• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Дәрі-дәрмек өзімізде өндіріледі

1111 рет
көрсетілді

Индустрия игілігі Ел экономикасының қарқынды дамуы тәуелсіз мемлекетіміздің қай саланы да тиянақты игеруіне ықпал етіп отырғаны шындық. Бұрындары дәрі-дәрмектің басым бөлігін алыс-жақын шетелдерден алып келдік. Шымкенттегі жалғыз фармацевтика зауытынан басқа отандық дәрі-дәрмек өндіретін өндіріс орны жоққа тән болатын. Елбасы халықтың денсаулығының мықты болуын, жасының ұзақ болуын ойластыруы нәтижежесінде өзінің 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық базалық жағдайларды жасадық. Дәрілердің 50 проценті біздің елімізде шығарылатын болады» – деп батыл айтуы тегін емес. Мемлекет басшысы асқан жауапкершілікті қажет ететін кірпияз саланы дамытуға да ел экономикасының қуаты мен ғылыми ізденістің мүмкіндігі жететініне сенім білдірді. Осы Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың тиімді бастамалары, тиянақты жобалары өмірге жолдама ала бастады. Фармацевтика саласын дамытудың алғашқы қарлығашы ретінде Ақтөбеде ашылған «Весел Ақтөбе LTD» ЖШС-нің дәрі шығаратын зауытын айтуға әбден болады. Бұл осы серіктестіктің «Ақтөбе» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп жүзеге асырған жобасы. –Біз әуелі өткізу рыногына маркетингтік зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде біз шығаратын дәрі-дәрмектердің сұранысқа ие екенін бағамдадық. Бұл батыс өңірінде дәрі өндіретін бірден-бір кәсіпорын. Мұнда дәрі шығару шикізатты өңдеуден бастап капсула мен қораптарға түріп, тұтынушыға жеткенге дейінгі жұмыстар жүргізіледі. Өндірістік технологияны негізінен өзіміз жасадық. Әрине, мұндай технология ТМД елдерінде бар, алайда, біз өзімізше жетілдіріп орнаттық,–дейді серіктестіктің директоры Гүлнара Иманалина бізбен әңгімесінде. Кәсіпорын басшысының айтуынша, жоба құны 300 миллион теңге тұрады. Зауытта қазірдің өзінде жеті түрлі дәрі шығарылуда. Аумағы 600 шаршы метрді алатын зауыт дәрі өндірісіне қажетті шикізатты түгелдей Батыс Еуропадан, Қытайдан және Үндістаннан алады. Кәсіпорынның өндірістік цехтары мен қорапқа салу бөлмесінен басқа шағын зертханасы бар. Мұнда шикізат пен дайын өнімдерге зерттеу жүргізіледі. Дайын өнімдер дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығына жіберіледі. Дәрілер барлық талаптарға сай келетін болса ғана өткізуге рұқсат етіледі. Қазір кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Болашақта олардың саны 20 –ға жетеді деп күтілуде. Бірен-саран Украинадан келген мамандар болмаса, негізінен жергілікті кадрлар еңбек етеді. Қазір зауытта екі түрлі таблетка және бес түрлі капсулдегі дәрі шығарылады. Олар ми тамырларының қызметін жақсартуға, вирусқа , тұмауға , диллереяға, асқазан ауруларына қарсы және жоғары және төменгі тыныс алу органдары ауруларын емдеуге қолданылады. –Бұл заңды тіркеуден өтіп, шығаруға рұқсат етілген дәрі түрлері. Жалпы, біз генериктер шығарамыз. Бұл дәрілердің брендтермен сапасы бірдей болғанымен, оларға қарағанда анағұрлым арзан. Сондықтан да біздің дәрілерімізге сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Біз тек осы дәрілерді ғана шығарып қоймаймыз, болашақта дәрі ассортиментін кеңейте түспекпіз. Жалпы, өнімдерімізді «Фармация» СК арқылы еліміздің барлық аймақтарына өткізуді ойластырудамыз. Үстіміздегі жылғы тамыз айының аяғына таман дәрілеріміздің алғашқы тобын өткіземіз. Оған 83 мың қорап әртүрлі дәрі шығарамыз,–дейді серіктестік директоры. Дәрі зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Константин Ковалев бізді өңдірістік -технологиялық жұмыс процесімен таныстырды. Шағын бөлмелердегі су жаңа қондырғылардан дәрілердің қалай шығарылатынын әңгімеледі. Бөлмелер тап-таза, көлденең жатқан ештеңе көрінбейді, бәрі орын-орнында. Дәрі өндіруге қажетті құралдар да айнадай жалтырап тұр. Бұл жерде санитарлық тазалықтың қатаң сақталатыны аңғарылады. Шикізат сақтау қоймасы, зертхана, өндірістік цех арнайы құралдармен жарақтандырылған. Дәрілерді қорапқа түру бөлмесінде екі адам қораптарды дайын өнімдерді түруге дайындауда. Өз істеріне берілгендері соншама, жұмыстан бас көтерер емес. –Қораптарды Алматыдан аламыз. Бұл жағынан кідіріс жоқ. Шикізат қорын да жасап алдық. Жалпы зауыттың өндірістік қондырғыларын іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді. Таяуда кәсіпорынды ресми ашып, бұған дейін шығарылған дәрілерімізді сата бастаймыз. Сөйтіп, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне көшеміз,–дейді Константин Ковалев. Біз қажет кезінде қолданып, дәріханалардың сөрелерінен көріп жүрген дәрілердің енді өз қаламызда шығарып жатқанына риза болдық. Бұл дәрілердің түрлері көбейе түсетінін естіп, жаңа зауыттың адам денсаулығын нығайтуға қызмет ететінін, сондай-ақ, өңір экономикасының дамуына үлес қосатынын жақсылыққа жорыдық. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.