• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Курчатов: Кеше, бүгін және ертең

845 рет
көрсетілді

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, академик, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.К.ҚадырЖАНОВПЕН әңгіме – Қайрат Камал­ұлы, ең алдымен Кур­чатов қаласы­ның өткен тарихына шолу жасай кетсек... Ал ол – Семей атом полигонының тари­хы деген де сөз. Бү­гінде оны бәріміз білеміз дегенмен, бейбіт заманда сайын Сарыарқа төсіндегі қа­лың елді қырық жыл қырғынға ұшы­ра­т­қан зұлматтың түпкі себебі мен салдары туралы таратыңқырап айтсаңыз... – Қалай десек те, ядролық сынақтардың ең алдымен қазақ жеріне, Қазақстан халқына ор­ны толмас қасірет әкелгені шындық. Ал одан кейінгі жерде Семей атом полигонында жа­сал­ған ядролық сынақтардың қоршаған ор­та­ны бүлдіріп, әлемге қатер төндіргені де рас. Осы орайда тарихқа көз жіберетін болсақ, кешегі Кеңес Одағында ядролық қаруды жасап, оны Семей полигонында сынақтардан өт­кізу АҚШ мемлекетінің әлемдік басымдыққа ұмтылысын шектеу қажеттілігінен туын­да­ға­нын айтпасқа болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң аталған мемлекеттің Жапо­ния­ның бейбіт тұрғындарына қарсы ядролық қаруды пайдаланғаны белгілі. Ал АҚШ-тың одан арғы жерде Кеңес Одағының бастапқыда ондаған, соңынан жүздеген қалаларына атом бомбасын тастау жөніндегі жоспары болғаны жасырын емес. Кеңес Одағының да қуатты қаруға ие болуы бұған тосқауыл жасады. Өкінішке қарай, осы мақсат жолында таң­дау қазақ жеріне түсті. Бір түпкірде жасалып жатқан сынақтарды ешкім білмеуі тиіс еді. Ал бір жыл, яки бірер жыл емес, бақандай қырық жылға созылған сынақтардың еліміз бен жерімізге қаншалықты қасірет әкелгені туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Жергілікті тұрғындардың туған жерден ауа көшкені бір қасірет болса, бейбіт замандағы қырық жылға созылған қырғынның талай өмірді тәлкек етіп қана қоймай, жалмап кеткені өз алдына бөлек әңгіме. Жанталаса қаруланудың ақыры неге әкеліп соққаны бүгінде еш жасырын сыр емес. Осы орайда бірер ғана мысал келтірсек, кезінде төрткүл дүниені әбігерге түсірген Чернобыль апаты кезінде сыртқа тарап кеткен ядролық зарядтың мөлшері 100 хиросималық бомбаға тең болса, ал Семей жерінде жасалған жары­лыстардың жалпы күш-қуаты хиросималық екі жарым мың бомбаға тең екен. Яғни, қырық жыл ішінде 18 мың шаршы аумақта 470 ядро­лық және термоядролық жарылыстар жасал­ды. Соның салдарынан бұл өңірде түрлі ауруға шалдықпаған адам жоқ десе де болады. Сынақ жа­са­латын күні желдің ба­ғы­ты есепке алынып, улы газдың әскерилер қалашығына қарай тарап кетпеуі ес­керілген. Керісінше, осы аймақтағы мил­лион­даған адамның тағдыры есепке алын­ба­ған. Мұны енді қылмыс емес деп кім айтады? Абырой болғанда егемендіктің елең-алаң шағының өзінде Елбасы ерлігімен ажал аждаһасының аузына құм құйылды. Ол кезде кешегі алып империя әлі тарап үлгермеген-ді. Мұны бір десеңіз, екіншіден, келер жылы – аяғымыздан нық тұрмай жатып, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге нақтылы көмек көрсету мақсатымен арнайы заң қабылданды. Солайша егемен ел атанған алғашқы жылдардың өзінде аса маңызды шаралар жүзеге асырылып жатты. – Сонымен, мәңгілік мызғымастай көрінген алып империяның жұлдызы сөніп, оған керісінше, аспан көгінде егемен еліміздің күні жарқырап шыға келгенде мұндағы жағдай қандай еді? Қас-қағым сәттей өте шыққан 20 жыл атомшылар қаласына қандай өзгеріс-жаңалықтар ала келгенін айтып берсеңіз... – 1989 жылы Семей атом полигонында ядролық сынақтарды өткізуге мораторий жарияланғаннан кейін мұндағылар қан­ша­лық­ты қасарысып баққанмен, енді ойлана бас­тады. Сондықтан ендігі жерде атомды бейбіт мақсатқа пайдалану қажеттілігі туындады. Әлемдегі ядролық сынақтарға бақылау орнату мақсатымен тың жұмыстар қолға алынды. Әскерилер Чернобыль апатын залалсыз­дан­дыру ісіне атсалысса, ғалымдар лабораториялар арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Кешегі полигонда атомды енді бейбіт мақсатқа пайдалану жоспарланды. Бірақ Одақтың күйреп, шаңырағының ортасына түсуі оған мүмкіншілік қалдыр­ма­ды. Содан кейін-ақ мұндағы әскерилер тездетіп ауа көше бастады. Сол тұста олар тағылық әрекеттерге дейін барғанын бүгінде несіне жасырамыз. Иә, олар тіпті тұрған үйлерін де бүлдіріп кетіп жатты. Міне, осы тұста кешегі атомшылар қалашығы Елбасымыздың көре­ген­дік саясаты арқасында аман сақталып қалды. Нақтылап айтсақ, 1992 жылы Елбасы Жарлығымен мұнда Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бұл енді елімізде атом энерге­тика­сын дамыту мақсатымен ғылыми-техникалық, технологиялық және кадр базасын жасау, бұрынғы Семей сынақ полигоны әскери-өнер­кәсіп кешенін бұғаулап, оның ғылыми-техникалық күшін егемен елдің мүддесіне пайдалану, әлемде әлі де жұмыс істеп тұрған полигондардағы ядролық сынақтарды бақы­лап, қадағалау мақсатымен Елбасы тарапынан қабылданған тың шешім еді. Ал 1998 жылы Елбасы тапсырмасымен республика Үкіметі Курчатовта реактор-токамак құрылысын салу жөнінде қаулы қабыл­да­ды. Бұл халықаралық термоядролық реактор құру жобасынан біздің еліміздің де сырт қал­мау мақсатынан туындаған игі шешім бола­тын. Ал одан кейінгі жерде мұнда Елбасы Жар­лығымен Ядролық технологиялар паркі ашылғаны белгілі. Яғни, біздің орталық ғы­лыммен айналысса, технопарк соны іс жүзіне асырып, өндіріске енгізуде. Бір сөзбен айт­қанда, кешегі атом полигонының күш-қуатын бүгінде бейбіт мақсатқа пайдалану біртіндеп жүзеге асып келеді. – Енді Курчатовтың кемел болашағы ту­ралы сөз қозғасақ. Сіз басшы ғалым ретінде атомшылар қаласының болашағын көз алдыңызға қалай елестеткен болар едіңіз? – Бір кезде Курчатов қаласы тұрғындары­ның саны 50 мыңның үстінде болатын. Содан ана бір жылдардағы қиыншылық кезінде мұндағы тұрғындар саны 8 мыңға дейін азай­ып кеткені де рас. Қазірде қалалықтар бір­тіндеп көбейіп келеді. Атомшылар қалашы­ғы­на оралман қандастарымыздың көптеп келіп орныға бастағаны да өз алдына бір қуаныш. Қаламызда қазақ мектебі, мешіт жұмыс істейді. Соның бәрі – уақыт талабы, заман өзгерісі. Болмаса, күні кеше осылар мүмкін еместей көрінетін. Әлемде Дубна, Обнинск, Оксфорд секілді шағын болғанмен әлемдік ғылыми орталыққа айналған қалалар бар. Түбі Курчатов сондай қалаға айналып жатса, несі бар? Тәубе дейік, оған қазірде елімізде мүмкіндік мол. Сол мүмкіншіліктерді пайдалана білейік деймін. – Мереке алдында сізге елдің көңілінде жүрген көлденең сұрақтарды қоюға ыңғай­сыз­данып та отырмыз. Бірақ айтпаса сөздің атасы өледі дейді ғой халқымыз. Сон­дықтан сөз соңында қазірде ара-тұра көте­ріліп қалып жатқан сынақ аймағындағы жерді пайдалану туралы сан алуан пікірге сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік. – Өз басым бұл сұрақты қисынсыз деп есеп­темеймін. Қандай шаруаны болсын қа­шан­да байсалдылықпен қозғағанға не жетсін! Ең алды­мен елді босқа дүрліктірудің жөні жоқ. Не айтсақ та біліп айтқан жөн. 2008-2009 жыл­дары Ұлттық ядролық орталықтың ма­ман­дары полигон аймағында кешенді түрде радиоэкология­лық зерттеулер жүргізді. Оған біздегі ядролық физика, геофизикалық зерттеулер, радиациялық қауіпсіздік пен экология институттарының қызметкерлері қатысып, табиғи ортадағы радионуклидтердің сақталу жайын мұқият зерттеді. Міне, біз сол зерттеулерге сүйене отырып, бос алаңдауға негіз жоқ деп есептейміз. Иә, орынсыз қорқыныштың зияннан басқа пайдасы жоқ. Сондықтан қазіргі жалпы жағдайдан хабардар болғанға не жетсін! Мәселен, өз басым «Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа» ұранын ұстанамын. Басқаны да соған шақырамын! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Курчатов.