетеді». Аудармасы: Бәрі айтады: Көктем келді деп, Таңертең Есино тауына қараймын, Ол дағы көгілдір сағымға Оранған мөлдіреп... Ең бастысы автордың айтпақ болған түпкі ойын көмескілендірмей, поэзия тілімен нақты береді. Оқыр­ман­ның көңіл-күйіне ерекше әсер ету үшін көркем мә­тінде эстетикалық қызмет атқаратын бейнелеуіш құ­рал­дарды сәтімен қолданады. Табиғат құбылыс­тарын образ­ды тіркестермен әсерлі жеткізеді. Аударманы оқығанда қарапайым ғана орыс тіліндегідей емес, сөздерді кестелендіріп, өрнектеп барып өлеңге жан бітіре салғандай әсер аласың. Бұл Ж.Әс­кербекқызының аудармашылық стиліне тән нәрсе. Өзі ақын болса да, аударманы қазақ­тың қара өлеңіне айналдырмай, түпнұсқа мейлі бес жол болсын, мейлі үш жол болсын қазақ тілінде де дәл солай жол санын сақтап отырады. Қай аударманы алып қарасақ та оқырманды эсте­ти­калық әсерге бөлейді. Әсіресе, аудармашы жеке сөз­дердің баламасын сәтімен тауып, дәл қиыстырады. Бұл, әсіресе хокку жанрын­­да жазылған өлеңдер­де анық байқалады. Мацуо Басё суреттейтін әр мезгілдің та­би­ғат көрі­ністерін нәп-нәзік етіп көз алды­мыз­ға әкеледі. Жолма-жол салысты­рып көрейік: Бабочки полет – Кө­бе­лек қанаты, Будить ти­хую поляну – Оят­шы, оян­сын алаңқай, В сол­нечных лучах – Күнді іздеп таусылған тағаты. Бұл арада аудар­машы өлеңнің мазмұ­нын қалпын­да жеткізуді мақсат тұтқан. Жапон поэзиясының үш тармақтан тұратын хокку үлгісінің заңдылығынан алшақтамай, түпнұсқамен пара-пар аударған. Өлеңдердің мағынасын арттырып, көркемдік дары­тып тұрған жолдарға назар салсақ: «Снег выпал, И на всех деревьях» – «Қар жауды... Бар ағаш Ақ қардан жа­мылғы жамылған», «И лунный лик холодным» – «Ай сәулесі тым салқын боп сөнгендей». «Цветы увяли. Сыплются, падают семена, Как будто слезы» – «Гүл біткен солыпты. Дәнегін амалсыз Көз жасы секілді төгіпті». Байқап отырғанымыздай, жыл мезгілдерінің ерекше бір көріністерін тың баламалы образдармен суреттейді. Мұндай шашылып түскен образды тіркестер Жанат Әскербекқызы аудармаларында молынан кездеседі. Жанат Әскербекқызы бұл жинақта өлең аударма­сы­­мен шектеліп қана қалмай, әр ақын жөнінде мәлі­меттер келтіріп, авторлар жөніндегі тың деректерге кеңінен тоқталған. Өлеңдерге ғылыми тұрғыда талдаулар жасап, өзіндік көзқарасын да беріп отырады. Жинақ осынысымен де құнды. Кейбір қазақ ұғымында  жоқ сөз тіркестеріне сілтемелер арқылы түсінік беріп отырған. Жапон халқының символы болып есептелетін сакура – шие ағашының құрметіне жинақтың атауын «Сакура гүлдегенде» деп атауы да жарасымды. Аударма теориясындағы: «Поэтикалық аударма автор қолданған көркемдік тәсілдерді барынша сақтауды талап етеді» деген қағидаға сүйенсек, аудармашының жинаққа енген өлеңдерін поэтикалық аударма деуге батыл болады. Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.