171 600
Облыстық статистика департаментінің деректері бойынша үстіміздегі жылдың жеті айында өңірде осыншама шаршы метр 878 тұрғын үй пайдалануға берілген
Оның ішінде халықтың өзінің қаражатына жалпы аумағы 118,9 мың шаршы метр 864 тұрғын үй салынған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 мың шаршы метр тұрғын үй артық пайдалануға беріліп отыр.
Осы кезеңде тұрғын үйлермен бірге 220 оқушылық бір мектеп, ауысымына 120 адам қабылдайтын 4 амбулаторийлік-емханалық мекеме іске қосылды. Құрылыс саласында тіркелген заңды тұлғалар 1967-ні құрап, былтырға қарағанда 6,2 пайызға өскен. 2011 жылғы қаңтар – шілде айларындағы атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 48,5 миллиард теңге болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
47 000
136 бау-бақша серіктестігі осынша саяжай учаскелерін біріктіріп отыр
Облыс саяжайшыларының азық-түлік қауіпсіздік белдеуіне қосып отырған үлесі зор. 2010-2011 жылдарға арналған бау-бақша және саяжай шаруашылықтарын дамыту бағдарламасы аясында бұл бағытта атқарылған шаруалар қыруар.
Бүгінде 47 мыңға жуық саяжайшының мақсат-мүддесін ортақ арнаға жұмылдырып отырған 136 бау-бақша серіктестіктері картоп пен көкөністен облыс тұрғындарының үштен бір қажетін өтейді. Саяжайларға апаратын 17,5 шақырым жол жөнделіп, 3,5 шақырым су желісі тартылды. Әлеуметтік аз қамтылған жандарға 742 жол жүру билеті тегін таратылып, базарларда 378 сауда орны жеңілдікпен берілді. 12 бағытта автобус маршруты ашылды.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
37 672
Биылғы жаңа оқу жылында Семей өңірі бойынша осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде
Соған орай, қазірде өңір бойынша «Мектепке жол» акциясы қызу өтіп жатыр. Әсіресе, жетім балалар мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылар қатаң есепке алынған. Акция аясында оларға нақтылы көмектер көрсетілуде.
Қала мен қалаға қарасты елді мекендердің бәрінде белгіленген кесте бойынша әр жұма күні мектеп жәрмеңкесі өткізілуде.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.