• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2011

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

667 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкімет отырысы болып өтті. Онда 2011-2012 жаңа оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы туралы мәселе қаралды. Еліміздің барлық өңірлерінің, Астана және Алматы қалалары­ның әкімдерінің қатысуымен өт­кен селекторлық режімдегі Үкі­мет отырысын аша келіп, Премьер-Министр күн тәртібіндегі бұл мәселенің ерекше маңыз­ды­лығына тоқталды. Отырыста Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұлов баяндама жаса­ды. Баяндамашының айтуы бой­ынша, алдағы жаңа оқу жылына еліміздегі 7741 мектептің бар­лы­ғы дерлік дайын. Биылғы жылы бұл мектептерде 2,5 миллион оқу­шы дәріс алатын болады. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдық тор­қалы тойы қарсаңындағы жаңа оқу жылында 260 мың жас қазақ­стандық мектеп табалдырығын алғаш аттайтын болады. 2011 жылы республикалық бюд­жет есебінен елімізде жалпы құны 49,6 миллиард теңге бола­тын 142 білім беру нысандарын салу жоспарланған. Оның ішінде 41,9 мың оқушыға арналған 70 мектеп, 17,7 мың орындық 70 ба­лабақша, 1200 оқушыға арналған 2 кәсіби-техникалық лицей пай­да­лануға берілмек. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 9 жаңа мектеп ашылды. Өңірлерде жаңа оқу жылына дейін 678 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуге тиіс болатын. 15 тамызға дейінгі мәлі­мет бойынша, бұл білім нысан­дарының 80 пайызы жөндеуден өткен. Мектептерді мұғалімдермен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. 2011-2012 оқу жылы қар­са­ңында мектептерде 2714 мұға­лім­нің жетіспейтіндігі анықтал­ған. ауылдық жерлерден келген кадрларды квота арқылы даярлау бағдарламасы шеңберінде биыл­ғы жылы 2064 жас маман арнайы жолдамалар бойынша тұрғылық­ты жерлеріндегі ауылдық мектептерге жіберілген. Олардың 1047-сі қазірдің өзінде жұмысқа ор­на­ластырылған. Квота арқылы білім алып, жолдамамен ауылдық мектептерге барған жас маман­дар­ды қызметке орналастыруда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Сол­түстік Қазақстан облыст­арын­да кемшіліктер орын алып отыр. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде аз қамта­ма­сыз етілген отбасыларының мектепке баратын балаларына көмек көрсететін «Мектепке жол» ак­ция­сын өткізу дәстүрге айналған. Биылғы жылы осы акция шең­берінде 50 мың қазақстандық оқу­шыға 122 миллион теңге кө­ле­мінде жәрдем көрсетілді. Бұл акция биылғы жылдың 30 қыр­күйегіне дейін жалғасатын бо­ла­ды. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП тарапынан «Баланы мектепке даярлайық!» акциясын өткізу мәселесі де жалғасын табуда. Отырыста сөз алған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, мектептерде өрт қаупіне қарсы күрес шара­ларын ұйымдастыруда бірқатар алға басқандық байқалғанымен, әлі де орын алған кемшіліктер бар­шылық. Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жаңа оқу жылы қарсаңында өртке қарсы күрес шараларының дайындығы бойынша 5178 білім нысандары тексеріліп, 17 мыңға жуық кем­ші­ліктердің орын алғандығы анық­­талған. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбе­ко­ва­ның мәлімдеуінше, еліміздегі 84 селолық мектеп әлі күнге дейін апатты жағдайда қалып отыр. Мәселен, Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Оксановка ауылын­дағы мектеп тіреуіш ретінде қой­ылған бағаналардың арқасында ғана құламай тұрған көрінеді. Шы­ғыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Жарбұлақ ауылындағы мектептің жағдайы да ешқандай сын көтермейді. Еліміз бойынша 95 орта мектептің кәріздік жүйесі жұмыс істемейді. Қызылорда об­лысында 17 мектеп қысқы жылу маусымына дайын емес. 2011-2012 жылдардағы жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтаған отырысты қорытын­ды­лай келіп, Үкімет басшысы министрліктер мен ведом­ство­лар­ға бұл мәселеде ешқандай нем­құрайдылық пен асығыс­тық­қа жол бермеу қажеттігін тағы да атап көрсетті. Жаңа оқу жылы бас­талғанға дейінгі қалған күн­дер­де орын алған олқылық­тар­дың бәрін жойып, балалардың са­палы білімі мен саналы тәрбиесін қалыптастыратын білім ошақ­та­рын жоғары дайындық сапасына қою қажеттігін ескертті. Қазан айының басында тапсырылған міндеттердің қалай орындалғаны жөнінде тағы бір Үкімет оты­ры­сы өткізіліп, тиісті қоры­тын­ды­лар шығарылатындығын айтты. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.