• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2011

Өлең отыменен жылытқан ақын

948 рет
көрсетілді

Ақындар туа бітеді, ал шешендер қалыптасады.                                                                    (Цицерон.)   Қасым-Ақын! Қасым-Жыр! Қасым-Ән!... Осынау шабыты шаңқан, таланты телегей теңіз дүлдүл ұлы ақынның есімін мен сәби кезімнен, 3-4 жасымнан естідім десем қателеспеймін. Сол аяулы ақын Қасым Аманжолов 43 жасында көз жұмыпты. Әкемнің ай­ту­ынша, Қаскең орта бойлы, қаршығадай қом­данып жүретін, жанары өткір, сөй­ле­се де кесіп айтады екен. 1958 жылы бес жасқа толарымда әкем Алматыдан сыйлық ретінде Қаскеңнің радиосын әкелді. Бұл ауыл баласы үшін үлкен жаңалық еді. Роза Бағланованың, Ермек Серкебаевтың дауыстарын алғаш содан естіп едім. 1961 жылдың басында туған ағам Жам­был Алматыда жазушы-драматург Шах­мет Құсайыновтың (Қазақ елінің – ха­лық әртісі Бикен Римованың жолдасы) жиен қызы Айманға үйленді. Қыз ұзату то­йы Шахаңның үйінде өткен. Бұл тойға біздің жақтан Қасымның ағасы Ахметжан (ақынның әкесі Рақымжанның туған інісі) қатысып, Сырағаң (Сырбай Мәу­ле­нов) оған бірінші тілек-лебіз білдіру үшін әрі ұлы ақынның әруағын құрметтеп сөз берген екен. Сол жылғы жазғытұры мамыр айы­ның мамыражай күнінде құда күту рәсі­міне әкем мені ертіп Шахаңның үйіне апар­ды. Жамбыл көкеміз бен Айман жең­геміз үлкендерге қонақкәде ретінде Ба­қыт­жан өлең айтсын деді. Мен сонда Тай­ыр Жароковтың «Зоя Космедемьянская туралы» жырын, Әбділда Тәжібаев­тың «Толағай» поэмасын, Қасым Аман­жо­ловтың «Мектеп – кеме, білім – теңіз» атты өлеңін жатқа айттым. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүние­ден өткенде мен әкеме еріп, Алматыға келіп едім. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры алды қарақұрым халық. Біз – Ахметжан аға, Мұ­қажан ағам қаралы көшпен бірге жылжып, театрдың ішіне кірдік. Та­быттың үстінде маңдайы жар­қы­рап жазушының мәйіті жатты. Сол сәт әлі күнге көз алдымда тұр. 1971 жылдың қазан айында Қа­сым ақынның 60 жылдығы М. Әуезов атындағы академиялық дра­­ма театрында (қазір ТЮЗ ғи­ма­раты) тойланды. Стилист-жазу­шы, сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ғажап баяндама жасады. Ахметжан ағама сөз берілді, ол сахнадан жүрек­жарды ризашылығын білдірді. Ақынның «До­сымның үйленуі» пье­сасы бойынша спек­такль қойылды. Осы жолы ақынның 60 жыл­дығына орайлас­ты­рып, Қасым ағаның атымен шаһардың шы­­ғыс жақ беткейінен бір шағын көше аталды. Ал, 1974 жылы тамылжыған та­мыз айында мен Әулиеатадан келген, өзі өлең жазатын Оралжан деген кісімен Алматының әсем тау шатқалындағы «Ремизовка» (қазір «Көктем») демалыс үй­ін­де бірге демалдым. Сол жерде Сәпен (Са­қыпжамал) апай да қызы Дариғамен бол­ды. Сәлем бердік, апайдың жүзі «сыры кетсе де сыны кетпегендей» әлі де ажар­лы екен, Қаскеңнің өлеңдерін бірінен соң бірін бораттық. Сөйтіп, апай мен Да­ри­ғаның көңілін сергіттік. Ол кісілер Қа­сым­мен қайта қауышқандай болдық десті. Тірі кезінде арқалы ақын ретінде ар­дақталған, артынан өлмейтұғын сөз қал­дырған апайтөс дүлдүлдің поэзиясы жө­нінде Тұрсынхан Әбдірахманова доктор­лық диссертация қорғады. Онда ол Қа­сымның классик ретінде мойындалғаны туралы сөз етіп, жауһар жырларын тамаша талдады. «Қасым Аманжоловтың поэ­тика­сы» атты монографиясын ақын, ға­лым 1976 жылы жарыққа шығарды. Әде­биет пен өнерсүйер қауым бұл то­лым­ды ең­бек­ті ерекше ілтипатпен қабылдады. Қаскең ағайындарын Оралда, Семейде, Алматыда болсын ұмытпай іздеп жүр­ген. Темір жол генералы Рымбек Тұрған­ба­евтар әулеті үркіншілікте Қарқара­лы­дан Матай бекетіне қоныс аударыпты. Олар түгелімен теміржолшылар атанған. Асыл азамат Қазақстан шойын жолын бір­сыпыра жыл басқарған, екі дүркін Қа­зақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған еді. Қаскең 1938 жылы жазда Тұрғанбаевтарды ағасы Әмір­хан­мен бірге Матайға іздеп келген екен. Әмірхан Ақтай Тұрғанбаевпен құрдас көрінеді (1909 жылғы). Ақаңның үйінде отырып әңгіме-дүкен құрып, кітаптардың арасынан Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүнін» тауып алған Қаскең: – Шіркін-ай, Абайдан соңғы ақынның ақыны Шәкәрім еді ғой! – деп тебіренеді, өзі сырнаймен ән салып, сол мезеттерде жазып жүрген: Бір күй бар домбырамда тартылмаған, Бір сыр бар көңілімде айтылмаған. Өзіңе келдім сақтап сүйген сәулем, Көзіңнен айналайын жарқылдаған... – атты сезім нұрына шомылған ғажайып өлеңін оқиды. Тағы бірде: – Сонау күні Әсет Найманбайұлының әндерін тыңдадым. Қандай асқақ, әуезді! Өзі Қарашордың Майлық атасынан екен, – дейді. Сол Ақтай аға 1979 жылы ауыр нау­қастан Алматыда дүние салды. 1980 жы­лы айтулы қаламгер Сәбит Досанов ақын туралы «Екінші өмір» атты романын оқырмандарға ұсынды. 1981 жылдың қаң­тар айында ақынның 70 жылдығына орай Виноградов көшесіндегі тұрған үйі­не мемориалдық тақта орнатылды. Ша­ғын жиында Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сөз сөйледі. Мен ақынға арнаған өлеңімді оқыдым. Сәпен апай дәмге үйіне шақырды. Ақын­ның «Дариға, сол қызын» Ғафекең төгіл­діріп тұрып айтты. Ақын үйі кішігірім еді. Азамат ақын Мұхтар Шахановпен жү­гіріп жүріп Сәпен апайдың пәтерін кеңейтуге септігін тигізді. Қаланың Есентай өзенінің бойынан үй алуға ұйытқы болды. Осы шаңырақтан аяулы апайы­мызды 1995 жылы соңғы сапарға шы­ға­рып салдық. 1991 жылы «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеп жүріп, Қаскеңнің еліне, Қар­қаралы, Қазбек би аудандарына бару­дың сәті түсті. Ақынның 80 жылдығын кең түрде атап өтілген еді. Бұ­рынғы «Фрунзе» кең­ша­ры Қасым Аманжолов ат­ын­да­ғы шаруашылық ата­нып, Аққора елді мекеніндегі мек­теп алдына ақын­ның ескерткіші қойылып­ты. Өзіндік мектебі қалып­тас­қан жампоздың, клас­сик­­тің 100 жылдық мерей­то­йы еліміздің бар өңірін­де атап өтілуде. Түркі­сой­дың қол­да­уымен Түркия­ның ас­танасы Анкарада Қа­сым ақынның дүбірлі тойы бол­ды. «Жұл­дыздар отбасы» бір нөмірін Қа­сымға ар­на­ды. «Қазақ­стан-1» теле­ар­­­на­­сы «Кеш жарық» ай­да­ры­­­­­мен әнде­рін әуелетуде. Өзі туып-өскен об­лыстың орта­лығы Қар­ағандыда үлкен ескерткіш бой көтермек. Жазба ақындар мү­шәйрасы мен ақындар айты­сы салтанат құрмақ. Армансыз адам болмайды. Қаскең дү­ниеден озар алдында өзінің шәкірті әрі досы Сырбайға (Мәуленов) мынандай үш мақсатымды жүзеге асырмадым деп ар­мандапты: – Біріншіден, Абайдай ой мұхитының алыбы дәрежесіне көтеріле алмадым, екін­шіден, осы заманның батырлары ту­ралы Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы өресінде өлеңмен роман жазайын деп едім, ол мақсатыма жете алмадым, үшіншіден, Парижде ға­жайып романист, сұңғыла суреткер Вик­тор Гюгоның мыңдаған халық өз бал­ко­нына шыққанын тағатсыз күндіз де, түн­де де күтіп тұрады екен, мен де сондай мерейге ие болсам деп едім, оған жетуді тәңірім менің маңдайыма жазбапты... Қаскеңді замандастары қатты қадір­ле­ген. Мәселен, біртуар ұлымыз Бау­ыржан Момышұлы оны күшен­шек­тер­ден бөліп ал­­ып, нағыз дауылпаз ақын деп ба­ғалаған. Бірақ екінші жағынан ақын арманы орындалды деуге болады. Осыдан 56 жыл бұрын басталған екінші өмірі өлең өрне­гінде, ән әлемінде жалғасып келеді. Алайда, сөз соңында айтарымыз, Қа­ра­ғанды қаласында ақын атындағы көше бар, мектеп жоқ. Алматыдағы көшесі шоп-шолақ, қып-қысқа. Ақын атындағы көше деген екпінді көтермейді. Сөз түйінін өлеңмен түйгенді мақұл көрдім. Жау тисе жатпайтұғын, аттан дері, Көтерген нардың жүгін батпан келі. Қасекең – ақындықтың, батырлықтың, Жампозы, желден жүйрік ақтаңгері.   Жасынан жетімдіктің зарын шеккен, Жауласқан жәдігөйдің арын төккен. Өртке тиген дауылдай өлеңімен, Туған ол қазақ деген дарын-тектен. Бақытжан ТОБАЯҚОВ, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Ә. Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.