Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Маңғыстау өңіріндегі өрелі істерді оң бағалады
Кеше Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми аймақ активімен кездесті. Біз бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығының қарсаңында кездесіп отырмыз. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Осынау тарихи құжаттың қабылдануымен қазақ халқының мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы аңсаған арманы жүзеге асты, деп бастады өзінің сөзін Сенат Төрағасы облыс активімен кездесуі кезінде. Егемен даму жолына түскен Қазақстан тәуелсіз 20 жылда ғасырға бергісіз өркендеу жолынан өтті, тамаша табыстар мен жеңістерге жетті. Өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын еңсеріп қуатты, өркендеген, әлемдегі беделді мемлекеттердің біріне айналды. «Қазақстандық даму жолы» деп аталған, табысты саяси-экономикалық оң өзгерістер, ең алдымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының, ерекше көрегендігінің, стратегиялық тұрғыдан байыпты шешімдер қабылдауының арқасында мүмкін болды.
Президент Н.Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінде Қазақстан үшін ең басты игілік және ең жоғары қоғамдық құндылық – тәуелсіздік болып табылатындығын әлденеше рет атап көрсетті, деп жалғады сөзін Қ.Мәми. Сондықтан Қазақстан Республикасы өмір сүре бастаған кезден тәуелсіздік пен егемендікті нығайту мемлекеттік қызметтегі аса маңызды саяси басымдық ретінде қарастырылды. Бұл мақсатқа қол жеткізу оңай болған жоқ, көптеген қиындықтарды еңсеруімізге тура келді, алайда, Елбасы атап көрсеткендей, біз одан шынығып, шыңдалып және Отан игілігін одан әрі үстемелеуге дайын болып шықтық.
Сенат Төрағасы келесі ретте Қазақстанның әлемдік қаржы дағдарысының зардабын алғашқылардың бірі болып еңсергеніне екпін түсірді. Бүгінде ол даму қарқынын одан әрі өрістетіп отыр, Үкіметтің бағалауы бойынша таяудағы 5 жылдағы экономикалық өсу 7%-ға жуықтайды. Бұл өсім Президенттің «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде алға қойған міндеттерімен үндесіп жатыр. Онда Елбасы былай деген еді: «Біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу мақсатымыз туралы ешуақытта ұмытпауға тиіспіз». Бұл үшін таяудағы онжылдыққа арналған Стратегиялық жоспар шеңберінде 2020 жылға дейін экономиканы 30%-ға дейін өсіру, Ұлттық қордың активтерін ішкі жалпы өнімнің 30%-ына дейін жеткізу, мұндағы шағын және орта бизнестің үлесін кемінде 40 пайызға жеткізу (2009 жылмен салыстырғанда) мақсаты қойылып отыр. Мемлекеттің стратегиялық құжаттарында белгіленген жоспарларды ескерсек, бұл мақсатқа қол жеткізуге барлық негіздер бар, деді Қ.Мәми. Сондай-ақ ол Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында, оның «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде және ұлықтау кезінде сөйлеген сөздерінде азаматтарымыздың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөнінде міндеттер қойылғанын атап көрсетті. Жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтары қазақстандықтардың тұрмысының, олардың денсаулығының, қолжетімді ыңғайлы тұрғын үйдің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тәуелсіздіктің жиырма жылында демократиялық құрылыс саласы айтарлықтай дамыды. Қазақстан саяси дамудың әлемдік үрдістерін және елдің ұлттық мүдделерін оңтайлы ескеруге негізделген саяси жаңғыру моделін ойдағыдай құра білді. Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы Қазақстанның елеулі жетістіктері болды. Қазақстан әлеуметтік, этностық және діни жанжалдарды болдырмауға, олардың алдын алудың және құқықтық негізде реттеудің тиімді жүйесін жасауға қол жеткізе алды. 140 этностан тұратын халықтың бірлігі Қазақстан мемлекеттілігінің мызғымас қондырғысына айналды. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанды ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің эталоны деп таныды.
Сенат Төрағасы сонымен қатар еліміздің сыртқы саяси қызмет саласында ірі табыстарға қол жеткізілгеніне жан-жақты тоқталды. Осы жылдар ішінде еліміздің жоғары заң шығару органының Президенттің Қазақстан мемлекеттілігін ойдағыдай құру жөніндегі стратегиялық идеяларының қолдаушысы болғанын, Парламенттің 1995 жылдан бастап 1860 заң жобасын қабылдай отырып, мемлекетіміздің нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізгенін назарға салды. Парламент өткен сессия кезінде де белсенді жұмыс істеді. 141 заң қабылданып, оның ішінде 76 халықаралық келісімдер ратификацияланды, бюджет және салық саясатын, сот жүйесін, құқық қолдану саласын, әлеуметтік қамсыздандыруды және еңбек мәселелерін, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруді, көші-қон саясатын және басқаларды реттейтін барлығы 52 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деді Қ.Мәми. 1 қыркүйекте өз жұмысын бастайтын Парламенттің алдағы жоспарлары туралы қысқаша айтып өтті.
Қазақстанның 20 жылдығы мерейтойын лайықты қарсы алу мәселесін тағы да ерекше атап өткім келеді. Осы атаулы оқиғаның айрықша маңызына орай, Парламент Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы декларациясын қабылдауды жоспарлап отыр. Замандастарға және болашақ ұрпаққа арналған осы салтанатты саяси-заңдық құжатта Қазақстанның егемендік жылдары қол жеткізген басты жетістіктері атап көрсетіледі. Парламентте алдағы уақытта қабылданатын Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы декларациясы барша Қазақстан халқының жаңа, жарқын жеңістері мен жетістіктері үшін берік негіз қалайды. Оны маңғыстаулықтар кеңінен қолдады, деп атап өтті Төраға.
Еліміздің барлық аймақтарының ортақ күш-жігері мен табыстарының нәтижесінде Қазақстан мол жетістіктерге қол жеткізгені даусыз. Олардың ішінде Маңғыстау облысының алатын орны ерекше екені де шындық. Осыны айтқан Сенат Төрағасы қазақ халқының рухани тамырлары мен осы заманғы үдемелі дамуының қызу қарқыны нақ осы жерде тоғысып жатты, деп бір қайырды. Мыңдаған тарихи ескерткіштер, ұлтымыз ұлықтаған Бекет ата мешіті, Шақпақ ата, басқа да әулиелер жатқан жерлер Каспий аймағындағы барлық елдердің мұсылмандары кие тұтқан орынға айналды. Сонымен бірге, Маңғыстау – алдыңғы қатардағы инновациялық аймақ, мұнай өндіру жөніндегі жетекші өлкелердің бірі, біздің теңіздегі басты қақпамыз, деді. Әйтсе де, мұнай-газ саласындағы еңбек құқықтарының бұзылу фактілеріне жұмыс берушілер тарапынан жол берілуі жұмысшылардың наразылығын тудырып отырғаны байқалады. Бұған облыс басшылығы мен жұмыс берушілердің еңбеккерлердің мұң-мұқтажына дер кезінде көңіл бөлмейтіндігі, нақты шешім қабылдамайтындығы себеп болып отыр деп ойлаймын. Бұл мәселелер негізінен заң аясында шешілуі тиіс. Ол кейбіреулердің саяси ойынына айналып, қолшоқпары болмауы керек. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы ең басты жетістігіміз – мемлекет ішіндегі саяси тұрақтылықтың сақталуы. Тұрақтылықты шайқалтуға жол берілмеуі керек. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы жанжал саясаттандырылмауы тиіс, деді Қ.Мәми.
Сенат басшысы алда назар аударуды қажет ететін мәселелер туралы да кеңінен әңгімелей келіп, сөзін былай қорытты:
– Маңғыстау – мемлекеттік саясатты белсенді және тұрақты іске асыратын орнықты дамыған облыс. Мұнайлы өлкенің алдағы уақытта да осы қалыптан айнымайтынына сенеміз. Сіздердің Президент алға қойған стратегиялық міндеттерді табысты жүзеге асырып, тәуелсіз, демократиялық және өркендеп келе жатқан Қазақстанды нығайтуға лайықты үлес қоса беретіндеріңізге сенім білдіремін. Сөзімнің соңында бүгінгі кездесуге қатысып отырған облыстың активі мен басшылығына ризашылығымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ біздің ортақ Отанымыздың игілігі жолында баршаңыздың еңбектеріңіздің табысты болуын тілеймін.
Сапар аясында Сенат Төрағасы Ақтау теңіз портында, Ақтау-Сити жобасындағы «Аққу» шағын ауданының құрылыс алаңында, облыстық қан құю орталығында, кедендік бақылау департаментінде болды.
Қ.Мәмимен бірге Сенат Төрағасының орынбасары А.Судьин, депутаттар М.Бортник және Есеп комитетінің мүшесі Ж.Сәрсенқұлов болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.