• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Тас мүсінді әспеттегенше олақ мүсіншілердің қолынан шыққан молақ мүсіндерді қалпына келтіруді ойласқан дұрыс болар еді

333 рет
көрсетілді

24 тамыз күні Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі жанындағы алаң­қайға ескерткіш орнатылды. Кім­нің дейсіз ғой? Лениннің! Иә, иә, шортандай шоршып түспеңіз. «Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген осы. Елбасымыз бастаған Қазақстан халқы мәртебемізді көте­ріп, мерейімізді асыратын Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығын еңселі істермен қарсы алу шараларына жұмыла кіріскенде, жергілікті биліктің бұл қылы­ғын түсіне алмай далмыз. Бізге мәлім болғанындай, Қазақ­стан Халықтық коммунистік партия­сы­ның облыстық филиалы бұрынғы ет комбинатында еш ескерусіз тұрған тас мүсінді көпшілік серуендейтін жерге қоюды Петропавл қалалық әк­ім­дігінен өтініп, үшбу хат жолдаған. Көзқарасы мен ұстанымы әртүрлі сая­си ұйымды қалалық ардагерлер ке­ңесі мен мәслихаттың қоштай жөне­луі түсініксіз. Мәселенің қала әкімі Нұржан Әшімбетов төрағалық еткен қала құрылысы кеңесінде қаралып, қолдау табуы да еш ақылға сый­май­ды. Әкімдіктің баспасөз қызметінің оқиғаға айрықша маңыз бергені сон­шалық, жергілікті басылымдар арқы­лы жар салып, жерден жеті қоян тапқандай мәз болды. Ерекше белсенділік танытқан ардагерлер ұйымы да, басқа қолдаушылар да тас мүсінді маңызы бар архитектуралық, мәдени ескерткішке жатқызу қисынсыз­ды­ғын біле тұра «күн көсемін» қор­ғаштап әлек. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» демекші, реті келіп қалғаннан кейін кө­ңілімізде жүрген мына жәйтті ортаға салғанды жөн көрдік. Былтыр облыс орталығының әр жерінде жан-жа­ну­ар­­лар мен адамдар бейнеленген гүл­зар­лар мен саябақтар пайда болды. Со­лардың бірі Пушкин және Сүтішев көшелерінің қиылысына орналасқан. Қара жерді төсеніш етіп отырған қа­зақтың қара шалының мыжырайған малақай секілді жүдеу түріне, құр сүлдеріне көз жіберіп, бастапқыда ашаршылық құрбандарына қойылған белгіге балағанбыз. Тек қолындағы аспабына қарап (қобыз екенін әрең ажыраттық) қобызшы екен ғой деп топшыладық. Иә, Асанқайғы, иә Қор­қыт баба дейін десең, ұсқынынан адам шошиды. Бір жерде көрген си­яқ­тымыз. Есімізге түсті. Үйге келгесін немереміздің боқшантайын ақта­ра бастадық. «Алдардың шайтанды ал­дауы» суретті кітапшасы көзімізге оттай басылды. Анық сол. Көші­рін­дісі секілді, аумайды-ау! Жердің жыр­­тығы болса кіріп кетуге барсың. Ал «Фрегат» сауда үйі жанында «жа­йылып жүрген» құлынды биеден әудем жерде малдас құрған қазақтың тағы бір мыжырайған шалы отыр. Қолында – кәрлен кесе. Алға қарай ұмсына түскен. Мүсіншінің дәру су­сынды баппен ішкен жанның бейнесін бермек ойы сәтсіз шыққан. Оның қасынан әрлі-берлі өткен-кеткен кей­біреулердің қол жайған қайыршыға ұқсатып, кесеге тиын тастап кететінін сол маңайда тұратын талай адам­ның аузынан естідік. Өзімнің де куә болғаным бар. Олақ мүсіншілердің ұлттық намысқа тиетін осындай мо­лақ дүниелерін түзету, қалпына келтіру жөнінде қанша айтылып келе жатса да, еш ескерілер емес. Осының ал­дында ғана орталық демалыс саяба­ғын­да еліміздің танымал тұлғала­ры­на арналған ескерткіштердің сиық­сыз­дығынан біразы алып тасталған болатын. Енді, міне, облыс әкімі Серік Бі­ләловтің «20 игі іс» шарасын қолдап, Тәуелсіздігімізге қатысты жан жа­ды­ратар ауқымды жұмыстарды өріс­те­тудің орнына архитектуралық, мәде­ни ескерткіштер мен тас мүсінді ша­тас­тырған «шала шекспирлер» мен «то­лыспаған толстойлардың» бұл әре­кеті ел шежіресіндегі ерекше белеске деген «сыйы» болар, сірә?! Сон­шалықты әспеттейтіндей, қала­ның қақ төріне қоятындай Ленин қазір кім еді?! Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.